Анкарада «Абылай хан мен батырлар» кітабының таныстырылымы өтті. Баянғали Әлімжановтың туындысы алғаш түрік тілінде жарық көрді. Тұсаукесер шарасы халықаралық «Түркісой» ұйымының штаб-пәтерінде ұйымдастырылды.
«Абылай хан мен батырлары» кітабы халық арасынан шыққан аңыз әңгімелерге негізделген. Шоқан, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп секілді қазақтың біртуар тұлғаларының әңгімелері орын алған туындыда Сабалақтың ер жетіп, Абылай хан тұлғасының қалыптасуы түсіндірілген.
Шараны Қазақстанның Түркиядағы елшілігі және халықаралық «Түркісой» ұйымы ұйымдастырды. Оған түріктің қоғам қайраткерлері мен көрнекті өкілдері, Түркияда тұратын қазақтар қатысты.
Бұл кітап бұған дейін бірнеше шет тілдеріне аударылған.
–Туындының түрік тілінде жарық көруінің мәні бөлек. Кітапты шығарғаннан кейін оқып шыққан түрік азаматтары бұл туындыны бүкіл түрік баласы оқуы керек депті. Бұл мен үшін аса зор баға. Түрік жазушылары, түрік ғалымдарынан ондай пікір есту өте үлкен мерей деп ойлаймын, – дейді кітап авторы.
Кітапқа 26 түрлі иллюстрациялық сурет енген. Повесті туыстас халықтың тіліне тәржімалаған түріктің белгілі түрколог жазушысы, доктор Ашур Өздемир. Жуырда автор тағы да Баянғали Әлімжановтың бірнеше туындысын туыстас халық оқырмандарына тарту етуді көздеп отыр.
–Бұл кітап әсіресе, жастар үшін маңызды. Тарих пен туыстас жұртты тануда таптырмас әдебиет. Туындыны шамамен бір айда аударып, қазақ тілін білмейтін жандарға оқыттым. Не түсінді, қалай жазылды деп пікірлерін білдім. Қазақтардың тап осы кезеңдегі тарихы бойынша кітаптар кемде-кем. Сондықтан жетіден жетпіске дейінгі оқырмандардың назарын аударады деп ойлаймын, – деп өз бағасын берді кітапты тәржімалаған Ашур Өздемир.
«Абылай хан мен батырлар» кітабының түрік тіліндегі нұсқасы 3,5 мың тиражбен жарық көрді. Оның басым бөлігі елдегі кітапханалар мен туркологтарға үлестірілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта бұл сан артуы мүмкін.
Меруерт ҚАНАҒАТ.
Түркия Республикасы.