«СейНұр» фирмасының көкжиегі кең

Облыс орталығында жолаушылар тасымалымен бүгінде «Көкшетау» автобус паркі», «СейНұр»фирмасы», «Тұлпар» автобус паркі» серіктестіктері айналысады. Көлік қызметкерлері күні қарсаңында біз «СейНұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, ұжымның бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстық.

Серіктестік тарихына үңілетін болсақ, «СейНұр» фирмасы» 1998 жылы құрылып, Абай Халитұлы Сейдалин негізін қалаған. Бүгінде арамызда жоқ іскер азамат Абай Халитұлының бастап кеткен еңбек жолын оның зайыбы Райхан Зейноллақызы мен ұлы Нұрлан Абайұлы лайықты жалғастырып келеді.

Кәсіпорын аумағы 2,844 гектар жерді құрайтын қуатты өндірістік базамен жабдықталған. Өндірістік кешен базасында шанақ цехы, қозғалтқыштарды жөндеу цехы, агрегаттық, механикалық цех, электр цехы, токарьлық цех, аккумуляторлық цех, дәнекерлеу цехы, диагностика посты, техникалық қызмет көрсететін екі бекет, автобустарды жуу орны, көлікке арналған жылы тұрақтар бар. Сонымен бірге, екі қабатты кеңсе ғимаратыжұмыс істейді.

Жолаушыларды тасымалдау қызметінен басқа, кәсіпорын қосымша қызметтерді де көрсетуге қауқарлы. Мәселен,  автомобильдерді жөндеу және техникалық қызмет көрсету, кәсіпорын аумағын көлік құралдарының тұрағына беру, автомобильдерді боксқа қою сияқты қызметтерді де ұсынады.

Қала тұрғындарын шаһар ішінде тасымалдаумен айналысатын «СейНұр» фирмасы» серіктестігінің автобустары біркелкі безендірілген. Оны кез келген тұрғын байқаған болар. Сейнұрлықтар № 4; 6; 7; 8; 19; 21; 22; 32; 34; 37 деп белгіленген бағыттар бойынша үздіксіз қозғалысты қамтамасыз етуге тырысып бағуда. Автобустар таңғы 7.00-ден кешкі 21.00-ге дейін, ал, 6, 8, 22 нөмірлі маршруттардағы автобустар сағат 22.00-ге дейін жолаушыларды тасымалдайды. Паркте 33 автобус жолаушылар тасымалын жүзеге асырады, оның 23-і жаңа көліктер, қалған 10 автобустың тозығы жеткен көрінеді. Серіктестік басшыларының айтуына қарағанда, алдағы уақытта тағы да біршама жаңа автокөліктер парк базасын толықтыра түспекші.

Қала тұрғындары арасында «СейНұрдың» 8-ші нөмірлі автобусына көңілдері тола бермейтіндері бар. Осы бағыт бойынша күніне сегіз автобус маршрутқа шықса да, халық лық толы. Әсіресе, қарбалас уақыттарда көліктерде аяқ басатын жер болмай, кейбір адамдар аялдамада сыймай қалып қойып жатады. Бұл орайда, сейнұрлықтар:

–Қарбалас уақыттарда басқа бағыт бойынша жүретін көліктерде де осындай қиындықтар туындап жатады. Біз автобус паркінің қауқарына сәйкес көліктерді әр бағытқа бөліп, қоямыз. Дегенмен, тағы да автобус шығарайын десек, жүргізушілер жетіспейді, –дейді.

Бұл кәсіпорында жетістіктермен қатар, шешімін күткен мәселелер де бар екендігін көрсетеді.

–Автобус паркінің негізгі жүргізуші құрамы Кеңес дәуірінен бергі  тәжірибесі бар кадрлардан тұрады және жыл сайын олардың саны азайып келеді. Мәселен, жасы келген жүргізушілер зейнет демалысына кетеді. Ал, жастар автобустарға жүргізуші болып келе бермейді, сондықтан, босап жатқан бос жұмыс орындарын толтыру қиынға соғуда. Бұл біздің фирмадағы ғана мәселе емес, жалпы қала бойынша қалыптасқан жағдай. Жастар жүргізуші болғылары келмейді, келсе де көп шыдамай кетіп қалып жатады. Бұрын паркте 100 жүргізушіге дейін болған, қазіргі уақытта олардың саны 50-ге де жетпейді. Пандемияның тұсында 6 жүргізушімізден айырылып қалдық. Оларды осы жаман ауру мезгілсіз алып кетті, –дейді Райхан Сейдалина. Осы ретте, серіктестік тілек білдірушілер болса, қазір де жүргізушілер мен автомобиль жөндеу слесарьларын жұмысқа қабылдайтындығын айта  кету керек.

«СейНұр» фирмасықаланың қоғамдық өміріне де белсенді араласады. Оны түрлі ұйымдар мен жеке тұлғаларға жасап жүрген қайырымдылық шараларынан көруге болады. Жеңіс күні мерекесінде соғыс және тыл ардагерлеріне қомақты сыйлықтар ұсынып, кәсіпорынның зейнеткерлеріне материалдық көмек көрсетеді, сондай-ақ, түрлі ұйымдар мен жеке тұлғаларға демеушілік жасап тұрады.

Фирманың ендігі мақсаты бұрыннан келе жатқан автокөліктер паркінжылдан-жылғанеғұрлым ыңғайлы заманауи автобустармен жаңартып отыру арқылы жолаушылар тасымалын жүзеге асыруды жақсарту, жолаушыларға қызмет көрсету мәдениетін арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру болып табылады.Сонымен қатар, кәсіпорын бюджет пен кредиторлар алдындағы барлық міндеттемелерін уақытылы орындайды, бұл ұжымның тұрақтылығы мен жоғары біліктілігін тағы бір рет дәлелдейді. Кәсіпорын бәсекеге қабілеттілікті арттыру және халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін ыңғайлы жылжымалы жабдықтарды, автомобильдерге техникалық қызмет көрсету құралдарын сатып алуды жоспарлауда.

Кәсіпорын Көкше елінің ардақты азаматы, өмірден ерте кеткен осы ұжымның бұрынғы басшысы Абай Халитұлы Сейдалиннің салып кеткен сара жолымен әрі «Алға, тек алға!» ұранымен жұмыс істеп, жолаушылар тасымалдау ісінде ұдайы жақсы нәтижелерге жетіп келе жатқандығын айтқан ләзім. Нәзікжанды болса да, ер-азаматқа бергісіз Райхан Зейноллақызы басқарған ұжым алда да небір биік асулардан үмітті.

    Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар