Дін және Дәстүр

Қазақ – ежелден мұсылман халық. Ислам дінімен қауышқанына он екі ғасырдан асты. Сол уақыттардан бастап ұлттық сана-сезімі, салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары ислам дінінің құндылықтарымен бірге дамыды. Ислам діні қазақ хандарының идеологиялық бағыты болды, мемлекеттің дініне айналды.

Ұлт болуымыздың өзі бір Алла Тағаладан болғандықтан,оған жету жолы да ата-бабамыз ұстанған салт-дәстүрмен біте қайнасып кеткен Исламда. Халқымыздың ұстанған салт-дәстүрінің кез-келген түрінің түбінде ислами тамыр жатқанын аңғаруға болады. Яғни, Ислам діні мен дәстүріміздің арасындағы қарым-қатынас өте тығыз байланысты.

Ислам діні әрбір елдің шариғатқа қайшы келмейтін өзіндік салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына рұқсат береді. Дінімізде бір мәселенің үкімін анықтауда жергілікті әдет-ғұрыптарға да сүйенеді. Қазақ тілінде әр ұлттың, халықтың дініне,  тұрмыс-тіршілігіне,  ұлттық мінез-құлқының ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталған ғұрыптар жиынтығы «салт-дәстүр» деп аталады. Яғни, белгілі бір әлеуметтік ортаның, тұрмыс-тіршілігінің  бұлжымас қағидаларына айналған жол-жоралғыны білдіреді.

Бабалардан қазіргі ұрпаққа мұра болып жеткен озық дәстүрлер жетерлік. Осымен қатар қазақ халқының дәстүрлері өз негізін ислам дінінен алып, дін негіздеріне қарсы келмегендіктен заман ауысса да, халық тәжірибесінен түспеген. Бәлкім содан болар, кеңес үкіметінің атеистік саясатының қылышынан қан тамған кездің өзінде, көптеген ислами негіздер жоғалмаған, ел арасында өмір сүруін тоқтатпаған.

Мысалы, бәйге, көкпар, қазақша күрес сияқты ұлттық спорттық ойындарымыз немесе алтыбақан, асық ойнау, тағы басқа дәстүрлі ойындарымыз айтуға болады. Сонымен қатар, келіннің ата-енесіне және үлкендерге құрмет ретінде сәлем салуы немесе жеті шелпек тарату сияқты атадан келе жатқан кейбір дәстүрлерімізді жат ағым идеологиясында адасып жүрген кейбір жастарымыз Аллаға серік қосуға жатқызып айыптауда. Сондай дәстүрдің бірі құрмет ниетімен келіннің үлкендерге сәлем салуы.

Құрмет ниетімен келіннің үлкендерге сәлем салуы біздің шариғатымызда Аллаға серік қосуға жатпайды. Иіліп сәлем беріп, құрмет ниетімен сәлемдесуге ешбір ислам ғұламалары «жаратқанға серік қосу» деп үкім шығармаған. Бұл – қазақ халқының әдет-ғұрпы. Келіннің үлкендерге сәлем салып, құрмет көрсетуі ол адамның жеке басының имандылығы мен адамгершілік қасиеттерін білдіреді.

Сонымен қатар, бабадан мұра болған  дәстүрлердің бірі – жеті нан таратып, иіс шығару дәстүрі. Әлбетте, аталарымыз бұл салттың атқарылуы үшін бейсенбі немесе жұма күндерін таңдаған және аталған күндердің таңдалуы да бекер емес. Себебі, осы күндер шариғатымызда құпталған. Бұл Алла разылығы үшін жасалатын садақа. Айтқанымыздай, осы амалдың ниеті садақа жасау, ал, сауабын марқұмдарға бағыштау болып табылады. Ешкім де өлілерге табынуды, ғибадат жасауды ниет етпейді. Жеті нан (шелпек) таратар алдында Қасиетті Құраннан аяттардың оқылатынын да ұмытпау керек. Бұл әрекеттердің Ислам дінінің негіздеріне қайшы еместігін, тіпті, аталған күндері марқұмдар үшін дұға қылудың шариғатымызда негізі барын да білеміз. Енді бұл амалдарды жасауға себеп болатындай шариғатымызда қандай нұсқаулар барын саралап көрсек. Пайғамбарымыздың хадисінде мұсылман адам дүние салып, амалдары тоқтаған күннің өзінде соңынан келіп тұратын сауаптар жайлы баяндалған. Солардың бірі ұрпағының дұғада болуы екен. Ойлап қарасақ, ата-бабамыз өздері болмаса да көздерін қалдырған екен ғой. Жеті шелпек пісіруді бізге көрсетіп, Құран оқытуды үйретіп, өткен ата бабасы үшін кешірім тілеуді аманат еткен болып тұр.

Кешегі алапат аштықта миллиондаған қара қазақ бір тістем нанға зар болғанын ұрпағым ұмытпасын деген шығар. Алла Елшісінен жеткен тағы бір хадисте «Жарты құрмамен болса да тозақтан қорғаныңдар!» делінген. Марқұмдарға Алладан сауап сұраудан бөлек жеті шелпек пісіріп, тарату сол амалды жасаушы адамның өзі үшін сауап алып, пәле-жаладан сақтану әрекеті болып табылатынын да айтып өту қажет. Мәселен, белгілі хадистердің бірінде «Малдарыңды зекет беру арқылы қорғаңдар, ауруларыңды садақа беру арқылы емдеңдер, тілейтін дұғаларың мен бастарыңа келетін пәлелерге дайындалыңдар» десе, тағы бір хадис шарифте «Бір құрма болса да садақа беріңіз. Өйткені, (садақа) кедейді қуандырады, сондай-ақ, судың отты өшіргені секілді, (садақа) күнәларыңызды жоқ қылады» делінген екен.

Қазақ халқының өзіндік мәдениеті, тілі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары, бабалардан келе жатқан діни бағыты бар. Ол бағыт Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың сүннетіне негізделген, оның ішінде шариғаттағы іс амал бойынша Имам Әбу Ханифа мәзһабы, ал, діни танымдық мектебі Имам әл-Матуриди қалыптастырған тура жол болып есептеледі.

Қазақ халқындағы дін мен дәстүрді бір-бірінен бөлек қарауға келмейді.Біз салт-дәстүр дегенде тек қана әдет-ғұрыптарды ғана емес, сонымен қатар, ұлттық мінез-құлық қағидалары, әдептілік, тағылымдық тәрбие ұстанымдары, ізгілікті насихаттайтын сан ғасырлық мұраларымызды айтамыз. Осы мұраларымыз арқылы ғана ұлттық болмысымызды сақтап қаларымыз анық. Халқымыздың асыл қазынасы болып есептелетін дәстүріміз орнықты болса, имандылығымыз да баянды болары сөзсіз.

Диас БАЙЖІГІТОВ,
Науан Хазірет мешітінің наиб имамы, теолог.

 Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар