Жұқпалы ауруларға қарсы вакцина алу бойынша облыста жағдай күрделі. Себебі, жыл басынан бері екпе алмағандар арасында қызылша жұқтырушылар саны күрт өскен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары Серік Омарханов баяндап берді.
Жыл басынан бері облыста қызылша жұқтыруы мүмкін деген күдікпен 35 жағдай тіркеліп, 21-і зертханалық түрде расталыпты. Олардың 7-еуі Бурабай ауданында, 5-еуі Көкшетау, 4-еуі Степногорск қалаларында, 2 жағдай Бұланды және Зеренді аудандарында және 1 жағдай Целиноград ауданында тіркелген. Науқастардың 2-еуі ересек адам болса, он тоғызы 14 жасқа дейінгі балалар.
- Бұл 21 жағдайдың 16-сы қызылшаға қарсы вакцина алмағандар, соның ішінде 44 пайызы екпеден мүлдем бас тартқандар. Жалпы, облыс бойынша профилактикалық тұрғыдан екпе егумен қамтудың орташа көрсеткіші 54 пайыз, еліміз бойынша ұсынылған көрсеткіш 47,4-49,8 пайызды құрайды. Республикада балалар мен жасөспірімдерді профилактикалық вакцинациялау Ұлттық екпе егу күнтізбесі шеңберінде жүргізіледі.Профилактикалық егулермен қамтудың негізгі көрсеткіші перзентханаларда жаңа туған балаларды вакцинациялау болып табылады, – дейді Серік Омарханов.
Ағымдағы жылдың басынан бастап облыстың перзентханаларында 5 390 бала дүниеге келсе, вирустық В гепатитке қарсы 4 987 жаңа туған нәресте вакцинацияланыпты және 5 009-ына БЦЖ екпесі берілген. Бас дәрігердің орынбасарының айтуынша, Қорғалжын, Сандықтау, Целиноградаудандарында және Степногорск, Көкшетау қалаларында вирустық гепатитке қарсы вакцинациялау жұмыстары нашар жүргізілуде. БЦЖ вакцинациясымен қамту көрсеткіштері Жарқайың, Қорғалжын, Сандықтау, Целиноград аудандарында және Степногорск қаласында төмен. 1 жасқа дейінгі балалар туберкулезге, көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге, гемофильді және пневмококкты инфекцияға, В вирустық гепатитіне, полиомиелитке қарсы жоспарлы профилактикалық егулермен егілуі тиіс, ал,1 жасқа толғасын қызылшаға, қызамыққа және эпидемиялық паротитке қарсы вакцина алады және одан әрі жоғарыда аталған ауруларға қарсы ревакцинацияланады.
Сонымен қатар, өмір бойы біз эпидемиялық көрсеткіштер бойынша вакцинация алатынымыз белгілі. Мәселен, А вирустық гепатитіне, Сібір жарасына, туляремияға, кене энцефалитіне, құтыруға, маусымдық тұмауға, коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина аламыз. Мектептер мен балабақшаларда да балалар жоспарлы түрде өз жастарына байланысты тиісті екпелермен қамтылуда. Қазір бала бақшада вакцинацияланбаған балалардың көп болуы фактісі анықталған жағдайда, балабақша меңгерушілері жауапқа тартылатын көрінеді. Бұл әсіресе жеке меншік балабақшаларға қатысты.
Вакцинацияның тиімділігі ғылыми дәлелденген, ол инфекцияларды басқаруға мүмкіндік береді және эпидемияның пайда болуына жол бермейді. Дені сау балаларды вакцинациялау созылмалы аурулары бар балалардың әлсіз иммунитетін қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, брифингте ешбір ел 100 пайыз вакцинацияға қол жеткізе алмайтыны айтылды. Мәселен, вакцинация алу денсаулықтарына қауіпті балалар мен ересектер бар. Әсіресе, мұндай жағдай балалар арасында көп. Қарсы көрсетілімдер ішінде ЖРВИ немесе тұмау сияқты жұқпалы аурулар, немесе церебралды сал ауруы, лейкемия сияқты созылмалы ауруы бар мұндай балаларға екпе салынбайды. Эпидемия жағдайында мұндай балалардың денсаулығына қауіп өте жоғары болады, оларды эпидемиядан тек ұжымдық иммунитетпен, яғни, вакцинациялау арқылы құтқаруға болады.
– Халық арасында вакцинациялау бойынша түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізіліп тұрады, бұл мақсатта облыста санитарлық қызметпен профилактикалық егуден бас тартудың алдын алу бойынша жұмыстарқолға алынған.Жыл басынан бері 82 семинар өткізіліп, көрнекі құралдар, оның ішінде жадынамалар, буклеттер, иммундаудың пайдасы туралы бейнероликтер таратылды, халықпен, діни қауымдастық өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылып, жас аналар мектептерінде әңгімелесулер өткізілді, БАҚ-та мақалалар жарияланып, сайттарда материалдар орналастырылды, – деген Серік Сексенбайұлы өз сөзінде осы бағыттағы профилактикалық шараларды да қамтып өтті.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Рамиль ДОСУМОВ.