Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көне  дәптер  тылсымы - АРҚА АЖАРЫ

Көне  дәптер  тылсымы

Ақмола облысы, Жақсы ауданының Алғабас ауылындағы Сәрке қажы ұрпағы Мананбайұлы Әбдуәли ақсақалдың қартайып, төсек тартып қалған шағында атбасарлық тарихшы, этнограф-жазушы Клара Әмірқызы хал-жағдайын сұрап, ескіден қалған аталы-баталы сөздерді жазып алу үшін барғанында: – Шырағым, бала кезімнен жазып, жинап-теріп жүрген жазбаларым бар еді… Қайтейін, кейінгі ұрпақтарымыз орысша оқыған соң қызығушылық танытпай отыр. Төте жазу әліпбиімен жазылған соң екінің бірі оқи алмайды, өзіңе аманат ретінде тапсырайын. Реті келгенде аудартсаң кейінгі ұрпақтың қажетіне жарап қалар», – дегенін Клара Әмірқызының «Ауылым атамекенім» кітабынан оқыған едім.

Есейіп ес кірген соң, ауылымыздың, еліміздің тарихына деген қызығушылық сезім оянып, естіген-білген әңгімелерді жинастырып, білмегенімізді алдыңғы буын аға-апаларымыздан сұрастырып ауыл, ел-жер тарихына қатысты кітап жазуға мүмкіндік туды. Әбдуәли ақсақал ауыл тумасы болған соң, ауыл тарихына қатысты мәліметтер болуы мүмкін деген оймен осы дәптерді іздестіріп тауып алу мақсатында сұрастырып жүріп, атбасарлық ұрпақтары Жұмабекұлы Мұрат ақсақалдан алдық. Әрине, ауыл тумасы және ұрпағы Таупықұлы Марат марқұмның көмегімен екенін атап өткім келеді. Дәптер әбден ескірген.

Кезіндегі химиялық сия қара қарындашпен төте жазу әліпбиімен өзі шығарған өлең шумақтары және көрген-білген естіген әңгімелерді де сол қалпында жаза беріпті. Дәптер ішінде өзінің ата-бабаларының және бірқатар рулардың шежіресін де жазып қойған екен. Әбдуәли ақсақал негізі қарапайым еңбек адамы.Көп жылдар бойы Атбасар қаласындағы транспорттық мекемеде жүргізуші қызметін атқарып, тың игеру жылдары еліміздің әр өңірінде алқаптан қамбаға астық тасумен айналысқан. Одан бөлек еліміздің әр аймағын да қызығушылықпен аралап, естіген көрген-білгендерін өлеңмен дәптерге жазып отырыпты. Арыстан-Баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелеріне де барып, зиярат еткені айтылады.

Көне дәптер қолға түскен соң қытайдан көшіп келген отандастарға жүгініп, аудартып алдық. Әрине кейбір беттері көмескі тартып немесе су тиіп әріптері өшіріліп қалған соң мағынасын анықтап жазу мүмкін болмады. Дегенмен де, ең тартымды өлеңі «Абайдың сөзі» деп жазылған ерекше парағы. Шынымды айтсам, таңданысымды жасыра алмай, достарыма, таныстарыма айттым. Үйде Абай Құнанбайұлының екі томдық жинағы бар еді, жалма-жан кітапты әрі-бері бірнеше рет ақтарсам да осы өлеңін таба алмадым. Облыстық «Арқа ажары»газетінің ұсынысымен республикалық Қазақ әдебиеті газетіне хабарластым. «Ескі дәптерді аудармасымен Алматыға алып келіңіз» дегенімен, барып қайтуға мүмкіндік болмады. Солардың айтуымен Еуразия ұлттық университетінің проректоры әдебиеттанушы ғалым Дихан Хамзебекұлымен кездесіп, дәптерді көрсеттім. Ол кісі Астана қаласындағы Абай академиясының директорына тапсыруымды өтінді. Абай академиясының білікті мамандарының шешімімен «Абай өлеңіне ұқсағанымен мүмкін емес» деген жауап алдым. Абай өлеңдері кезінде кітап болып шыққан соң, қалып қоюуы және біздің жақтан табылуы тіпті, мүмкін емес екенін де ескертті.

Әрине, дәлелдеуге тырысып, сөзталастыруға қақым болмаса да, облыстық газет арқылы пікірімді бөлісуге, мүмкіндігімді пайдаланып оқырмандарға ой тастамақпын. Бұған себеп, мүмкін Ақмола облысы аумағында осы ойымды қостайтын немесе менде де сақталған еді деген газет оқырманы кездесіп қала ма деген ой. Сонымен өлең:

Абайдың сөзі

Ми – патша, ақыл – дария, кеңес – қорған,
Нәпсі жел, көңіл – өзен, толқын ұрған.
Көп тілегін өзіңнен бұрын ескер
Әйтпесе, ата-анасы бір антұрған.

Ілгері өскен кейінгі жасқа бір дерек,
Көргені көп – үлкенді сыйлау керек.
Өзім білем десеңіз – өлгеніңіз,
Ала бөтен жан шығып, елден ерек.

Салт-сана өскенше адам ғапыл,
Сондықтан, білгендерді сыйлау мақұл.
Әр іске көзқарасы қалыптасқан
Көнеден көпті көрген шығады ақыл.

Әдеті жақсы адамның үлгілену,
Қандай ірі болса да төмен жүру.
Бақыты тайып, қорлайтын  көлденеңдеп,
Ақылсыздық – бастағы көнген соң.

Азға семіріп, желіккен тез арықтар,
Дандайсып бір зорайса көк шарықтар.
Алды-артын тұрмыстың ойлап тұрсаң,
Мәубәкта бір тасымақ бар, бір салмақ бар.

Бір күн тойса көтермей желін кірген,
Менменшілік табылар кейбіреуден.
Аспай-таспай ақырын жүріңіздер,
Өмірдің сыры жоқ па біз көрмеген…

Іріленсең алдыңғы уайым қыл,
Манағы бір тосу болады деп.
Бақытты күндер мейірін еккен егін,
Бақытсыз күндер оратын егінің сол.

Біреудің аспанында жомарт басып,
Біреудің көңілі көкте, жерде басы.
Туысында адамның жаны бірдей,
Сонда да жер мен көктей айырмасы.

Мананбайұлы Әбдуәли ақсақал 1903 жылы Алғабас ауылында дүниеге келіп, ауылдағы Жанжігіт мектебінде ауыл молдасынан дәріс алған. 1928 жылғы жаппай күштеп, колхоздастыру кезінде бай-болыстың ұрпақтары ретінде ата-бабалары, туысқандары мал-мүлкімен кәмпескеленген заманда ауылдан Сәрке қажы ұрпақтары жаппай бас сауғалап, жан-жаққа көшіп кеткен. Жасы келіп қартайып, о дүниелік болған соң, ауылдағы қорымға жерленген. Бала-шағасы, ұрпақтары Атбасар қаласында тұрады.

Талғат ҚҰРМАНҰЛЫ,
«Астана қалалық билер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар