Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ананың ақ жүрегі - АРҚА АЖАРЫ

Ананың ақ жүрегі

Мына өмірді мағыналы да көрікті ететін кімдер десек, жүрегі ізгілікке, жайдары жылылыққа толы Адамдардың өздері. Бұл жарық дүниеде жақсы азаматтар көп болған сайын өмір де мейірім мен өнегеге көбірек бой ұсынатыны анық. Сондай жақсы-жайсаңдардың бірі кезінде жер шоқтығы – Көкше өңірінде Кәкімбек Жұрымбаев ағамыз еді.

Облыс орталығының іргесіндегі Жылымды ауылынан түлеп ұшып, сол кезде екінің бірінің қолы жете бермейтін С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Сан мамандықтың ішінен таңдап алған филология факультеті ұстаз болсам деген арман-мақсатының орайы келген бір қуанышты тұсы еді.

Бұл кезде осы Көкшетау ауданының Қарлыкөл ауылында да Күләш атты албырт та арманшыл қыз өмір соқпағына балаң қанатын қағып келе жатқан. Туған ауылының өзі табиғаты тамылжыған, көрсе көз тояр жып-жинақы, топырағы да, қойнауы да ыстық қазақтың көп елеулі елді мекендерінің бірі болатын. Осы ауылдың үнемі жақсылықты жалау еткен абзал жандары да өмірге бір қызғалдақтай бой ұсынған Күләшқа ізгі ойлардан шуақ, жастай көрген-түйгенінен қуат берген шығар. Ал, көрген-түйгені шынында да, жас жанына терең бойлап, өмірдің сантарап жолына ынтықтыра да ынталандыра қарататын.

Сондайда сонау күркіреген күндей айналасын дірілдетіп өткен сұрапыл соғыстың бар ауыртпалығын тылдың жүз батпан тірлігінен көріп,  түйсінген атасы Мұхамеджан қария еменнің қайыспас қарсы бұтағындай көз алдында тұра қалатын. Өмірінің бар бастау мәнін де ақыл-парасатымен түзу арнаға салып берген сол атасы еді. Одан кейін көргені өзінің туған ата-анасы – Тілеулі мен Уәзипаның өмір бойы бар саналы ғұмырларында ұстаздық мамандықты қастер тұтып, өмірдің осы ұлағатты да ұлық жолымен өткендіктері. Екеуі де жастай бірге таңдаған осы мұғалім мамандығын жер бетіндегі бар кәсіптен артық көріп, шәкірттерінің әрбір жетістіктеріне жүздері балбұл жанатын. Бертінге дейін Қарлыкөл ауылындағы мектепте қолына әліппе ұстап, партаға отырған әрбір ұл-қыз осы кісілердің де алдынан өтпей, осы қос ұстаздың да дәрісін тыңдамай, тәлім-тәрбиесін көрмей мектеп бітірмейтін.

Міне, ата-анасының бала жанымен бірге мерейленіп, өз өмірлерін бала тағдырымен бірге сабақтастырып келе жатқан өнегелі өмір жолын бала болса да күнде көріп-біліп, күнде өз тұла бойына бойлатқан Күләш та неге екенін, бұл ұлы  мамандықтан сырт қала алмады. Неге екен дегеніміз, біздің жай шартты сұрағымыз ғой. Әйтпесе, толғауы тоқсан бұл тіршілікте ата-анасының ізімен осылай істеген бауыр еті балалары көп қой. Бұл сірә, жер бетіндегі мамандық біткеннің бір құдіреттісі – ұстаздықтың өз шаңырағындағы жарқын көрінісі сол үйдегі ұл-қыздың да бірін болмаса бірін, кейде тіпті, бәрін осы қадірлі кәсіптің айналасына жинамай қоймайтындығының айқын бір дәлелі болса керек.

Осылай Көкшетау қаласындағы атақты №3 қазақ орта мектебін тәмамдай келе, жасөспірім Күләш та ұстаздық үлкен айдынға қанат қақты. Сол кезде болашақ жары Кәкімбек Жұрымбаев оқып жүрген КазГУ-дің сырттай бөліміне оқуға түсіп, ұлағатты білім ордасында тиянақты түрде осы мұғалімдіктің қыр-сырын меңгеруге, қолына диплом алып, ата-анасының өнегелі жолын жалғастыруға ұмтылды. Бұл жол басы Кәкімбек ағамызбен танысып білісу, кейін осы бір өмір жібінің арада бір-біріне деген ынтық сезімге, сүйіспеншілікке жалғасуына әкеліп тіреді. Сөйтіп, өзара көңіл жарастырған қос жас ендігі арада бір отбасы болуды ұйғарып, тілек-ниеттерін қосты. Осылайша, өзі бар тағдырын тапсырған Кәкімбегі Алматыға оқуына бірге алып кетіп, екеуі де сол жақтан жұбайының ауылы Жылымдыға дипломды маман болып оралды. Алғашқы бетте ұстаздық өмір жолдарының бастапқы қызық-қуанышы, ыстық-суығы, есте қалар есті кезеңдері, бәрі-бәрі осы өздеріне өмірлік ыстық мекеннің қотанында өтті. Екеуі де мектепте сабақтарын беріп, білім ордасымен де, ауылдың үлкен-кішісімен де тонның ішкі бауындай араласып, өнеге мен өмір тәлімдерін жинастыра берді.

Кейін Кәкімбек ағаның сол кездегі ел астанасы үлкен қалада, оның үлкен оқу орнында оқыған білім-білігі жан-жақты ашылып, іскерлік қабілеті толысып, осы Жылымды, одан Октябрь, Пахарь мектептерінде директор болды. Абзал жанның бұл ұстаздық жолы да, жан жары Күләшпен тағдыр тоғыстырған тұп-тура қырық жылдық мағыналы ғұмыры да көзі тірісінде өзін бағалай білген, сыйлап құрметтеген елінің де есінде тек жақсы жағынан қалғанын осы күні көп жайлар анық аңғартып тұрады. Оның бірі кешегі туып-өскен, жүрген-тұрған, жас жеткіншектерге сапалы білім мен тәлімді тәрбие берген ортасының орайы келгенде қимай, аяулы есімін де, ұстаздық, кісілік зор болмысын да тебірене еске алып жататыны. Өкінішкеорай, ғұмыры қысқа болған сонау 1997 жылдың қаралы күнінде де қалың жұрты осы бір жас ұрпақ жүрегінде үлкен із қалдырған абзал жанды соңғы сапарына да қапалана, қимай шығарып салып еді-ау.

Сол бір ауыр кезең жан жары Күләш апамызға оңай соқпады. Ұстаздық ұлағатты жолы да, тағдыры да бірге өрбіген жан жарынан былай көз жазып қалу жанын да жүдеткен, қабырғасын да қайыстырған ауыр сәттер қаншама. Өмірден баз кешу де, қамығып торығу да жан серігі болып алған сондай сәттерде көбіне-көп балалары көңілін аулап, басына түскен бар ауыртпалықты сәл де болса жеңілдете білгендері көз алдында, көңіл зердесінде. Өзі мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бергендіктен, тіршілік есігін қаққан әр перзентін қасиетті ана тілінің нәрімен сусындата білгені, Кәкімбек ағамыз екеуі де әу бастан бала тәрбиесінде ата-бабаларымыз ұстанған ұлттық салт-дәстүр қағидаларына ден қойғаны алдынан сонда бір шықты дерсіз. Бәрі жан қайғысын түсініп, «анашымдап» көңілінің кілтін тапқысы келіп тұрады, аялайды, ардақтайды.

Ана бақыты дегеніміз де осы шығар. Оған аналарының өз балапандарына деген ақ жүрегі, ақ тілегі қосылса, өмір-өзен өз арнасымен жайлап ақпай ма? Бүгінде Кәкімбек ағамыздан көз жазған жан жарасын арадағы 26 жыл ептеп емдеп, ендігі арада ол кісінің өткен өнегелі өміріне, бауыр еті балаларының азамат болған бақытына шүкір деп отырған Күләш апа үшін қазіргі 85 жылдық ғұмырының бар мағынасы да, мәні де осы ұрпағы. Олардың үлкендерінің өздері бұл күнде ата-әже болғандықтары, кішілерінің де желкілдеп өсіп, ертеңгі күнге балаң қанаттарын қатайта бастағандары. Осы бауырларынан өрбіген үш ұлы мен үш қызының ішінде әке мен ана жолын қуып, тап өздеріндей ұстаздық жолдан сүрінбей өткен, сөйтіп, абырой-құрметпен қазір зейнет демалысына да жеткен Алтынай қыздары да бар. Қалған бес бала да кезінде ата-аналарының күш-жігерімен бір-бір жоғары білім алып, өмірде өз орындарын тапқалы қашан. Солардың ішінде Зәуреш пен Гүлнәр кәсіпкер. Бір басындағы биязы мінезі, жан-жақты адамгершілік, іскерлік қасиеттерімен бір өзі бір төбе болып көрінетін Дулаты болса, көптен мемлекеттік қызметте. Кезінде Егіндікөл ауданының әкімі болған, қазір де аттан түспей, Ақмола облыстық мәслихатында басшылық қызмет атқаратын сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың нақ өзі. Серігі мен Сәкені де өмірде өз лайықты таңдаулары, ұнатқан кәсіптері бар әулеттің бір-бір бас көтерері. Байыптай түссек, қыздары жағына ұстаздық пен кәсіпкерлік бұйырыпты да, ұлдар еншісіне мемлекеттік қызмет тиіпті.

Соның бәріне ана жүрегі бір тыным таппай, «бәрі жақсы болса екен, жейтін нандарын адалынан тауып, Алла оң жолынан оңғартса екен» деп, ақ тілеумен ғана отырады. Осы кіршіксіз ниеті мен кең пейілі күйеу балалары Қошан мен Әлібекке, келіндері Ләззат, Теңдік, Нұргүлге де ортақ. Соның ішінде әсіресе,мемлекеттік қызметте жақсы өсіп, облыстық мәслихаттың хатшысы деңгейіне дейін көтерілген, үнемі ел қамын ойлап, халықтың да ықылас-құрметіне бөленген күйеу баласы Әлібектің оқыстан келген сырқаты да осы күні жанын көп алаңдатады. Отағасы түгел көре алмаса да, өзі көрген 11 немере, 12 шөбереге көңілі көтеріле түссе де, өмірдің мына бір өкініші де сол жанын жегідей жейді. Әттең, кешегі екі аяқты бір етікке тығып, жер-дүниенің зәресін алған пандемия кезінде өзі ерекше жақсы көріп, жанына балайтын тұңғыш немересі, Дулат баласының үлкен қызы Данадан айырылып қалды. Екінші өкініші, үлкен күйеу баласы Қошқарбай да осы күні бұл өмірде жоқ. Әжелік бақытына балайтыны, барлық немерелері ер жетіп, жоғары білім алды, Тайырынан басқасы қалаған мамандықтары бойынша жұмыстарын да істеп жатыр.

Жуырда 85 жасының алдында бұрынғы Пахарь, қазіргі Қарлыкөл ауылында болып, туған жеріндегі үлкендермен, мектеп оқушыларымен жүздесіп оралды. Сондағы бір жанын толқытқаны, жоғарыда айтқанымыздай, ел Кәкімбек Жұрымбаевтай асыл азаматын да ұмытпапты. Осы жақта мектеп директоры болған жылдарын, халықпен қоян-қолтық араласып, талай жүректерге ізгілік дәнін сепкенін ризашылықпен айтқан кездерінде, оған құрметпен өзінің де есімін қосып қойған тұстарында Күләш апаның да жүрегі неге толқымасын, толқи түскен. «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» деген осы екен. Сол бір жылы әсерді тебірене балаларымен де бөліскенде, ата-ана үшін мақтаныш сезімі оларды да бір биікке көтеріп тастағаны айдан анық еді.

Ендеше, ұрпақтарына осындай тәлім  мен өнеге сыйлаған Күләш апамыз әлі де жасай берсін. Ерінің бір өмірін бірге өткізіп, екінші мәңгілік өмірін де өз суымас сүйіспеншілігі, сарқылмас сыйластығы арқылы әрі жалғастырып келе жатқан асыл ананың ақ жүрегі мына жарық дүниеге құштарлығынан, ұстаздық ұлағат жолынан танбай, ізгілік иірімдері болып шапағатын себездей берсе екен!

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар