– Ақмола облысының ауыл шаруашылығы саласының бірқатар секторында көрсеткіштер төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қаңтар-мамыр аралығында ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты 165,5 млн доллар болды. Былтыр сәйкес кезеңде экспорт көлемі 184,6 млн долларға бағаланған. Яғни, биылғы мөлшер өткен жылғы көрсеткіштің 89,6% тең. Бірінше тоқсанында ауыл шаруашылығы саласындағы орташа жалақы 193,8 мың теңгені құрады. Ол 2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 25,8%-ға артық», — делінген әкімдік ұсынған деректе.
Мұнымен қатар, Ақмолада алғашқы үш айда өндірілген ұн көлемі төмендеген. Атап айтқанда облыс аумағындағы диірмендерде 90,8 мың тонна ұн тартылды.
Бұл былтырғы көрсеткіштен 7,5%-ға аз.
Құзырлы орган мәлімдегендей, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына бағытталған инвестиция көлемі де кеміген.
Аталған секторға бірінші тоқсанда 5,1 млрд теңге салынды. Бұл 2022 жылы бағытталған қаражаттың 42,6 пайызы ғана.
Оған өңдеу кәсіпорындарына арналған күрделі салымдардың азаюы себеп болып отыр.