Ауданда бірқатар құрылыс жұмыстары жалғасуда. Соның бірі – медицина қызметкерлеріне арналған емдеу-сауықтыру орталығы. Бұл үш қабаттан тұратын орталықтың құрылысына 4,5 миллиард теңге қаражат қарастырылған. Жаңадан пайдалануға берілетін орталықта 50 адамды жұмыспен қамту көзделген. Қазіргі кезде электр, телекоммуникация мен су желілері тартылып, емдеу корпусы, қонақ үй мен бассейн құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Сонымен қатар, Ақкөл қаласындағы құрылысы биыл аяқталуға тиіс емдеу-сауықтыру қонақ үй кешенінде 80 адам еңбек етуде. Жоба жетекшілері бұл орталық астаналықтар мен іргелес аудан халқының жайлы демалыс аймағына айналады деген сенімде. Сондай-ақ, аудандағы Домбыралы ауылында да су құбырларын жөндеу жұмыстары қолға алынған. 900-ге жуық тұрғыны бар ауыл халқы бұл су құбырын жөндеуді 30 жылдай күткен екен. Әбден тозығы жетіп, ескіріп тұрған 16 шақырым су құбырын жөндеуге 595,9 миллион теңге қаражат қарастырылған. Оған биылғы жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры трансфертінен қаражат бөлінген. Мердігер аумаққа құрылыс материалдарын жеткізіп, 2200 метр құбыр тартылып, 43 ұңғыма орнатылған. Тұрғындардан ауылдағы су құбырлары туралы шағымдар партияның қоғамдық қабылдауларына да келіп түскен. Осыған орай, бұл жөндеу жұмыстарының аяғына дейін жетіп, халықты таза ауыз сумен қамту мәселесі фракция мүшелерінің тікелей бақылауында болуы керек екенін жуырда ауданға іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары А.Мысырәлімова мен Н.Дементьева да атап өткен. Сондықтан, ауданда салынып жатқан құрылыстардың сапасы мен уақытылы аяқталуы партияның қадағалауында болатыны сөзсіз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Ақкөл ауданы.