Тәні саудың – жаны сау

Адамзат баласының денсаулығы  мем­лекеттің, қала берді біртұтас ұлттың байлығы. Мен дәрігер ретінде қашанда халқымның денсаулығы үшін алаңдаймын. Байқап жүргенімдей, соңғы жылдары  жастардың денсаулығы төмендеп кеткен жағдайлар жиі кездеседі. Тіпті «жаман ауру» деп атын атауға қорқатын ауыр диагноздер де жастар арасында белең алып жатыр. Осының барлығы жастардың өз денсаулықтарына жүрдім-бардым қарап, селқостық танытуының салдарынан туындайды деп ойлаймын. 

Әсіресе, жас жігіттер денсаулықтарына жіті назар аудармайды. Олар денсаулықты емес, жұмысты бірінші орынға қояды. Ал, денсаулығынаанасы немесе әйелі жауапты сияқты жүреді. Кейде дәрігердің қабылдауына келетін жастардың «маған емес, әйеліме айтыңызшы» дейтіні бар. Ал, шынтуайтына келгенде әрбір адам өз денсаулығына өзі ғана жауапты ғой. Себебі, оның ағзасында болып жатқан өзгерістерді өзге біреу дәл өзі сезінгендей баяндап бере алмайды, мұның барлығы  тек өзіне ғана мәлім. Осы орайда, жалындаған жастарғаайтпағым, елді, халықты айтпағанда, бала-шағаңды, отбасыңды ойласаң, оларға пайдаңды тигізгің келсе, бірінші кезекте деніңнің сау болғанын бақыла, назарда ұста.

Мен кезінде Қарағанды мемлекеттік медицина иститутында  санитарлық дәрігер мамандығы бойынша білім алғанмын. Бар саналы ғұмырым медицина саласымен байланысты болды. Қазіргі таңда зейнет жасында болсам да, өзім еңбек еткен сала, жалпы адам денсаулығына алаң көңілмен қараймын. Себебі, медицина саласы менің жүрек қалауыммен таңдалған мамандық болатын. Қазақ «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекер айтпаған.  Қазіргі таңда байқап отырсам, адамның өмір сүру жасы төмендеп кеткен. Жалпы өмірдің қысқаруына не ықпал етеді?

Мәселен, ұйқы қанбаудың әсерінен адамның 5 жыл, артық салмақтан 8 жыл, бір орында көп отырғаннан 6 жыл, жоғары қан қысымынан 10 жыл, алкогольге тәуелділіктен 23 жыл, темекі шегуден 10 жыл, есірткі қолданудан 34 жылға дейін өмірі қысқарады екен. Адам өмірінің ұзақтығына күнделікті өмір салты, дұрыс тамақтанбау, шылым шегу, ішімдікті шектен тыс пайдалану, қоршаған ортаның ластануы, семіз­дік пен психологиялық күйзелістер сияқты көптеген факторлар әсер ететіні белгілі. Зиянды әдеттердің түрі көп. Күн мен түн сияқты, біздің ағзамызда симпатика және парасимпатика деген маңызды екі жүйе жұмыс істейді. Мысалы, жүрегіміз күндіз 70-80 рет соқса, кешке қарай 55-60 болады, яғни, ағза демалу керек.

Ал, біз осы ырғақты дұрыс сақтамаймыз, соның әсерінен жүйкенің де, гуморальдық жүйенің (қан) де, иммунитетіміздің де қызметі бұзылады. Тағы бір айта кететін жайт, қазір жастар­дың бәрі ұялы телефоннан бір елі ажы­рамайтын болды. Бұл, әсіресе, жүкті келіншектерге өте зиян. Біздің денеміздің көп бөлігі судан тұрады, ал, ұялы телефоннан тарайтын толқындар іштегі баланың мүшелері қалыптасып келе жатқан кезде теріс әсер етеді.

Сонымен қатар, қазақ халқы ежелден мүшел жасқа ерекше мән берген. Он мүшел жас бар. Әр мүшел жас 12 жылдан тұрады. Сонда біз 120 жыл өмір сүруіміз керек екен. Бірінші мүшел жас 13 жастан басталады. Әдетте, әттеген-ай «қамшының сабындай қысқа ғұмыр» деп жатамыз. Сонда оған кім кінәлі?! Әрине, бір жағынан денсаулығымызға дұрыс көңіл бөлмейтін өзіміз. Мүшел жас қатерлі кезең деп саналады.  Осы кезеңде, әсіресе, денсаулыққа жіті мән беру керек. Атақты Пабло Пикассо «Жас ұлғайған сайын, желдің соғысы да күшейе түседі» десе керек. Бұл уақыт аралығында адам өз-өзін жаман әрекеттерден тыйып, әр ісіне абай болып жүруі керек.

Ортаға салған мәселелердің барлығының ауқымы кең болғанымен, негізгі түйіні адам денсаулығымен байланысты. Көптен бері көкейімде жүрген мәселелерді қағазға түсіріп, өзім асыға күтіп оқитын «Арқа ажары» газеті арқылы жас оқырмандармен бөлісуге асықтым. «Денсаулық – басты байлық», – демекші, дені сау адам қоғамның белсенді бір мүшесі екендігін ұмытпайық. Ауырғанша, ауырмайтын жол іздеу керек!

Қайыржан МӘКІШЕВ,
санитарлық дәрігер, еңбек ардагері.

 Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар