Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазановтың төрағалығымен әкімдік жанындағы жер комиссиясының отырысы болып өтті.
Отырыста қаралған мәселелер облыс елді мекендерінен кен орындары үшін жер телімдерін бөлу жөнінде болды. Атап айтқанда, Астананың іргесіндегі Аршалы ауданынан облыстық әкімдікке «Карьер-Мир 3» ЖШС-ына жер қойнауын пайдалану үшін жер телімін бөлу туралы хат келіп түскен.
Комиссия мүшелері осы мәселені қарау барысында жасалып отырған контрактының 2042 жылға дейін созылатынын талқыға салды. Осы ретте, кейбір отырысқа қатысушылар бұл мерзімнің тым көп екенін, қазіргі уақытта жер қойнауын пайдаланатын серіктестіктердің шамадан тыс көбейіп кеткендігіне байланысты сол арадағы тұрғындардың көкейінде экологияның бұзылуына алаң барын алға тартып, бұл мерзімді қысқартуды ұсынды. Мәселен, жер телімін қажет етіп отырған жоғарыдағы серіктестік ауданның Арнасай ауылының маңынан гравилі құм өндіруге 13,8 гектар жер сұрап отыр. Оның 11,5 гектары онсыз да мал ұстаушыларға жетпей жатқан жайылымдық жер.
Оның үстіне ел Президентінің жайылым тапшылығы мәселесін оң шешіп, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асу жөнінде берген тапсырмасы тағы бар. Осындай жағдайда құрылыс үшін кен өндіреді деп елді мекендердің маңындағы жерлерді оңды-солды карьерлер үшін үлестіре беру дұрыс шешім еместігі белгілі. Сондықтан, осы пікірді ұстанғандар да, өздерінің қызмет бабы бойынша серіктестік өтінішін қанағаттандыруды сұраған орта және шағын бизнес өкілдері мен өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасы басшылары да ортақ бір мәмілеге келе алмай, ақыры мәселе дауысқа салынды. Жасалған контракт мерзімі 2042 жылдан шегертіліп барып берілген жер телімі осындай жағдайдан кейін серіктестікті өзі жерін алып отырған елді мекеннің жағдайына көңіл бөлуге және бөлінген жер телімін ұқыпты пайдалануға міндеттейді деген ойдамыз.
Тағы бір жер телімін сұраған «SG Песчаный карьер» серіктестігі құрылыс құмын өндіру үшін 13,5 гектар жер телімін Аршалы ауданының Волгодоновка селосынан 7 шақырым қашықтықта рәсімдегісі келіп отырғаны белгілі болды. Мұнда да лицензияның қолданылу мерзімі 2032 жылы аяқталады. Бірінші жағдайдағыдай, бұл серіктестіктің де өтінішіне байланысты өткізілген қоғамдық тыңдауға 10-12-ақ адам қатысқан көрінеді. Осы қоғамдық тыңдауға жауап беретін жергілікті әкімдік бір мыңға тарта халық тұратын елді мекеннен жиналысқа сонша адам ғана қатысқанына бас ауыртпайтын сияқты. Бұл арада жер теліміне берілген рұқсаттың тұрғындардың бәрінің бірдей пікірін білдірмейтіндігі өз-өзінен-ақ көрініп тұр. Бірақ, халықтың аз ғана тобы қатысса да шешім заңды болып табылатын қолданылып жүрген заңнамадағы мұндай олқылықтар осындай карьерлердің жергілікті жерлерде бей-берекет ашыла берілуіне кәдімгідей жақсы болып тұрған сыңайлы.
Пікірлер екі бөліне келе, бұл өтініш те қанағаттандырылғанымен, ендігі мәселе «судың да сұрауы бар» дегендей, жер телімдерінің мұндай мақсатқа түбінде оңай беріле салмайтынын көрсетіп отыр. Құрылыс материалдары керек болғанымен, табиғат пен экология одан да қымбат. Сондықтан, уақыт мұндай мәселелерді ендігі арада сақтықпен, әр жағын ойлап барып шешуді керек етендігі анық.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.