Тіл тұғыры биік болса, ұлтымыз да еңселі

Бүгінгі таңда жас ұрпақты өз халқының тарихын, тегін, салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін білетін, адами қасиеті мол етіп тәрбиелеу – өмір талабы, қоғам қажеттілігі. Өйткені, ұлтжанды, дарынды да талапты жастар – бүгінгі егеменді еліміздің жарқын болашағы.

Осыған орай,Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы  Тоқаев «Еліміздің жастары мен талантты азаматтары мемлекеттік қызметте ілгерілеу үшін арнайы кадрлық бағдарлама дайындаймыз. Болашағымыз жастардың қолында! Еліміздің ертеңі де – жастар!» деп орынды атап өтті.

«Тәрбие басы – тал бесік» деп бабаларымыз тауып айтқан болса, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген екен. Ұлы ақынымыз Мағжан Жұмабаев «Қазақ баласының тәрбиесі қазақ тұрмысына қабысуы мақұл» деп қазақы тәрбиенің маңыздылығын ескерткен.

Қазақы тәрбие дегенді кім қалай түсінеді? Осы жөнінде азырақ ой айтсам. Бұл – ең әуелі ата-анасын, үлкенді және қоғамды, яғни, өзі өмір сүріп жүрген ортаны сыйлау. Осы айтылғандарды ескеріп өскен, ата көрген бала тәрбиесіз болмайды. Қазақ «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді. Ұрпақ өмірін ұлт тағдырына балап, баянды ғұмыр кешіп, ондаған ғасырларды өзінің тарихи қоржынына бөктерген халқымыздың басынан нендей жағдайлар өтпеді?! Қиянат та болды… Қанды қырғындар да өтті… Бірақ, біздің халық сол тарихтың аласапыран кездерінің қай-қайсысында да тілді сақтау – ұлтты сақтау екенін естен шығарған емес.

Әрбір халық өзінің жылдар бойы жасаған мәдениетін, оның озық үлгілерін ұрпағының бойына сіңіру арқылы баланы өткен уақытқа құрметпен қарауға тәрбиелеумен бірге, оның тілге деген сүйіспеншілік сезімін де үнемі назарда ұстап отырған. Дәстүр дегеніміздің өзі ұрпақтан-ұрпаққа, атадан балаға көшетін, тарихы қалыптасқан әлеуметтік нормалар мен принциптер жиынтығы. Дәстүр мәдениетпен тығыз байланысты болады. Ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, адалдық, әділдік сезімдері барлық халықтарға тән дәстүр ретінде қалыптасады. Осы салт-дәстүрміз бен ана тіліміздің көмегімен жас ұрпақ бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, салт-дәстүрді ұмытпай, қастерлеп, қадірлеуіне, сөздік қорын молайтып, баланың өз тілінде дұрыс сөйлеп, дұрыс жаза білуіне назар аудару – әр ата-ананың міндеті. Бірақ, осы күні бұл жай ескерілмейтініне қынжыласың.

«Тілден асқан байлық жоқ», тон-торқа, мал-мүлік, алтын-күміс күндердің күнінде сарқылады, тозады. Халықпен бірге мәңгі жасайтын тіл байлығы екенін ұмытпайық. «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» дегендей, атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттер жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға жалғасып отыруы керек. Шыншыл, әділетті, иманды болу, сонау ата-бабамыздан жол тартқан дәстүріміз. Бұрынғылар ұрпақтарынан ұлттық салт-дәстүрімізді мықтап ұстауын талап еткен. Ал, қазіргі тәрбиеміз көптеген өзгерістерге ұшырап, кері кетіп қалды десек бір өтірігі жоқ. Бұның басты себебі,осы маңызды мәселеге діттегендей көңіл бөлмей кеткендігімізде. Сондықтан, келешек ұрпағымыз тәрбиелі болсын десек, кішкентай кезінен бастап отансүйгіштікке, мақсаткерлікке, ақылдылыққа, қайырымдылыққа, әдептілікке, имандылыққа тәрбиелеуге тиіспіз.

Ұлттық тәрбиенің басты құралы – ұлттың тілі. Ешкімге құпия емес, бұл жағынан кемшін тұстарымыз жетерлік. «Ұлттың тілінің кеми бастауы оның құри бастағанын көрсетеді» деген данышпан Мағжан атамыз. «Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын мінезі көрініп тұр». Бұл да ұлы ақынның тілге берген сипаттамасы.

Ендеше, өркениеттің ұлы көшінен кенже қалмайық, ұлт ретінде ұлтсыздануға ұшырамайық десек, ең алдымен ұрпағымызға қазақы тәрбие беру құралы болған ана тілімізді қастерлейік, соның қадіріне жетейік. Бұл осы күнгі басшыға да, қосшыға да үлкен сын,  ағайын!

Жанел ЗАЙЫТ,
Ақмола облысы қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының бас маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар