Ер қазақтың  Днепр бойындағы ерлігі

  «Ерлік – тайсалмас табандылық пен қайыспас қайсарлықтан шығады.

                                                                                             Бауыржан Момышұлы.

Соғыс… Сұрапыл жылдар. Соғыстың бірінші күнінен соңына дейін Кеңес Одағының барша халқы өз назарларын қорғаныс мәселесіне аударды. Жауға қарсы  бұл бүкілхалықтық аттанысқа Ақмола облысының тұрғындары да үлкен үлестерін қосты. Соғыс  көптеген  адамдардың өмірін қыршыннан қиды.  Қаншама адамдарды отбасынан, баланы әкеден, әйелді ерінен, ананы баласынан айырды.  Бұл қайғылы жағдай 1941-1945 жылдар аралығында болып өткенін жақсы білеміз. Ұлы Отан соғысы ұмытылмас ауыр жылдар болып халық жадында қала береді. Бұл соғыста ата-бабаларымыз біздің амандығымызды, еркіндігімізді ойлап,келешек ұрпақ үшін жандарын қиды. Соғыста азаматтар қан майданда жаумен  күрессе, аналарымыз, жас  балалар тылда жұмысжасады. Егін егіп, ер азаматтар атқаратын жұмыстарды өздері тындырып, соғыстағы жауынгерлердің азық-түлігі мен қару-жарағын дайындады. Бүкіл ел болып жұмыла жаудан қорғанып, соңында көптен күткенЖеңіске қол жеткізді.Ол күн – 1945 жылдың 9 мамыры халық есінде мәңгі  қалды. Ана баласымен, әйел күйеуімен табысып,  тыныштық заманның алғашқы күндері басталды. Соғыс кезіндегі азаматтарымыздың ерлігін халық ешқашан ұмытқан емес, ұмытпайды да. Біздің Талғат Бигелдинов, Мәлік Ғабдуллин, Сағадат Нұрмағамбетов, Рақымжан Қошқарбаев, Ақан Құрманов сынды батырларымыздың ерлігі ешқашан естен шықпайды.

Биыл сол саңлақтардың бірі – Ақан Құрмановтың туғанына 105 жыл. Батыр ағамыздың қысқаша өмірбаянына тоқтала кетсем, алдымыздан мынандай деректер шығады.

Құрманов Ақан 1918 жылдың 15 шілдесінде Ақмола облысы Атбасар уезі Елікті ауылында дүниеге келген. 1939 жылдан бастап, Қызыл Әскер қатарында, кіші командалық құраманың полк мектебінде оқыды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Орталық майданның 76-гвардиялық Чернигов атқыштар дивизиясының 234-гвардиялық атқыштар полкында пулемет бөлімшесінің командирі болды. 1943 жылы 28 қыркүйекте 9 жауынгерден құралған топты басқарып, Днепрді кесіп өтті. Гитлершілер пулеметтерден, зеңбіректерден жаңбырдай оқ боратса да, десантшылар жағаға шығып үлгерді.Шайқас күні бойы жүрді. Бөлімше жаудың бірнеше шабуылын тойтарды. Соңғы осындай шабуылдардың бірінде десант командирі Ақан  Құрманов қаза тапты. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 15 қаңтардағы Жарлығымен Днепрдің оң жақ жағалауында көпірді басып алу кезінде көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін гвардия сержанты Құрманов Ақанға Кеңес Одағының Батыры жоғары атағы берілді. Батырдың есімі Астана қаласының № 17 орта мектеп-гимназиясына және Ақмола облысы Атбасар қаласының № 2 арнайы  коррекциялық мектеп-интернатына берілген.(АОМА. Қ. 258. Тіз.9. Іс. 250.)

Атбасар қаласында және Мысы (Украина) селосында батырдың есімі көшелерге де берілді. Қосбармақ ауылында мемориалдық ескерткіш орнатылды. Батыр туралы өлеңдер, поэмалар, эсселер жазылған. Көкшетау қаласында есімі Даңқ ескерткішінде айшықталған.

2018 жылы Ақмола облыстық архивінің қызметкерлері «Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды» атты жинақты жарыққа шығарды. Ол Кеңес Одағы Батырларының қысқашаөмірбаяндық анықтамасының жиынтығы болып табылады.«Кеңес Одағының Батыры» – КСРО-ның ең жоғарғы дәрежелі атағы.  Аталмыш басылымға ЕкіншіДүниежүзілік соғыс ардагерлері – Ақмола өңірі тумаларының есімдеріенген.Аталмыш жинақта Ақан Құрмановтың есімі де бар.

Мейлі, қанша жылдар, ғасырлар өтсін, халық өз батырларын  құрметтеп, мәңгі есте сақтайды. Себебі,  олардың ерліктері жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Сондай ердің ері Ақан Құрманов та ел жадынан өшпейтіндігі анық.

Әсем ӘЛДИБЕКОВА,
Ақмола облысының мемлекеттік архивінің қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар