Бүкіләлемдік универсиада: жиырмасыншы орын

Қытайдың Чэнду қаласында 28 шілдеден 8 тамызға дейін өткен ХХХІ Бүкіләлемдік жазғы универсиада өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы универсиадада барлығы 20 медальға, соның ішінде 2 алтын, 7 күміс және 11 қола медальға қол жеткізіп, алған жүлделі орындар саны бойынша ресми емес есепте бүкіл құрамалардың ішінде жиырмасыншы орыннан көрінді.

Бұған дейін қазақстандықтар үшін 2013 жылы Ресейдің Қазан қаласында өтіп, қоржынға 30 медаль түскен жазғы Универсиада ең табысты универсиада болып еді.

Бұл жолы жалпыкомандалық есепте ұзын-ырғасы 178 медальды қанжығаға байлаған Қытай құрамасы бірінші орыннан көрінді. Олардың еншісінде 103 алтын, 40 күміс және 35 қола медаль бар. Екінші орында жапондықтар, ал, үшінші жүлделі орын Оңтүстік Корея спортшыларына бұйырды. Қазақстан жоғарыда айтқанымыздай, 20 медальмен жиырмасыншы орынға табан тіреді. Жалпы, Чэндудағы универсиадада 113 елдің 650 студент-атлеттері спорттың 18 түрі бойынша 269 медальдар комплектісі үшін барын салып, бәсекені қыздыра түсті.

Бұл ретте, универсиадада алтыннан алқа таққан қазақстандық қос спортшымыз гимнасшы Милад Карими мен тхэквандошы Рита Бакишеваның жөні бөлек. Сондай-ақ, гимнасшыларымыз Милад Карими мен Нариман Құрбановқа спорттық гимнастиканың жекелеген түрлерінен күміс жүлде бұйырды. Ал, бұдан басқа да құрама қоржынын күміс медальмен толықтырған спортшыларымыздың арасында көркем гимнастикадан Эльжана Таниева, садақ атудан Диана Тұрсынбек, оқ атудан Никита Чирюкин, Констанин Малиновский, Ислам Сәтпаев, Никита Шахторин сияқты спортшылар бар.

Сол сияқты тхэквандодан командалық есепте үшінші жүлделі орынды иеленген Бекарыс Қабылан, Абдурахмон Марипов, Бексұлтан Мұсахан, Шәмсат Дүйсенов, семсерлесуден осындай табысқа жеткен Артем Саркисян, Назарбай Сәттархан, Жанат Нәбиевті ерекше атап өткен жөн. Дзюдодан да Бекарыс Сәдуақас, Сұңғат Жұбатхан, Асқар Нарқұлов сияқты жігіттеріміз қоржынға қола медаль салса, жүзуден Әділбек Мусин, ушу спортынан Бексұлтан Қоскенов, Әйгерім Төреханова үшінші жүлделі орындарымен өз тілеулестерін қуанышқа бөледі. Бұлардың бәрінде ХХХІ Бүкіләлемдік жазғы универсиаданың қазақстандық сайыпқырандары десе артық емес. Алда да осындай жеңісті сәттеріміз көп болсын!

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар