Әскери есепке алудың жаңа түрі қолданысқа енеді

2024 жылдан бастап пилоттық жоба бойынша 17 жастағы ер балалар автоматты түрде әскери есепке алынып, оларды әскерге шақыру учаскесіне тіркеу куәлігі қағазға басылмайды.

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі қазіргі уақытта әскерге шақыру және әскери есепті жүргізу ісін толықтай автоматтандыруды қарастыруда. Соның арқасында 17 жасқа толған ер балалар енді есепке тұру үшін әскери комиссариатқа арнайы барып, денсаулығын тексертпейді. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев түсіндіріп берді.

–Қорғаныс министрлігі өз ақпараттық жүйесін жетілдіріп, оны өзге мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесімен біріктіру арқылы қазақстандықтарды әскери есепке қою ісін автоматтандырды. Қазіргі таңда ақпараттық жүйеге 16-60 жас аралығындағы ер азаматтардың жеке мәліметтері енгізілді, – дейді ол.

Қорғаныс министрінің орынбасарының айтуына қарағанда, Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа бастамасы бойынша 1 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың денсаулығы жыл сайын бақыланып, олардың мәліметтері базаға енгізіліп отырады.

Ер бала 16 жастан асқан кезде тексеру күшейтіліп, денсаулығына толық талдау жасалады. Бұл – баланың денсаулығын ғана емес, денсаулығындағы өзгерістерді бақылауға мүмкіндік береді екен. Ендеше, келесі жылдан бастап, бұрынғыдай 17 жастағы балаларды әскери комиссариатқа шақырып, денсаулығын тексерудің қажеттілігі болмайды.

– Бұл арқылы біз мемлекеттік бюджетке 1 миллиард теңгеден астам үнем жасаймыз, – деген Қорғаныс министрінің орынбасары бұл жаңалық әскери саладағы заңсыздықтарды да азайтуға мүмкіндік беретінін айтты.

Ал, үнемделген қаражат медициналық комиссия мүшелеріне еңбекақы төлеу, шалғайдағы ауылдық округтерден жастарды әскери комиссариаттарға алдыру, кеңсе тауарлары және тағы басқа қызметтерге жұмсалады деп жоспарлануда.

Сонымен бірге, бұл ақпараттық жүйе әскерге барғысы келмей, жалған анықтама жаздыру деректеріне тосқауыл болмақшы. Өйткені, базада оның 1 жастан бергі мәліметтері сақталатындықтан, 17-ге толғанда ауыр науқасқа шалдыққаны туралы ақпарат күмән тудыруы мүмкін.

– Базаға бір енгізілген мәліметті өшіру мүмкін емес. Жастар өзіне жалған ауру таңу арқылы кейін жұмысқа тұру кезінде кедергілерге тап болуы мүмкін, – дейді Дархан Ахмедиев жаңа пилоттық жоба туралы берген түсіндірмесінде.

Ы.ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар