«Көкше» телеарнасының тарихы тереңде, шоқтығы биік, мәртебесі жоғары. Еліміздің ең ірі медиахолдингі «Қазақстан» ұлттық арнасының филиалы өз көрерменінің көзайымына айналған. Биылдан бастап, жергілікті арнаның тізгінін қарашаңырақтың қазығына байланып, қазанында қайнап өскен жастың бірі, майталман маман Берік Қайдарұлы қолына алды. «Жас келсе іске» демекші, жаңа басшы алдағы уақытта бірнеше тың жобалар жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Таяуда біз 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында жергілікті телеарна ұжымымен кездесіп, тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысып қайттық.
Қазіргі таңда ұжымда 60-қа жуық қызметкер жұмыс істейді. Биылғы жылдың наурыз айында жаңа телевизиялық маусым ашылып, соның аясында төрт ірі жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, ұжым мүшелері күзгі телевизиялық маусымға дайындықты бастап кетті. Мемлекеттік арна болғандықтан, түрлі жанрдағы қоғамдық-саяси бағдарламаларға ерекше басымдық беріледі дейді телеарна директоры.
– Жалпы телевизия – үлкен идеологиялық күш, стратегиялық маңызы зор құрал. Біздің басты міндетіміз – мемлекеттің сындарлы саясатын ақпараттық жағынан объективті қамтамасыз ету болып табылады. Көрерменнен көз жазбай келе жатқан жергілікті телеарнада өз басым еңбек өтілімді бастап, осы қасиетті қара шаңырақта тәлім-тәрбие алғанмын. Мындағы бар мәселенің күңгейі мен көлеңкесі маған жақсы таныс. Біздегі басты мәселенің бірі – кадр тапшылығы. Жасырары жоқ, бұл біздің салаға қатысты ғана проблема емес қой. Кадр тапшылығы кез келген мекемеге қатысты мәселе деп ойлаймын.
Оның үстіне біз астаналық облыспыз. Біздің ұжымда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаған жастардың басым көпшілігі Астанаға жұмыс барысымен ауысып кетеді. Бізде еңбек еткен шамамен 30-40 қызметкер қазіргі таңда Астана қаласындағы республикалық телеарналарда сәтті жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында елге танымал дикторлар, журналистермен қатар, еселі еңбегімен көзге түсіп жүрген техникалық мамандар да бар. Осы орайда, біздің облыстық телеарна жас мамандардың ұстаханасына айналған десе де болады, – дейді директор.
Бағдарламалардың көрсетілу сапасын жақсарту үшін, алдымен, филиалдың материалдық-техникалық базасын барынша жаңарту мәселесі де бірте-бірте шешіліп келеді. Заман талабына сай, телеарна жұмысын әлеуметтік желі арқылы насихаттау мәселесі де қолға алынған. Алдағы жаңа маусымда да көрермен көзайымына айналар бірнеше жаңа бағдарламалар ашылатын болады. Олардың ішінде «Ел іші – өнер кеніші» демекші, өңірдегі жас талантты жауқазындарды анықтау барысында балаларға арналған үлкен медиа жоба қолға алынбақшы.
Біз телеарна ұжымында еңбек етіп жүрген тәжірибелі журналистермен де тілдесіп, сұхбаттастық. Олардың алдыңғы қатарында майталман маман, «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісінің иегері, белгілі спорт журналисі Қалымбек Мұхамеджанов бар.
– «Көкшетау» облыстық телевидениесі тоқсаныншы жылдардың басында ашылған болатын. Облыстық телеарнаның құрылуы, қалыптасу жылдары көз алдымда. Ол кезде телеарнаны техникалық жағынан ақтөбелік Арыстан Ахметқалиев есімді азамат басқарған болатын. Телевидениеге қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесін қолға алып, арнайы жабдықтарды орнатуға Прибалтика өңірінен арнайы мамандар келген. Қазіргі Көкшетау қалалық әкімдігінің бірінші қабатындағы мәжіліс залында біздің студия орналасқан болатын. Сол кездің өзінде республикадағы жақсы студиялардың бірі саналатын. Алғашқы бетте елімізге танымал мемлекет және қоғам қайраткері Кәрібай Мұсырман директор болды, оның алдында Марат Құлмағамбетов есімді ағамыз жетекшілік еткен болатын. Кейінгі жылдары қазақ редакциясына елімізге танымал балалар жазушы Толымбек Әбдірайымов келіп, ұжымның шығармашылық жағынан кемелденуі жолында көптеген еңбек атқарды. Жалпы менің ойымша, журналист болу – жүректің кеңдігінен деп білемін. Біз үшін ең бастысы елдің алғысы, – дейді ардагер журналист.
Қасиетті қара шаңырақтың мәуелі мәйегіне айналған Гүлнәр Бекенова туралы сөз бөлек. Жампоз журналист осында еңбек еткен, еңбек етіп жүрген қаншама қарлығаш жастарды қанаттандырды. Қаншама жас журналистке жанашырлық танытты. Әлі де сол үдеден айнымай, жастарға білген-түйген өнегесін бөлісе білуде. Гүлнәр Бекеновадай адалдықтың туын жықпаған, үнемі жақсылықтың жаршысы болып жүретін тәжірибелі журналистен жастардың үйренері көп қашанда.
Жуырда телеарна директорының орынбасары қызметіне тағайындалған Ермек Елбергеновтың де еңбегі орасан екендігін де атап өтсек дейміз.
– Журналистика шындықты айтатын, оқиғаны бұрмаламайтын, бүгінгі күннің ең өзекті мәселесін бүкпесіз айтатын институт. Журналист болып қалай жұмыс істейсің, ол әр тілшінің, редактордың өзінің моральдық ұстанымына байланысты. Ең бастысы, жалған ақпарат таратпау, көзің жетпей тұрған ақпаратты айтпау, біреуге күйе, жала жаппау, намысына тимеу, әркімнің жеке басына, отбасына қатысты ақпараттарды жарияламау. Яғни, журналист деген адамгершілік қағидадан аттамай, адал еңбек ету деп білемін, – дейді журналист Мақпал Айбабина.
– Биылғы жылы телеарнадағы еңбек өтіліме 20 жыл толып отыр. Сол кезде қазақ редакциясының жаңалықтар топтамасы мен таңғы эфирін жүргізетін тележүргізушілерге кастинг жарияланған болатын. Бірнеше қыз-жігіттер сол кастингке қатыстық. Іріктеуден өтіп, жаңалықтарды жүргізуші диктор болып еңбек ете бастадым. Бірнеше жыл жаңалықтар топтамасына материал дайындап, редактор болып еңбек еттім. Кейін тәжірбие жинағаннан кейін авторлық бағдарлама аштым. Менің осы жылдары бірнеше жобаға жетекшілік еттім.
Ол балалар үйіндегі балғындардың тағдырын, өмірін көрсететін, оларды асырап аламын дейтін отбасыларды іздестіру мақсатында ашылған «Сәбилер үні» деген хабар болатын. Мүмкіндігі шектеулі жандар туралы, яғни, еш кедергіге қарамастан жемісті еңбек етіп жүрген, кәсібін дөңгелетіп отырған жандар туралы «Жігері жасымағандар» деген жобам эфирге шықты. Еңбек адамын суреттейтін «Бүгінгі кейіпкер» хабары, «Балдәурен», «Жұлдыз-ай», «Талбесік» балалар танымдық хабарларын ұйымдастырдым. Қазір хабарлар бөлімінде еңбек етіп жатырмын. Күнара эфирге шығатын «Ашығын айтайық» хабарын жүргіземін, – дейді ол.
Тіршіліктің күретамырын дөп баса отырып, көрерменмен біте қайнасқан ұжымда ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді. Қазіргі таңда ұжымда білімді жастар қатары толыға түсуде. Телеарна біртұтас ағза. Өз ісіне аса ыждаһаттылықпен қарайтын режиссерлер, талай бейнеге тіл бітірген операторлар, кадрдың қиюын келістірген инженерлер, жаңалықтың жаршысына айналған журналистер алдағы уақыттада әлі талай өз көрерменін танымы мол тағылымды бағдарламаларымен қуанта бермек.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.