Жаналы әншінің үйінде болғанда

Көкшетауда Жаналы деген ағамыз бар еді, Жаналы деген дарамыз бар еді. Әттең, бір кем дүние-ай! Осы күні ел алдында еңбегі бар әншілер тым болмаса «Мәдениет қайраткері» атағын алады. Ал, қазақ өнерін өзіндік бір биікке асқақтатқансол Жаналы ағаларымызға титімдей де атақ бұйырған емес. Сол әнін жанының жазы, көңілінің сазы, керек десеңіз, назы көруімен жасарын жасап, өмірден өтті де, қызы Алманың шарқ ұруымен қанша жылдан кейін енді ғана өмірге бір естеліктер кітабы болып қайта оралсам деп тұр.

Оралсын! Ортамызға қайта ән болып, сән болып кірсін! Соңғысы жағынан да өте әдемі, ажарлы кісі еді. Ал, енді кең жайылым көңілі, жаны, жаны дегенде алақандай жүрегінің тазалығы, мына ғажап та, кейде азап та, алдамшы өмірге іңкәрлігі керемет болатын. Солай деп отырғаным, мен ол кісіні көрдім, ән-құдіретпен ғажап бір шалқып-толқыған сәтінен сыр түйдім, сосын… «аға, тағы, тағы ән» дей бердім.

Бұл өзіңнен әлдеқайда үлкен адамнан, Ұлы Отан соғысын көріп, соның от-жалынында шыңдалған кәдімгі сақа кісіден арамыздағы көп жас айырмашылығын ұмытып, өзімсініп ән сұрауым, ән қалауым еді. Неге десеңіз, Сәкеннің «Тау ішінде» әнінен бастаған шалқар шабытты әнші тамағын сәл кенеп алып, келесі әніне ойысқанда, алдыңда жай домбыра ұстаған өнерпаздың бірі емес, ән дегенде түсінігі мол, қоңырқай дауысы небір иірімге толы, керек жерінде асқақ, төмен де жоғары алып ширығатын шынайы дарынның отырғанын сезіне қойғам.

Сол түні Жаналы аға бұйымтайын екі етпей, уақытылы келіп қалғаныма риза болып, түннің бір уағына дейін бірде әннің тиегін ағытып, бірде шығу тарихынан сыр аулап, мені де киелі өнердің тылсымына бойлатумен болған. Бұл бәлкім, тарлан әншінің осылай бір оқта-текте үйіне қонған адамға жанымен біте жасасып келе жатқан падиша әнінен сый жасап жібермек ойы, ақ адал ниеті ме екен?! Әйтеуір, қаршығадай қомданып, домбырасын үш-төрт шертіп, бір-екі қағып толғанып, жаңа бір ән мақамымен даусын келтіре шырқағанда, өз басымыз әнші ағаның ән дегенде бәлсінбейтін мінезіне де риза кейіпте қозғалмай тынып қалғанбыз.

Кейбір адам сол ән өз қолайына келіп тұрып, тартыншақтай береді ғой. Я  айтқысы жоқ, білгенін сыртқа шығарып, көп көңілін тамылжытар жағы кемшін. Әу дейтін жерін білетін бір ішкі есеп те бар. Ал, Жаналы ағамыз болса, сол жолы шабыттың тұлпарына мықтап мінгендей, бізбен өте-мөте қунақ отырды. Қой көздері мейірім төге күлімсіреп, ара-арасында екі иығын қомдап қойып, кемі бес-алты әнге ерік беріп барып, бір-ақ  тоқтады-ау деймін. Ол әндердің ішінде біз бұрыннан естіген құлаққа сіңістілері де, әлі тыңдай қоймаған ескілері де бар еді. Оларға кезек берерде кімнің әні екеніне де бір соға кетіп, тарихын қаузай отыратыны тегі, осы әндерімен бірге жасасып келе жатқан өзіндік мәнері болар.

Соның бәрі күні бүгінгідей дәл есімде қалғаныда мынадан ба деймін. Өміріңде осындай бір сирек жандарға жолыққанда, олардың қадір-қасиетінен өзіңе тың бір жаңалық ашқандай болғанда, уақыттың да жадыңда қалған сол бір жарқын сәттерді көмескі тарттыруға әр кезде бірдей дәрмені жете бермейді екен ғой.

Мен бүгін ойша Жаналы ағаның сондағы бар түр-әлпетін, әншілік қуаты, өнерге ғашықтығын есіме алып отырғанда, ол кісімен өмірде бар-жоғы бірер рет қана жүздесіп қалғанымның өзіне Аллама рахмет айтуым керек қой деген сезім кешкендеймін. Нағыз әншінің, табиғат берген тума таланттың өмір жолының өзі кешегі сал-серілердің сарқытын ішкендей, бір кезде театрмен де берік ұштасып барып, екіжаққа кеткенін әншінің толық ашылмаған тағы бір қыры деп ұққанмын. Әйтпесе, Ақмола драма театры кезінде өзі гастрольда болған сан ауылдан осы жігітке көзі түсіп, бекерден-бекер бірге алып кетпейді ғой. Ағаның «сол театр сахнасында «Қыз Жібек» қойылымында Төлегенді сомдадым, сосын театр Қарағандыға көшті де, тұрмыс жағдайымен елге оралдым» деген сөзі де құлағымда.

Анау-мынау емес, Төлеген бейнесі! Осы жағы да көп жайды өзі-ақ аңғартып тұрған жоқ па. Көлденең себептер туындамағанда, әншілігіне қоса, актерлігімен де біраз биіктерді алатыны анық болғанымен, бұйырмаған сол әртістік-ай. Оның есесіне шалғай ауданда тұрса да, бүкіл Көкшетауға аты шығып тұрған танымал әнші болғанын азсынуға болмас.

Бірін бірі көрмеген жандарды белгілі бір себеп қана жолықтырады. Сол сексенінші жылдардың ортасы. Ленинград ауданының осы аттас орталығында тұрамын. Омбыға жақын үш ауданда облыстық «Көкшетау» газетінің меншікті тілшісімін. Бір күні басшылардың бірі редакциядан телефон шалып тұр.

–Талшықта соғыс ардагері Жаналы Қалиев деген атақты әнші бар ғой. Сол кісінің алған пәтері қыс бойы бір жылынбай, тоңып шығыпты. Редакцияға «тілші жібересіңдер ме?» деп қолқа салып отыр. Барып, осы мәселені егжей-тегжейлі тексеріп, бір нәтижесін шығарып кел. Ел білетін ардақты ағамыз, мұқият боларсың.

Тастай тапсырма осы. Келесі күні Ленин ауданының орталығы Талшық кентіне де жетіп, аупартком мен атқару комитетіне соғып, үйдің өзін көріп, келген шаруама кірісіп кеттім. Хат артында адам бар. Көршілер, бәрі «қыста көрген күніміз күн емес, құбыр дұрыс тартылмаған, ауыстырып берсін»  дейді.

Жаналы ағамыздың өзі де осал еместігі түсінікті. Өмір бойы ішкі істер органдарында, соның ішінде тергеу саласында қызмет атқарған милиция майоры. Ол кезде мұндай шенмен зейнет демалысына екінің бірі ғана шығады. Дүйім елге, сол басшыларға да жақсы мәлім әншілігі өз алдына. Комхоз бастығы айналшықтап, ол да үйдің маңайынан шықпай жүр. Айтатындары «бір амалын табамыз, алдағы қыста жылу түзеледі». Бірақ, уәдеге сеніп, құр қайтарсың ба. Ол кезде сынның пәрмені күшті еді ғой. Ара-жігін салмақтап, газетте шыққан сондай мақаламызға «Жазылған жайдан қорытынды шығарылады» деген жауаптан басқа басшылар бір ауыз қарсы келсейші. Сосын да «Дүмпуі жақсы болды» деп телефонмен Жаналы ағаның өзі де айтатын.

Мұның бәрі кейін ғой. Әзір біздің көзімізше ауызша берілген уәденің өзіне ағамыздың көңілі жайланғандай еді. Содан да шығар, кешке хат тексере келген соң бейтараптықты сақтап, мейманханаға қонамыз деген ниетімізге  қояр да қоймай, «үйде жат, бір шыны аяқ шай бізден де табылады, ағаңның әңгімесін, әнін тыңда» деп салсын.

–Ағай, мына жағдайда олай ыңғайсыз ғой. Тағы бір жөні болар. Рахмет! – деймін. Бірақ, ақ көңіл, аузын ашса көмейі көрінетін аяулы ағаны бұл сөзімізбен де бері қарата алмағанбыз.

–Әй, бала-ай, хатта осындағы бүкіл үйдің тұрғындарының қолы тұр. Бір менің ғана қара басымның күйттеген жеке шаруасымен келіп жатсаң, жарайды. Жүр үйге, ұялма…

Енді міне, осы сөзден кейін ештеңе айта алмай, ішке ел қондырып, жайланған соң, ағаның серіппедей серпілген шымыр әнін тыңдап отырмын. Айпаралы ән әлемінде дара бір тұлға еді-ау. Құтты бір биікке біткен нән қарағай секілді. Кейін тоқсаныншы жылдардың орта тұсына таман Жаналы қартты «Көкшеде осындай ескі көз, халық әншісі бар» деп Алматыдан көрнекті композитор, өнер зерттеушісі Ілия Жақанов пен іргелі әдебиеттанушы ғалым, жерлесіміз Тұрсынбек Кәкішев екеуі әдейі іздеп келіп, үйінде қона жатып, әншілік бай репертуарынан ел ішінде ұмытылған немесе сирек айтылып жүрген бірнеше әндерін тиянақтап, таспаға жазып алады. Сол жолы Ілекеңнің бұған дейін бір мәрте Алматыда жүздескен Жаналы ағамыздың Біржан сал бастаған Арқа әншілерінің дәстүрлі әншілік мектебінің осы күнгі үздік өкілдерінің бірі екеніне тағы бір көзі жетіп, қағаз бетіне «Жаналының өмір көркі ән! Беймәлім сыр бүккен әндер!» деген пікірін түсіргені әнші шоқтығын әлі де асқақтатып тұрғандай. Тек бұған біздің бір қосарымыз, Жаналыдай асқақ әншімен сол жылдары Қазақстанның халық әртісі, қазақтың ән өнерінің жампозы Қайрат Байбосыновтың да жүздесіп, әңгімелесуінің сәті түсіп, сол кездесуден естелік суреттері қалған.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

 Суреттерде: асқақ әнші Жаналы Қалиев; өнер зерттеушісі, жазушы Ілия Жақанов (шетте), әдебиеттанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішев және Жаналы Қалиев (ортада).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар