Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Таба нан - АРҚА АЖАРЫ

Таба нан

Нан салатын күн де жетіп жаңадан,
Пештің алдын шиырлайтын жан анам.
Піспей тұрып, бізді өзіне баураған,
Шіркін, сол бір табанан-ай, таба нан!

Ақпарат құралдарынан құлағыма жағымды тамаша әуен естілді, көңіл қойып тыңдасам, Қуандық Рақым әншінің орындауында «Таба нан» әні екен:

Шаттықта жиі қонатын,
Сөнбейді мәңгі санадан.
Керемет дәмді болатын,
Анашым жапқан таба нан.

Осы бір өлең жолдары, тамаша әуенмен шарықтап, мені, зейнеткер жасындағы кісіні, сонау өтіп кеткен, балауса алаңсыз өскен балалық шағыма жетелей жөнелді. Шіркін,бізге білінбей өтіп жатқан, өмір-ай!

Біздер Алланың әмірімен кешегі, таяудағы нәрсені ұмытып қаламызда, ал, сонау алыстағы балалық шағымыздағы оқиғалар жаңа ғана болғандай көз алдымыздан кетпейді. Өнердің құдіреті керемет қой, менің де есіме аруағыңнан айналайын, Айман апам түседі.

Смағұл атамның тұңғыш баласы Айман апамтазалықты жақсы көретін, тамақ дайындауда алдына жан салмайтын бесаспап жан болатын. Көктемнің жайма шуақ күндерінде, көкпеңбек майса шөптің ортасында жер ошақ пеші болатын, соған қойдың қи тезегін толтырып тұтатып тамақ дайындайтын, қалған күл-шоғына табаға салып, таба нан пісіретін.

Ойын баласымыз, апамның пешінің қасынан шыққан дәмді иіс мұрынды жаратын, шыдай алмай сілекейіміз шұбырып, ойынымызды тастап, ошақ басына жиналатынбыз. Айман апам, иманды болсын,табадағы піскен ыстық нанды қолымен  ұсақтап, үлкен шараға салып сары май қосып, «мыжғыма» нан істеп беретін.

Қазір ойлансам, табадан шыққан ыстық нанға апамның қолдары қалай күймеген, ғажап дүние, иә, бұл алтын Айман апамның ұрпақтарына деген сый-құрметі, алапат мейірімі деп білемін. Апам пісірген таба нан кеуіп немесе қатып қалмайтын,өзі керемет дәмді болатын, қол орақпен шөп шауып жұмыс істегенде, апамның таба наны бізге күш-қуат беретін. Қаншама жыл өтседе, Алланың әмірімен, апамның пісірген таба нанының дәмі аузымнан кетпейді. Алаңсыз, аңғал балалық шағымды үлкен сағынышпен еске аламын.

Көреген бақадүр бабамыз Баубек батыр алып бергената-қонысымыз, есіліп аққан Есіл өзенімен қасиетті Ұлытаудан басталатын Терісаққан өзенінің қосылған жерінде орналасқан біздің елде көктемгі су тасқыны екі рет болады, біріншісі сәуір айының аяғында қар аралас көк мұзбен арқырап, жарықтық, Терісаққан, содан кейін мамыр айының басында Есіл өзені тасиды. Жайылған көктем суы біздің үйдің алдына дейін келеді,қарасаң көз жететін жерге шейін көкпенбек теңіз болып жатады.

Алланың біздің елге берген ризық-несібесі ғой шіркін, шағын көлдер балық, бақа-шаян, жәндік біткеннің өсіп-өнуіне таптырмас өріс-мекенге айналады. Осындай ризық кешегі нәубетті қиын кезеңде Бесоба ауылының халқының аштықтан аман қалуына үлкенсеп болды. Иманды болғыр атам Смағұл, жай қара жіптен ау тоқып, өзі жасаған ағаш қайықпен балық аулап, өз жерлестерін аштықтан аман алып қалды. Біздің елде, біздің шаңырақта балыққа деген құрмет өте зор, балық ұстауға арналған құрал-саймандар үйіміздің төрінде тұрады, біз оларды аса қамқорлықпен ұрпақтан-ұрпаққа аманат есебінде тапсырудамыз. Айман апамның балықтан дайындаған тамақтарының дәмін айтып жеткізу мүмкін емес. Біріншіден, апам балықтың тазалығына қатты мән беретін, ол кісі балықты жуғанда біз су тасудан шаршайтынбыз, екіншіден, апам балықтың ішек-қарнына дейін тазалайтын, әбден жуып болған, жаңа аршылған балықтың уылдырығын қосып тамаша дәм дайындайтын.

Менің студенттік жолдастарым Омаров Серікпен Бәпішев Күнтуар Айман апамның балықтың шек-қарнынан дайындаған дәмді асын, міне, жарты ғасырдан артық уақыт өтсе де, сағынышпен жиі естеріне алады. Ең қызығы, жолдастарымның айтқанына көп адам сенімсіздікпен қарап күледі, ол жағдайды түсінуге де болады, себебі, балықты қойып, өкінішке орай, сойған малдың шек-қарнын аршымайтын заманға да жеттік.

Айман апам жаздың күндері ұстаған балығымызды тұздап қақтайтын, сосын көлеңке жерде сорғытып кептіретін,әбден кепкен соң,ыдысқа салып,қысқа шейін сақтайтын.Қыстың күні мұз қалыңдап, балық аулау қиындаған кездеапам кепкен балықты суға салып, тұзын азайтып, қаймақ-май қосып, бізге пісіріп беретін.Ол тамақтың дәмін айтып жеткізу мүмкін емес деп ойлаймын.

Мамыр айындаапам бие байлап, қымыз дайындайтын,саумал құйған күбіні бізге «пістіретін», шаршаған кезде қашып кетеміз, шіркін, ол уақыт – алаңсыз бір балалық шағымыз еді ғой.

Біздің үйден қонақ арылмайтын, қазіргідей аста-төк заман емес, бірақ, апамның дастарханы жайнап тұратын. Қонақты күтуде апам алдына жан салдырмайтын, адал асыналдарына қойып, маза таппайтын еді. Ауылдастарының алдында Айман апамның беделі өте жоғары еді, жас босанған келіншектерге көмектесіп, шақалақ нәрестелерді өзі емдей беретін.

Әрине, Айман апамның өмірі бір қалыпты болған жоқ,тіршіліктің ызғарлы қиындығын өзінің қайсар мінезімен көтере білді. Өмірлік адал жары Әлпейісов Оспанды, екі інісі, әкем Шаяхметті, көкем Бәдірді Ұлы Отан соғысына аттандырды, олардан хат-хабар күтіп, қаншама түндерін ұйқысыз өткізді. Жанұямыздағы барлық тіршіліктің ауыртпалықтарын ер азаматтай Айман апам қайыспай көтерді. Саналы өмірін әке-шешесіне, туған-туыстарына арнап,соларға жан-тәнімен адал қызмет етті.Аяулы Айман апамжүрегі кең,бауырмал,батыл адам болды, біздерді адалдыққа, еңбекқорлыққа, өмірде таза жүруге баулыды. Апам өзінің туған жерін, Бесоба өзенін қатты жақсы көретін, табиғатты аялайтын, таза ауада жүргенді ұнататын, өскен көк шөптің үстінде отырып, асқан мейіріммен шөптерді алақанымен сипалап, тәубаға келіп отыратын. Айман апамның жаны да, тәні де сұлу еді, қатарларынан әлдеқайда биік тұратын, шапағаты мол, аяулы жан еді. Бүгінгі күні біз, ұрпақтары Айман апамызды үлкен сағынышпен, тебірене еске аламыз,сол бір құшырлана сары майға былғап жейтін ыстық таба нанын сағынамыз. Алладан тілейтініміз, аяулы апа жатқан жерің жарық болып, иман байлығын берсін!

Қабиболла ШАЯХМЕТҰЛЫ.

Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар