Бала Абылайды жау қолынан аман алып қалған Ораз Аталық

Жазушылар Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романы мен Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының екінші кітабында қазақтың хан, би, батырлары, басқа да игі жақсыларымен бірге сөз болатын Ораз Аталық – сол бір аумалы-төкпелі заманда ел ішінде айтарлықтай іс тындырған  тарихи тұлға. Жас кезінде Абылайды төтеден ауылын шапқан жау тырнағынан құтқарып, кейін халқының қамын ойлаған іргелі хан болуына септескен Ораз Аталықтың сүйегі осы күні Бурабайдың баурайында өзі аттас Оразбұлақ ауылында жатыр. Мұны айтып отырғанымыз, бабаларының қадір-қасиетін, сол бір ерлігін естен шығармаған ұрпақтары алдымыздағы 13 тамыз күні осы ауылда Ораз Аталыққа арнап ас беріп, бейітіне тәу етіп, үлкен бір сауапты істің биігінен көрінбекші. Осыған орай, бүгін газетімізде жарияланып отырған белгілі жерлес жазушымыз Естай Мырзахметовтың көзі тірісінде қалам тартып кеткен төмендегі деректі мақаласы да осы бір игілікті шара алдында бүгінгі оқырмандарымыз хан Абылайдың өзі жақсылығын бағалап, «Бабам» деп ардақтап өткен Ораз Аталық туралы аз-кем біле түссе деген ниеттен туындап отыр.  

1934 жылдың жазы болатын. Біздің Жарғайың ауылына алыстан арып-ашып аталас ағайындарымыз көшіп келді. Үлкендеріміздің сөз әлпетіне бақсақ, әйгілі Жекебатырдың Тәшмағанбетінің балалары екен. Ұлы кәмпескеде мал-мүліктері тәркіленіп, үптеліпті де, өздері жер аударылыпты. Әйтсе де, сүйегінде уыт бар тектен емес пе, барған жерге байланып қалмапты, ебін тауып жылыстап кетіпті. Ауылымызда Шәймерден атты елге сыйлы кісі болатын. «Ата» дейтінбіз. Сауатты, шежіре жинаған, сөз қадірлеген кісі-тұғын. Жекебатыр ұрпақтары әдейі сол кісімен астыртын хабарласып барып келсе керек. Маңайына үйірленіп, әңгіме-дүкен қыздырып отырғандары. Хан-сұлтандар, батырлардың ерлік істері, билердің, шешендердің қиюдан қиысқан сөздері кетеді дейсің ағылып. Абылай, Кенесары мен Наурызбай, Жекебатыр аттарына, Әбілмәнсұр мен Ораз оқиғасына құлағымыз сол кезден қанық болып еді. Әттең, бірақ, бұл күй ұзаққа бармады. 37-жылдың қара құйыны ауылымыз үстінен соғып өтті. Зады, бір тықырдың таянғанын сезсе керек, Жекебатыр ұрпақтары бір күн ішінде жоқ боп шықты. Ал «хандар мен билер заманын аңсаған» Шәймерден атамыз 67 жасында «халық жауы» атанып кете барды.

Арада аттай 42 жыл өтті. Қойын дәптеріме «1980 жыл, 23-ақпан» деп түртіп қойған екенмін… Мұқашев Ерәлі есімді азамат бар еді. Облыстық деңгейде де, аудан басшылығы қызметін де атқарған, ел көріп, жер таныған, сөз білетін. «Бүгін саған тамаша бір сюрприз жасаймын» деп, атап айтып, шайға шақырды. Дастархан төрінде дембелше денелі, кескін-келбеті келісті, егде жастағы бейтаныс кісі отырды. Омырауы толған орден. Көбі Отан соғысыныкі. Әскер күніне орай самсатып таққанын ішіміз ептеп сезбейді емес. Ерәлі меймандарын бір-бірімен таныстыра-білістіре отыру рәсімін осы кісіден бастады. Аты-жөні Шоң Рақымов. Бұл кісі, ойбо-оойй, нағыз асылдың сынығы. Абылай ханның өзі  Бабам деген Ораздың ұрпағы» дегені емес пе.

Ерәлі Мұқашев атты азаматтың тосыннан жасаған «сюрпризінің» арқасында, ойсыз жерден ат басындай алтын тауып алған адамдай қуанышқа бөлеген әңгімені тәтпіштеп жатпай, осы арадан доғарайын да, тамыр-сабағы берік бітіскен келесі әңгімеге көшейін…

Өткен қой жылында Көкшетау жерінде, еліміздің елдігін танытқан, тарихымыздың көзден таса, көңілден қағас үлкен бір белесін жарқыратқан ұлан-асыр той өтті. Абылай хан тойы! Сол той қарсаңында талай заман беті бүркеулі жатқан тағы бір аса қымбат көмбенің үстінен ойсыз жерде түскендей болған едік… «Көкшетау» газетінің қызметкері Райхан Сейітова қарындасымыз жол сапармен Бурабайға барғанында Абылай ханның атақты немересі Әбайділда (Ғұбайдолла) әулетіне келін, тоқсанның толқымасында отырған Сақыпжамал қарияның атын естиді. Сәлемдескелі іздеп барады. Сұхбаттасады. Сақыпжамал шешейдің ері Рақымжан ақсақал бірер жылдай бұрын дүние салған екен. Төсек тартып жатқанында бәйбішесіне «Біз қоян боп өттік қой. Бірақ та, замана бұл қалыпта тұрмас, өзгерер. Балалардың қолына тал қармақ ілігер», – деп айтып кетіпті. Ақсақалының аузына сол сөзді құдай салғандай, жел оңынан шығып, орнына келгеніне көл-көсір қуанышпен ақсарбас айтып отырған Сақыпжамал шешей ұзақ сұхбат барысында бір ауық Абылай мен Ораз оқиғасын да аса бір тебіреністі сезіммен әңгімелеп кетіп еді. Сонда кейуана Ораз атын атамай «Баба» деп, «Бабамыз» деп, Оразбұлақ ауылын «Бабам ауылы» деп қана, соншалық бір әулие тұтқан пейілмен сөйлер еді. Бұл әңгімені де осы арадан үземіз. Енді Абылай мен Ораз хиқаясына қатысты, сонау бала жасымыздан бергі естіген-білгендеріміздің етек-жеңін жинақтап, негізгі түйінін шығарып көрелік.

…Қара ниет жау арамдық асырып, қапыда басты. Көркем Уәлінің өзін, бала-шаға деместен үй ішін қойдай бауыздап, түгел қыра бастады. Уәлінің нан-тұзына адал бірлі-жарым төлеңгіттер мен сарай күзетшілері ғана қолына қару алып үлгерді. Олар жан алып-жан беріп, жауларымен кескілесіп кеткенде, Ораз атты төлеңгіт он үш жасар Әбілмәнсұр баланы құтқаруға ұмтылды. Осы ер жүрек төлеңгіт пен кішкентай ханзада екеуінің арасында адамның сезімі де шалып болмастай бір аяулы пейіл бар еді. Ханзада қайда жүрсін, қайда тұрсын, төлеңгіт қасында болатын. Бес қаруды жұмсай білу өнеріне де сол баулитын. Кәзір ол өз басын ойламай, сүйікті ханзадасын құтқарып қалуға ұмтылуы содан еді. Қолына қару алып үлкендердің қатты қарсылығына тап болған жау бір сәт былай-былай бұрылуға мұршасы келмей қалғанын пайдаланып, айғай-сүрен сала шайқасқандардың ара-арасынан саңылау тауып, жан ұшыра жүгірген бойда Әбілмансұрды көтеріп әкеп тандыр пештің ішіне сүңгітіп жіберді. Бер жақтан сексеуілмен қалқалай салды. Ажалсызға амал көп, тұмсығы қанға тиген қорқаудай алабұртқан жау тап пеш өңешінде бөденедей бұғып бала жатыр деп, қапелімде қайдан ойласын.

Сөйтіп, Көркем Уәлі үй іші жандарынан, құдай  шын сақтап, тірі қалған жалғыз Әбілмансұр ғана еді. Бірақ та, қауіп-қатер осымен тәмамдалды деуге әсте жол жоқ-ты. Үргеніш жерін басып бір күн де жүруге болмайды. Өшті жау тірі қоймайды, қонаққа сойған қозыдай шырқыратып бауыздайтыны хақ. Жан сақтаудың жалғыз-ақ жолы бар Үргеніштен жан баласының көзіне түспей қашып шығу. Ал, қашқанда барып қай бұтаға паналамақ. Бар үміт пен сенім қалың қазақ елі. Сарыарқа жері. Осы ақылға тоқталған соң ханзада мен төлеңгіт киімдері сыпырылды. Алба-жұлба киім табылып, екеуі де қайыршының кейпіне кірді. Ораз ішінен шолақ семсер мен алмас қанжар қоса қабат байланды. Жалғанның жазымы көп, аңдыған жау сезіп қалса, қолға түскен бейшара торғайдың кебін кимей жастығын ала жатады.

Оқиғаның осы тұсы Сақыпжамал шешейдің баяндауында, неліктен екенін білмедік, әйтеуір сәл-пәл басқашалау. Ол кісінің сөзіне қарасақ, Уәлі жау қолынан бірден қаза таппайды. Көз жұмарында бәйбішесіне Әбілмансұрын аман сақтауды өзінен қалған сауыт-сайман, жау-жарағын қолына табыс қып, қазақ еліне жіберуді аманат етеді. Және де ол кезде Әбілмансұр жеті-ақ жаста еді дейді. Анасы үй астынан үлкен ұра қаздырып, баласын жеті жыл бойы сонда жасырып сақтайды. Содан кейін анасына қаза сағаты жетеді де, он төрт жасар Әбілмансұр әкесінен қалған сауыт-сайман, жау-жарағын киініп, асынып жапа-жалғыз өзі қазақ елім қайдасың деп, бір Аллаға сыйынып жол тартады. Сөйтіп, келе жатып Оразды жолықтырады. Екеуі бірін-бірі дос тұтып, сырласады. Әбілмансұр өз басынан кешірген тақсыретті жасырмай жайып салады. Содан кейін екеуі екі айырылып, әрқайсысы өз жөнімен кете барады.

Оқиғаның былайша баяндалуына ден қою қиын-ақ. Абылайдың бас төлеңгіті Сырымбет Батыр мен Кене ханның үзенгілес серіктерінің бірі Жекебатырдан тараған, күні  кеше ғана көзіміз көріп, әңгімесін өз аузынан тыңдаған ұрпақтары, Шоң ақсақал мен Ерәлі азамат және басқалары өз алдына тұрыпты ғой,  тап данышпан Шоқан өз бабасы Абылай ғұмырнамасын біреу ғұрлы білген шығар-ау. Шоқан болса, жасанған жау Уәлінің өзін де өлтіріп, үй ішін де,Әбілмансұрдан басқасын,түгел қырып салғанын анық жазып кеткені қайда? Ендеше тоқсанның толқуында қарт ана кей жайларды ұмытыңқырап қалмады ма екен деген күдік көңілге келетінін жасырмаймын. Тандыр пешті үй астынан қазылған ұрамен ауыстырып алуы да әбден мүмкін. Сондай-ақ, 14 жасар баланың тіс қаққан жолбасшысыз өздігінен жөн таба қоюы да екіталай. Және де, өзі асыл текті, зердесі теңіздей терең Әбілмансұр екен, өзі жан сауғамен қашып келе жатады екен, көлденеңнен кездескен көк аттыға ішін оп-оңай аша, сырын ақтара қойса игі еді. Осы ретте, қазылық іздеп тағы да Шоқан сөзіне жүгінсек, Оразды жолда жолықты демейді. «Адал төлеңгіт өз түлегін ертіп қазақ даласына тартты» – деген ғой. Бұған қарағанда, Шоң ақсақалдың «біздер төлеңгіттер ұрпағына жатамыз» деген сөзінің жаны барға ұқсайды.

Хош, бұл пайымдауымыз осымен түйіңделсін, енді «әкелі-балалы қайыршыларға» қайта оралайық. Екеуі құдай жолын оңғарып. Үргеніштен де, одан соң бүкіл Хиуа жерінен ештемеге соқ болмай, аман-есен шығады. Қазақ жерінің шет пұшпағына табан тигізеді. Көңіл мықтап бір демделді. Әйткенмен де, әлі де сақтық қажет. Екеуі жұп жазбастан осы бетпен жүре берсе, қымтаулы құпия жоқ жерде ашылып қалуы шәксіз. Кішкентай ханзада алдында өзінің төлеңгіттігін Ораз жұрт көзінше сездіріп алуы мүмкін. Сондықтан, екеуі ендігі жерде екі айырылып «ел ақтағаны» абзал. Осы ақылға тоқтаған соң, екеуі елсіздегі бір бұлақтың басына жетіп аялдап, аяқ суытады. Белуарға дейін шешініп тастап, бір-біріне жалаңаш арқасын тірей отырып анттасады. (Ертеде өткен ата-бабаларымыздың қияметтік анттасуында мұндай да рәсім болған-ау, сірә!). Иә, айтқандайын, оқиғаның дәл осы жерін Сақыпжамал шешей де дәл осылай әңгімелейді. Ораз қайда барса да Әбілмансұрдың сырт қарасынан көз жазбайды. Алыстан аман екенін біліп, тілегін тілеп жүреді. Жалғанның жазымы көп, алмағайыпта жау уысына тұтылып қалса, не құтқарып алады, не жастығын ала бірге өледі. Ал, Әбілмансұр болса, Оразды бұдан былай «Баба» деп атайды. Ешқашан ұмытпайды.  Жасаған ие жар боп, ертең күні туа қалса, әкесіндей сый-құрметке бөлеп өтеді. Осынау анттың жәйін, һәм Абылай Оразды «Баба» деп атағанын Ілияс Есенберлин ағамыз да білген-ау деген ой келеді маған. Жазушының Сабалақтың аузына Оразды «әке орнына әке, шеше орнына шеше болған адам» деген сөз салуы тегін емес, астарында бір сыр жатқанға меңзей береді.

Қайыршы кейпіндегі кішкентай ханзада өзін күтіп тұрған ұлы болашаққа енді жалғыз жол тартады. Сарыарқаға келіп, Дәулеткелді байдың қозысы мен қойының соңында да жүріп көрді, әулие шарапатты Төле бидің дуалы аузынан Сабалақ атанып, түйе де бақты, жылқы да бақты, жер қайысқан қолдың қатарында, желкілдеген тудың астында қалмаққа қарсы барып, жекпе-жекте Шаршы дәудің басын да шапты, Абылай атанып, жер жарған даңқы ұлы қазақ елі аспанында қырандай самғап қанат қақты, Атығай мен Қарауылды аузына қаратқан ер Қанай осы екі атаға қараған атақты-атақты адамдардың қызынан таңдап, алты сұлу қызды отаулап-жасаулап қосып, Көкшетау баурайындағы шағын ғана әдемі алаңқайға алтынды ақ ордасын орнатты, айбарлы ақ туын желбіретті. Өстіп, айы оңынан, жұлдызы солынан туған Абылай енді баяғы Ораз Бабасына іздеу салмай ма…

«Баба, мен саған көп жақсылық жасамаймын» дейді де, жасы елуге еңкейіп қалған Бабасына қалың мал төлеп, қыз әпереді, үстіне үй көтереді. Алдына мал салады. Сөйтіп «Баба, мен саған қоныс бөлейін, жеке ауыл боп тұр» дейді де, Көкшетаудың теріскейінен қоңыс таңдайды.  Жасыл қарағай, ақ қайың, көк терек жамылған, жеміс-жидегі көз тұндырған, сылдырап сан бұлақ жүгірген жәннаттай тау арасына қондырады. Содан кейін «Баба, мен саған көп жер бермеймін, атан өгіз терісіндей ғана, жер берем» дейді де, жер бөледі. Сондағы «атан өгіз терісіндей ғана жер» 40-50 шақырымдай аумақты құшағына алып жатып ед!

Абылай өзі бастап әкеліп Бабасын қоныстандырған бұлақты, құрақты жер содан былай Ораз бұлағы атанды. Ораз бұлағы, жылдардан жылдар өте келе, Оразбұлаққа ауысады. Ал, жасы жер ортадан ауғанша өз алдына түтін түтетудің, жар құшып, бала сүюдің қызығы бұйырмаған Ораз-екең ұл-қыз өсіріп, тамыр тартып, өріс кеңейтеді. Көрші-қоң қосылып, кәдімгі ауыл иесі атанатын бақытқа да жетеді. Оразбұлақ ауылы атанады. Абылай үшін ол… Бабам ауылы!

Көптің азаюы, аздың көбеюі қиын ба, бір кездегі салт басты, сабау қамшылы Ораздан өрбіген ұрпақ бүгіндері, тек Оразбұлақ ауылының өз қотанында ғана 50 шақты шаңырақ. Ал, әр тарапта тарап жүргендері қаншама. Солардың қай-қайсысы да Бурабай баурайын мекендейтін Абылай ұрпақтарына «Бабам ұрпақтары!» Тоқсаннан асқан Сақыпжамал шешейдің де аузынан Ораз аты, иә немесе Оразбұлақ ауылы деген сөз әсте шықпайды, «Бабам», «Бабам ауылы». Ал, Ораз ұрпақтары болса, Абылай атын ардақтай айтып, әрдайым аруағына сыйынып отырады. Олар сонымен бірге, Абылайды қазақ халқының бағына қарай сонау қауіпті-қатерлі шақта аман сақтап алып қалған өз аталары екенін мақтан тұтуды да ұмытпайды. Жөн-ақ! Мақтанса мақтансын! Асылы зерделей бағамдасақ, Ораз Бабаның халқымыз алдындағы еңбегі ескерткіш сомдап соғуға әбден лайық емес пе екен?!

Абылай хан мен Ораз төлеңгіт оқиғасына қатысты естіген-білгендеріміз, мінекей, осындай еді!

Естай МЫРЗАХМЕТОВ.
                                                                  «Оқжетпес» газеті, 1992жыл.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар