Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өзіңді сал-серілердей сезіну де бақыт екен!.. - АРҚА АЖАРЫ

Өзіңді сал-серілердей сезіну де бақыт екен!..

Аршалы ауданының бір топ өнерлі жігіттері атқа мініп, өздері қолға алған «Арқа жері – сал-серілер елі» жобасы аясында Ақмола мен Павлодар облысының аудандарында сал-серілік өнерді насихаттап оралды.  

Аталмыш жоба «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынып, Ақан сері Қорамсаұлы мен Иманжүсіп Құтпанұлының туғанына 180 және 160 жыл толуына арналды.  Жобаның мақсаты ұлттық салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту, салауатты өмір салтын насихаттау, сал-серілік өнердің ізін жалғастыру, Арқа өңірінің сал-серілерінің жүріп өткен жеріне барып, халықпен кездесу, олардың әндерін орындап, өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа үлгі ету және бай мұраларын зерттеу болып табылады.

Қазақ ұлты жаратылысының ең әдемі бағыты – сал-серілік бағыт.                                Сал-серілік өнердің негізгі бастауы Жаяу Мұса, Біржан сал, Иманжүсіп, Ақан сері, Дәурен сал, Шерке сері, Нияз салдардан нәр алады. Бүгінде Арқа өңірінің әншілік дәстүрін үзбей жүрген, елі мақтан тұтар дәстүрлі әншілер, сал-серілердің көшін жалғастырып, ұлттық өнерге өзіндік үлесін қосып келе жатқан  жастар  арамызда баршылық. Сал-серілік өнердің ізін жалғастырған Аршалы ауданының сал-серілері кесте бойынша маусым айының 19-ынан Ақмола, Павлодар облыстарының біраз өңірлеріне барып, өз өнерлерін көрсетіп, серілік дәстүрді насихаттады. Сал-серілер қатарында дәстүрлі әншілер, күйшілер, палуандар, ақындар, атбегілер, тазы ұстап, құс салған аршалылық сегіз қырлы, бір сырлы жігіттер – Аян Кемалов, Жанат Аманғалиев, Рүстем Чукотаев, Елдос Кәрімқожа, Еркебұлан Сәрсенбеков болды. Сал-серілер жобасы Аршалы ауданының орталығынан басталды.

–Бұрынғы сал-серілер ізімен әр ауданда бір-екі ауылға тоқтадық.  Шара барысында Арқаның сал-серілері жайлы мағлұмат беріп, сол ауылдағы сал-серілер ұрпағымен, жергілікті сал-серілер тарихын зерттеушілермен, өнерпаздармен кездестік. Әр ауданнан арамызға сал-серілермен әрі қарай еріп жүремін деп осы бастамамызға қызығушылық білдірген өнерпаздар қосылып отырды. Жолға өз аттарымызбен, көліктерімізбен шықтық, –дейді жобаға қатысушылар.

Сөйтіп, сал-серілер Аршалы ауданы орталығынан шығып,  Константиновка селосына соғып, кейін Керекудің Баянауыл ауданының  Ұзынбұлақ ауылына ат басын тіреп, Мұса Шорман, Қаныш Сәтпаев ауылдарына тоқтаған. Бұхар жырау, Имантай, Мәшһүр Жүсіп бабалардың кесенелеріне барып, аруақтарына тағзым еткен.

–Былтыр біз үш салт атты шығып, жолаушыладық. Биыл тағы екі адам қосылды. Болашақта қатарымыз 10-12 адамға жетіп,  осы жобаны әрі қарай насихаттай түссек, мақсатымыздың орындалғаны. Себебі, қазір атқа мінуді ұмытып барамыз. Ал, аттан ауған қазақты кім болса сол басына алады, –дейді жоба авторының бірі Аян Кемалов.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар