Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ертеңгі бақытың – өз қолыңда - АРҚА АЖАРЫ

Ертеңгі бақытың – өз қолыңда

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өз салымшылары мен алушыларына сапалы қызмет көрсету үшін барынша заманауи әрі ыңғайлы сервистерді ұсына отырып, өз қызметтерін үнемі дамытып және жетілдіріп отырады. Қорда жинақталған зейнетақы қаражатының сомасын, жұмыс берушіден түсетін жарнаны қадағалап, болашақта лайықты зейнетақыға қалай қол жеткізуге болады? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін тілшіміз Асылай Қадырқызы «БЖЗҚ» АҚ Ақмола облыстық филиалының білікті мамандарымен пікірлесіп қайтты.

Көкшетау қаласының Н.Назарбаев даңғылындағы «Капитал» бизнес-орталығында орналасқан филиал есігі таңертеңгі сағат 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін келушілер үшін әрдайым ашық. Операциялық зал мамандары түрлі сауалмен келетін салымшыларды жылы шыраймен қарсы алады. Мен де операциялық залға кіріп, кеңес алу үшін талон алып күттім. Таблодағы кезегім келгенде операциялық бөлімнің жетекші маманы Мәдина Бессарина алдымен жеке зейнетақы шотымды тексеру бойынша кеңес берді. Біртіндеп, келушілер саны да көбейе бастады.

Операциялық бөлімнің жетекші маманы Мәдина Асқарқызы зейнетақы шотымнан үзінді көшірмені басып шығарғаннан кейін мен болашақта лайықты зейнетақы алу үшін қанша қаражат жинау керектігін сұрадым.

–Егер сіз 1998 жылға дейін жұмыс істеген болсаңыз және жұмыс өтіліңіз болса (кем дегенде 6 ай), онда зейнетақыңыз ортақ, базалық және жинақтаушы бөліктерден тұратын болады. Егер сіз 1998 жылға дейін жұмыс істемесеңіз, онда зейнетақы тек базалық және жинақтаушы бөліктен тұрады. Бұл жағдайда мемлекет ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең сомаға кепілдік береді. Ал, 33 жыл және одан да көп еңбек өтілі болған жағдайда ең төменгі күнкөріс деңгейінің жүз пайызы көлемінде болады. Болашақ зейнетақыңыздың лайықты болуы үшін қазірден ойлану керек. Көп адамдар кәріліктің ауылы әлі алыс және болашақзейнетақы қорын жасауға уақыт жеткілікті деп ойлайды. Өкінішке орай, уақыт зымырап өте шығады және тек зейнетке шығуға бір-екі жыл қалғанда ғана көбі осы мәселе туралы ойлана бастайды. Ал, бұл уақытта шоттағы жинақ қалағаныңдай  болмайды. Сондықтан, зейнетақы аударымдарын уақытылы және толық көлемде жасау өте маңызды. Сонымен қатар, міндетті зейнетақы жарналарына қосымша ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) да аударуға болады, бұл болашаққа көбірек қаражат жинауға көмектеседі, – деп атап өтті Мәдина Асқарқызы.

– Ерікті зейнетақы жарналары – бұл салымшының өз бастамасы бойынша БЖЗҚ-ға өз пайдасына да және үшінші тұлғалардың пайдасына да, мысалы, зейнетақы жинақтары жеткіліксіз туған-туыстары үшін салатын қаражат. Бұдан басқа, жұмыс беруші заңды тұлғалар да өз қызметкерлерінің пайдасына ЕЗЖ аудара алады. Жарна сомасы мен кезеңділігін салымшылар дербес айқындайды.

Сондай-ақ, ЕЗЖ өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық үшін де тиімді, олардың зейнетақы шотына әдетте шағын сома аударылады. Ал, тұрақты ерікті жарналар қомақты зейнетақы алуға мүмкіндік береді.

Соңғы өзгерістер тұрғысына келсек, ЕЗЖ есебінен төлемді тек 50 жасқа толғанда, мүгедектік тағайындалған кезде, сондай-ақ, республикадан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен кезде алуға болады. Электрондық сервис тоқтаусыз даму үстінде, оның бір айғағы – ЕЗЖ-ны қоса алғанда, барлық жеке зейнетақы шоттары алғашқы түскен жарна негізінде автоматты режимде ашылады. Жеке зейнетақы шотын ашу және ЕЗЖ төлеу қолайлы болу үшін екінші деңгейдегі  банктер жарналарды смартфондарға арналған Kaspi.kz, Homebank қосымшалары немесе Халық банкінің өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы онлайн аудару мүмкіндігін ұсынады.

Осыған орай, ерікті зейнетақы жарналары – алмастыру коэффициентін арттырудың тиімді тәсілі және зейнеткерлікке шыққан кезде алатын зейнетақы мөлшерін арттырудың қосымша көзі деген қорытындыға келдім. – Осылайша, мен өз зейнетақымды жоспарлай аламын және еңбек қызметі аяқталғаннан кейін өзіме лайықты қазыналы қарттықты қамтамасыз ете аламын. Міндетті зейнетақы жарналарының тұрақты аударылуын қадағалайтын боламын және ерікті зейнетақы жарналарын да жүзеге асыра бастаймын.

Мен барған кезде филиалдың қызмет көрсету бөлімінде лездеме өтіп жатты, оның барысында бөлім бастығы клиенттермен жұмыс істеу бойынша қысқаша нұсқаулар беріп, алдағы күннің жоспарлары талқыланды. Мұндай кездесулер көзбояушылық үшін өткізілмейді. Бөлімнің жұмыс көлемі шынымен де өте ауқымды. Тоғыз мобильді агенттің әрқайсысына қаланың 15-20 ірі және шағын ұйым-кәсіпорындарынан келеді. Сонымен қатар, кесте бойынша қандай да бір себептермен, мысалы денсаулығына байланысты БЖЗҚ кеңсесіне өзі бара алмайтын адамдармен кездесу де көзделген. Мобильді агенттің күнделікті жоспарына кемінде 3-4 кездесу кіреді. Барлығына үлгеру үшін бөлім қызметкерлері алдын ала шақырылып, жоспарланған кездесулерді растап, содан кейін маршрут құрады.

– Мобильді агенттің жұмыс күні әдетте 9.00-де басталады, бірақ бәрі жоспарланған кездесулерге байланысты. Жұмыс барысына қарай ертелеу басталуы да мүмкін, себебі, кейбір ұйымдарда ауысымдық жұмыс кестесі және таныстыру рәсімін өткізу немесе ақпараттандыру тәсілін өзгерту бойынша қосымша келісім жасалады, – дейді барып қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Азамат Мұхамеджанов.

Әр жұмыс күні салымшылармен жеке кездесіп, сұрақтарына жауап беріп, құжаттарын жасауға көмектесіп, өтініштерін қабылдайтын Азамат Мұхамеджанов зейнетақы жүйесінде сегіз жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Биылдан бастап барып қызмет көрсету бөлімінің бас маманы лауазымында жұмыс істейді. Сол күнгі жұмыс кестесі бойынша Ақмола облысында құрылыс материалдарын өндірумен айналысатын ірі кәсіпорын қызметкерлерімен және тағы бірнеше кездесу өткізу жоспарланған екен.

Айта кетейік, Қор  облыстың көптеген компанияларымен тығыз байланыс орнатқан.

– Біз ынтымақтаса жұмыс істейміз, – дейді БЖЗҚ мамандары. – Бұл өзара тиімді процесс деп аталады. Бізге адамдардың болашақ зейнетақыларына деген дұрыс көзқарасы, ал, кәсіпорын басшылары үшін қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалғаны маңызды.

– Қазір электрондық форматта ЭЦҚ көмегімен Қор қызметтерін онлайн режимде алуға болады. Салымшыларымыздың көбі қызметтерді нақ осындай тәсілмен алатынын атап өткім келеді. Қазір тұрғындар белсендірек бола бастады, олар ЭЦҚ пайдалану арқылы уақытты айтарлықтай үнемдеуге болатынын түсінді. Ал, біздің міндетіміз – қолжетімді заманауи технологиялардың барлық артықшылықтарын ұсыну және оларды пайдалануды үйрету, – деп түсіндірді Азамат Мұхамеджанов. – «Мұндай кездесулерде қандай сұрақтар қойылады?» деп қызығушылық таныттық. – Сауалдар сан түрлі. Біздің бөлім қызметінің артықшылығы неде? Мысалы, адам жұмыс істеп жүріп, БЖЗҚ-ға баруға уақыт таппайды. Бірақ жауабын білгісі келетін сұрақтары көп. Біздің мамандардың міндеті – әрбір салымшымен дербес тілдесіп, оның жинақтарымен байланысты қандай да бір түйткілдерді түсіндіріп, осы заманғы зейнетақы жүйесінің барлық деңгейлері туралы айтып беру, – дейді ол.

Облыстық филиалдың барып қызмет көрсету бөлімінің мамандары әрдайым жол үстінде. Олар – мобильді агенттер. Сондықтан, әлгіндей жұмыс кестесіне үйреніп қалған. 2019 жылдың қараша айынан бастап «БЖЗҚ»АҚ Ақмола облыстық филиалында спутниктік байланысы бар қажетті техникамен жабдықталған арнайы көлік – «Мобильді кеңсе» жобасы іске қосылды және табысты жұмыс істеуде. Осы жобаның арқасында бөлім мамандары шалғай елді мекендердегі салымшыларға барып тұрады.

– Біз қазіргі және болашақ салымшыларымызбен еркін пікірлесуге дайынбыз, – деп атап өтті филиалдың барып қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Әлия Жакина. – Бөлімнің алдына қойылған басты міндет – «БЖЗҚ» АҚ салымшыларын өз зейнетақысын жоспарлауға, Қор сайты арқылы өз бетінше электрондық қызметтерді алуға, зейнетақы заңнамасындағы барлық өзгерістер туралы хабардар болуға үйрету. Мысалы, көпшілігі өздерінің зейнетақы аударымдарын қадағаламайды. Сонымен қатар, біз үй мекенжайы өзгерген жағдайда, жеке куәлік жоғалған немесе жаңартылған кезде 10 күн ішінде зейнетақы қорын хабардар ету және салымшы деректерін базада өзгерту қажет екенін түсіндіреміз. Мұны салымшылардың көпшілігі біле бермейді. Сұрақ көп және біз оның кез-келгеніне жауап беруге дайынбыз.

Әрине, келіп айтып-түсіндіру жеткіліксіз, ең алдымен түпкілікті нәтиже бағаланады. Сондықтан, БЖЗҚ мобильді агенттері жұмыс істеу үшін барлық қажетті құралдармен жабдықталған: құжаттарды сканерлеу, үзінді көшірмені басып шығару және тағы басқалары үшін ноутбук, USB-модем және портативті МФУ қолданылады. Денсаулығына байланысты Қор кеңсесіне бара алмайтындарға ерекше назар аударылған.

–Қандай да бір қызметтерді алу қажеттілігі туралы БЖЗҚ сайтында өтінім қалдыру немесе 1418 нөмірі бойынша байланыс-орталығына қоңырау шалу қажет. Өтінімді алғаннан кейін біз өтініш берушімен хабарласып, оған ыңғайлы уақытты белгілейміз, – деп түсіндіреді А.Жакина. – Шот ашумен, өзге ресімдеумен байланысты барлық мәселені біз сол жерде шешеміз. Сондай-ақ, мерзімсіз уақытқа 1 және 2 мүгедектік тобы бар адамдарға қоңырау шалып, олардың зейнетақы жинақтарын алуға құқығы бар екендігі туралы хабарлаймыз.

Аяш Хәкімқызы Кеншінбаева басқаратын БЖЗҚ Ақмола облыстық филиалының негізгі жұмысы зейнетақымен қамсыздандыру саласында халықтың қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыруға, БЖЗҚ-ның оң бейнесін қалыптастыру арқылы халықтың зейнетақы жүйесіне деген сенімін нығайтуға, сондай-ақ, дербес зейнетақы жоспарларының мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Осылайша, өткен жылдың бірінші жартыжылдығында өңірлік телевизия, газеттерде, жергілікті атқарушы органдар мен ақпарат агенттіктерінің сайттарында 617 ақпараттық материал жарық көрген болса, сәйкесінше, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында БАҚ-та 909 ақпараттық материал жарияланды. Сонымен қатар, облыстың әртүрлі ұйымдарында 730-дан астам көшпелі тұсаукесерлер өткізіліп, оған15 мыңнан астам адам қатысты.

– Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында біздің мамандар шалғай аудандарға «Мобильді кеңсе» шағын автобусымен сапарға шығуда. «БЖЗҚ» АҚ қызметінің ашықтығы мен жариялылығын арттыру үшін тоқсан сайын Ашық есік күндері өткізіледі. Нәтиже бар. Егер бұрын зейнетақы қорының қызметкерлері «БЖЗҚ» АҚ дерекқорындағы салымшылардың қосымша деректемелерін жаңартып, интернет-арналар арқылы хабарлау тәсіліне қосымша келісімдер жасаса, енді салымшылар БЖЗҚ-ның ұялы қосымшасын өз смартфондарына жүктеп, сол арқылы зейнетақы жинақтарын қадағалап, зейнетақы калькуляторының көмегімен болашақтағы зейнетақы мөлшерін есептеп, зейнетақы шотының болуы туралы анықтаманы басып шығарады. Осылайша салымшылардың 80 пайыздан астамы Қордың барлық электрондық қызметтерін белсенді пайдаланады, – дейді облыстық филиал басшысы Аяш Кеншінбаева.

Филиал ұжымының бір күнгі жұмысын ой елегінен өткізе отырып, зейнеткерліктің ауылы алыс емес екенін түсіндім. Сондықтан, біздің әрқайсымыз қазірден бастап өз болашағымыз туралы ойлануымыз қажет, яғни, зейнетақы жүйесінің белсенді қатысушысы болып, лайықты қарттықты қамтамасыз ету үшін өз жинақтарымызды бақылап отыруымыз керек.

Оқырмандарымызға түсінікті болу үшін арнайы барғандықтан  www.enpf.kz сайтында зейнетақы калькуляторын қалай пайдалануды да үйретуді өтіндім. Бұл жерде күрделі ештеңе жоқ екен. Қажетті деректерді енгізсек, болжам дайын. Және мұны пессимистік, шынайы және оптимистік тұрғыдан саралауға болады. Ал, оның қайсысының біздің болашағымызға айналатыны тек өзімізге ғана байланысты.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар