Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың Сандықтау ауданына жұмыс сапары республикалық маңыздағы Көкшетау-Атбасар автожолының орта жөндеу жұмыстарын қадағалаудан басталды.
–Жол 184 шақырымға созылған. Әр жылдары мұнда осындай орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Әрине, пайдалану барысында жол біртіндеп істен шығады. Соған орай, тұрғындар да облыс әкімімен есеп беру кездесулерінде осы проблеманы бірнеше рет көтерген болатын. Жылына екі рет біз жолдың өн бойын мұқият қарап шығып, бүлінген жерлерін анықтаймыз, қайта жөндеу жүргіземіз.Қазіргі мердігердің бұл жағынан жауапкершілігі мол, қаржыландыру да ойдағыдай, – деп сендірді «ҰҚ «Қазавтожол» акционерлік қоғамы Ақмола облыстық филиалының директоры Қанат Шаймин.
–Жол учаскесінің ұзындығы 55 шақырым. Бұл құны 4,2 миллиард теңге, келесі жылға өтетін екі жылдық жоба. Ауа райы мүмкіншілік бергенге дейін жұмыс істей береміз. 3,5 шақырым жолға төменгі бір қабатпен асфальт төселді. Екінші қабатты келесі жылы төсейтін боламыз, – дейді осы жобаның мердігері, «Ритм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Серікжан Баянбек. –Сапасын баса қадағалаймыз, өйткені, бізге өзіміздің беделіміз де қымбат.
–Әрбір есеп беру кездесуінде тұрғындардың барлық сұрақтары халық шаруашылығы үшін үлкен маңызы бар осы жолдың төңірегінде болды. Ақыры, жөндеу жұмыстарын бастадық. Сондықтан, сіздерге бір өтініш бар. Жолды сапалы етіп жасаңыздар, ол ең алдымен адамдарға ыңғайлы әрі жайлы болуы керек, – деді өз кезегінде облыс әкімі.
Сандықтау ауылының мәдениет үйі де ақыры, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткізілетін болды. Ғимаратта жылу жүйесі толық ауыстырылып, барлық электр сымдары жаңадан тартылыпты, шатырды жаңартып, еденді түзеп, жаңа терезелер салыпты. Жобаның құны 83,6 миллион теңгені құрап отыр. Мұнда атқаратын жұмыстар әлі көп. Әрі облыс әкімінің де әрлеу жұмыстарының сапасына сауалдары мен келіспеушіліктері аз болмады.
–Жұмыс көлемі үлкен. Сондықтан, қосымша адамдарды тартыңыздар, ал, жұмыстың өзін сапалы атқаруға тырысыңыздар, – деді ол. –Ертең балалар үйірмелерге алаңсыз келетін болсын.
Лесное селосында қарапайым, ұзақ та мағыналы өмір жолынан өткен Анна Федотовна Иванова деген әже тұрады. Облыс әкімі тыл еңбеккерін жүз жасқа толуымен тебірене құттықтап, осы заманғыүлкен теледидар сыйлады. Анна Федотовна аймақ басшысына өзінің отбасын, туғанына екі ай ғана толған ең кіші шөбересін таныстырды. Ғасыр жасаған Анна әже бес бала тәрбиелеп өсіріп, олардан жеті немере, 16 шөбере сүйген бақытты жан. Ермек Боранбайұлына өзінің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы балалық шағы, ол кезде небары жеті жаста болғаны туралы айтып берді, өз кезегінде облыс әкімі де мерейтой иесіне зор денсаулық, әлі де ұзақ ғұмыр тіледі.
Осы жолы аймақ басшысы сондай-ақ, селодағы көп қырлы спорт алаңын аралап көрді. Ол 19,6 миллион теңгеге тұрғызылған. Облыс әкімінің жұмыс сапарының алдында ашылған алаңда балалар Ермек Боранбайұлын қоршап алды. Олар өз жүрек толы қуаныштарын жеткізіп, осындай сыйлық үшін алғыстарын білдірді. Балаларды ата-аналары да қолдап, ризашылықтарын жасырмады. Ал, облыс әкімі болса, жаңа алаңды күтіп ұстау керектігін, оған мемлекеттің әжептәуір ақшасы жұмсалғанын айтып, жиналғандарға сәттілік тіледі.
–Біздің село даму үстінде. Бір мектебіміздің өзіне үш меценат, Усенко, Докаев және Мусханов көмектеседі. Су, жарық бар. Рас, интернет жағы әлсіздеу. Ал, қалған мәселеде ренішіміз жоқ, – деп өз ойын білдірді бізге село тұрғыны Татьяна Батяева.
Сондай-ақ, бұл күні Ермек Маржықпаев Лесное селосындағы көше жолдарына жасалып жатқан орта жөндеу жұмыстарының қарқыны пен сапасына да назар аударды. Ал, Петровка селосында 80 оқушыға арналған мектептің құрылысымен танысты. Әкімді мұндағы жұмыстардың қарқыны қанағаттандырмады.
–Ендігі электр желілерін тартып, жылу жүйесінің құбырларын төсейтін кез болды. Мектеп шағын ғана, сондықтан, сметалар қымбаттамай, әрі жаңбыр жаумай тұрып, қазан айына дейін жұмыстың бәрін жеделдету керек, – деді мердігерлерге айтқан сөзінде.
Аудан орталығы Балкашино селосында жастардың бос уақытын өткізетін орталық салынуда. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң, қазан айынан бастап онда 100 бала өздері үшін пайдалы түрлі үйірмелерге қатысып тұратын болады. Бұл орайда да, Ермек Маржықпаев жиһаз бен жарыққа кететін шығынды есептеп шығаруды және мүмкіндігінше құрылысты ертерек аяқтауды тапсырды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Сандықтау ауданы.