Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Болат жолда пойыздар ағылады - АРҚА АЖАРЫ

Болат жолда пойыздар ағылады

«ҚТЖ-жүк тасымалдары» – «ЖТ Ақмола бөлімшесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалы еліміз бойынша көліктік-логистикалық қызметтің барлық түрін көрсетеді. Филиалда сервистің осы түрлерін және Қазақстан арқылы іске асырылатын  маршруттарда клиенттермен өзара түсіністікті қамтамасыз ете отырып, маршрутты және транзиттік тасымалдарды дамыту үшін қолайлы жағдай туғызылған.

Бүгінгі таңда біздің филиал көліктік логистиканы дамытуда елеулі нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Айталық, 2023 жылдың өткен алты айында Ақмола облысы арқылы 3 миллион 478 мың 218 тонна түрлі жүктер тасымалданды. Бұл жүктер негізгі бағыттар бойынша Орта Азия елдеріне, Қытай, алыс шет елдерге, Ауғанстан мен Ресейге жол тартты. Компания филиалында ұсынылатын сервистің сапасын одан әрі жақсарту және тасымалдау маршруттарын кеңейту бағытында мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, қазір Қытайдан Орта Азия мемлекеттеріне, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдеріне, Турцияға, Еуропаға жүйелі контейнерлік сервистің негізгі бағыттары жедел дамытылу үстінде. Оның барысында маршрутқа байланысты жүкті жеткізудің тиімді мерзімдері қарастырылған. Бұл мерзім маршруттың арақашықтығына байланысты жеті күннен он алты күнге дейінгі аралықты қамтып отыр.

Қазақстан маршруттарына қосымша жүктерді тарту үшін филиал сервисті жақсарту орайында бірқатар шаралар қабылдады. Біріншіден, әкімшіліктік кедергілерді неғұрлым азайту жөнінде жұмыстар атқарылуда. Себебі, ондай жағдай жүкті жеткізу мерзіміне кері әсер етеді әрі еліміздің аумағы бойынша транзиттік тасымалдардың тартымдылығын төмендету тәуекелі байқалады. Мұндайда жұмыс тиімділігі де төмендеп, жүкті жеткізу мерзіміне нұсқан келуі мүмкін. Сондықтан, осы тұрғыда қабылданған шаралар мұндай жағдайдың алдын алып, неғұрлым жинақы іс-қимылға жол ашуда. Сол сияқты, темір жол транспортымен тасымалдағанда транзиттік жүктерге кедендік тексеріс жүргізілуіне тыйым салу мәселесін заң жүзінде шешу жөнінде жұмыстар қолға алынуда.

«Ресей темір жолы» акционерлік қоғамының темір жол әкімшіліктерімен ынтымақтастық шеңберінде екіжақты негізде екі мемлекеттің арасында вагондардың өтуінің халықаралық пункттері бойынша өткізгіштік қуаттарды арттыру тұрғысында келіссөздер жүргізілуде. Бұған қоса, компания клиенттерге қызмет көрсету үшін өзінің автоматтандырылған бизнес-процестерін кеңейте түсуде. Бүгінгі таңда жеке кабинет арқылы әрбір клиент жүк тасымалына өтінім беріп қана қоймайды, сонымен бірге, жүктердің жол бойындағы қозғалысы мен тапсырыстың тарихын қадағалап отыру мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр. Атап айтқанда, бұл ретте клиенттер тиеу және түсіру жұмыстарына қоса, вагондарға қатысты барлық операциялар туралы ақпараттар ала алады.

«ҚТЖ-жүк тасымалдары» – «ЖТ Ақмола бөлімшесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалы үш ірі аймаққа – Ақмола облысы, Солтүстік Қазақстан облысы мен Қостанай облысына және еліміздің жүрегі – Астана қаласына транспорттық қызметті жүзеге асырады және «Ресей темір жолы» ашық акционерлік қоғамының Оңтүстік-Орал темір жолымен шектеседі. Тасымалдау жұмыстары темір жол транспортының екі түрімен орындалуда. Жолаушылар және жүк тасымалдаудың 96 пайызы Қырқыншы-Астана-Көкшетау-Жаңаесіл-Преснегорьковка учаскелерінде жүретін электровоздардың үлесіне тиеді. Ал, тепловозбен  тасымалдау Петропавл-Көкшетау-Қызылту учаскелерінде қамтамасыз етіліп, қалған 4 пайызды құрайды.

Бүгінгі таңда «ҚТЖ-жүк тасымалдары» – «ЖТ Ақмола бөлімшесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалында төрт мыңнан астам адам еңбек етеді. Олар осы саладағы инженер-техник қызметкерлері станциялардың бастықтары, кезекшілер, жұмысшыларымыздың үлкен тобын құрайтын машинистер мен машинистердің көмекшілері, вокзалдардың қызметкерлері, тепловоз және электровоз, вагон жөндеушілер, деполардағы басқа да жұмысшы мамандарымыз. Осыдан-ақ біздің филиалдың Ақмола облысының экономикалық-әлеуметтік дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан негізгі кәсіпорындардың бірі екендігі көзге айқын көріне түседі.

Филиал қарамағында жолаушылар мен жүк тасымалдауда бүкіл темір жол желісінің ырғақты жұмысын қамтамасыз ететін локомотив және вагон деполары, темір жол станциялары аз емес. Осындағы қызметкерлердің тәртіп пен жауапкершілікті басты назарда ұстайтын үйлесімді жұмысымен бүкіл темір жолдың тыныс-тіршілігі тайқазандай қайнап жатады. Біздің сала тәртіпті, дәлдікті, қырағылықты қажет ететін жұмыс болғандықтан, әрбір қызметкерге қойылатын талап жоғары. Бұл түсінікті де. Олай болмаса, мыңдаған шақырымға созылатын болат жол бойындағы күнделікті жұмыс ырғағы бұзылып, жағдай әрқалай болып кетер еді. Мұны  темір жолда істейтін әрбір адам да жақсы біліп, өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, көрсетілген сенімнен шығып келеді.

Міне, тұтастай алғанда темір жол сияқты үлкен саланың бабын да келтіріп, бағын да ашып отырған осы адамдарымыздың бәрін шын жүректен Көлік қызметкерлері күнімен құттықтап, зор денсаулық, мол бақыт, өмірдің бар шаттығы мен жауапты жұмыстарында қажыр-қайрат тілеймін. Біздің қызметкерлер үшін «теміржолшымын» деген бір ғана сөзөмір бойы мақтаныш. Осы сөздің құдіретімен елімізде, соның ішінде біздің Ақмола, Көкше өңірлерінде қаншама теміржолшылар әулеттері өсіп-жетілді. Олардан шыққан аптал азаматтар осы салада кешегі аталары мен әкелерінің, әжелері мен аналарының өнегелі жолдарын лайықты жалғастырып келеді. Сол теміржолшы мамандығына деген құрмет, сүйіспеншілік сезімі әр жүректе сөнбесін. Теміржолшылардың қалың қатары жылда өз төл мерекелерін жоғары көрсеткіштермен және тың жетістіктермен қарсы ала берсін!

Әділхан ДӘКЕНОВ,
«ҚТЖ-жүк тасымалдары» – «ЖТ Ақмола бөлімшесі»
жауапкершілігі шектеулі серіктестігі филиалының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар