Құлагердің құдығы
Бар көңілде қуаныш та, қапам да,
Игі іс-шара арналуда Ақанға.
Атқа мінген серіден сәл қиғаштау
Құлагердің құдығы тұр жапанда.
Тас мүсінді қызықтауда бар адам,
Күреңбай жоқ Құлагерді сынаған.
Күйсандықтан жоқтап қимас тұлпарын,
Ақан даусы естіледі жылаған…
Жүрек қалай тебіренбей шыдасын,
Кермек шық кеп көздерімді шыласын.
Құлазып тұр Құлагердің құдығы,
Күтіп көптен су ішпеген Құласын.
Жиналған жұрт келіп жатыр көрем деп,
«Суы кермек, бірақ, өзі терең» деп,
Құлагерін іздейтіндей құдық та,
Кісінеген дыбыс жетсе елеңдеп.
Жанымда бір жырдың шоғы мазданып,
Жанардан жас төгілуге аз қалып,
Ақан мінген тас Құлагер мүсіні,
Кетердей бір тұғырынан қозғалып.
Ақан сері
Айыртау – шежірелі Арқа жері,
Аңызға арқау болған талай ері.
Солардың бірі – осынау аты шулы,
Алты Алаш ардақ тұтқан Ақан сері.
Тарихта сөзі қалған, түсіп тасқа,
Ән-жыры шабыт берген кәрі-жасқа
Сол Ақан міне, бүгін көз жүгіртсек,
180 деген үлкен мерей жаста.
Ақындықты тәңір өзі берген екен,
Соңынан талаптылар ерген екен.
Өнердің теңізінің тереңінен,
Сері Ақан жыр гауһарын терген екен.
Жалғанда ойсыз-мұңсыз заман бар ма,
Сын айтты тоғышар мен надандарға.
Жақсы мен жаман жайлы мысалдармен,
Қалдырды жырмұрасын адамдарға.
Жырлады және Ақан махаббатты,
Сұлуды, сұлулықты сүйді қатты.
Ақтоқты, Балқадиша, Жамал қызға,
Жырлары ардақтаған әйел затты.
Бұл Ақан отаршылдық жайын ұқты,
Арнады талай өлең оған тіпті.
«Отаршылдық азабы» деген жырдан,
Білеміз аңсағанын азаттықты.
Жәрдем тимей би менен болысынан,
Бұйрық кеп жандаралдай орысынан.
Одыраңдап қарашекпен жеткен кезде,
Ақан да қуылған-ды қонысынан.
Ешбір жан бұл Ақанды осал демес,
Жандар аз заманында оған теңдес.
Өзі өлсе де, сөзі өлмес бір еңбегі –
«Айтамын замандасқа біраз кеңес».
Туған жер
Туған жер – асыл бесік тербетілген,
Сан ұрпақ сол бесікте ер жетіп ең.
Кезсем де алты әлемді, дәл өзіңдей,
Жерұйық таба алмаспын жер бетінен.
Аралап туған өлке атырабын,
Жанымды мөлдір айға батырамын.
Самалға көңіл мұңын жудырып ап,
Шаттанып, шабыттанып отырамын.
Айыртау, шабыт берген жерім ең сен,
Жүректен жыр төгілер тебіренсем.
Анамдай құшақ жайып қарсы аласың,
Асығып алыс жолдан жетіп келсем.
Әркімге ыстық болар туған жері,
Төгілген кіндік қаны, маңдай тері.
Осынау құт мекенде өмір кешкен,
Орынбай, Үкілі Ыбырай, Ақан сері.
Шоқандай асыл да өскен бауырыңда,
Үлгі боп өркениет қауымына.
Кәкімбек ағамыз да жырға қосты,
Ер жетіп Сырымбеттей ауылыңда.
Айтысқан жандар сөзден тұсалатын,
Бұл жерден шықты аспандап Мұса ақын.
«Айыртау таңында»ұзақ қалам ұстап,
Тайлақтай ағам да өтті елге жақын.
Туған жер, ерекше ғой қасиетің,
Өзіңсің табынарым – бас иетін.
«Туған жергетуың тік» деген бабам,
Осы ғой менің де айтар өсиетім.
Айыртауым
Бұл өңір қасиетті мекен еді,
Қандай жер оған сірә, жетер еді?!
Сері Ақан ғұмыр кешкен бұл өлкенің,
Әр тасы шежіре-сыр шертер еді.
Бұл мекен – жыр отына балқыған жер,
Қиял құс шабыт тілеп қалқыған жер.
Күй туып Құлагердің дүбірінен,
Ақанның асқақ әні шалқыған жер.
Бұл өңір – ән тәңірі таңдаған жер,
Көкжендет көлбей ұшып самғаған жер.
Кеудесін сері Ақанның шаттық кернеп,
Әсем ән Ақтотыға арнаған жер.
Талай ән сері арнаған бізге жеткен,
Жүрекке махабаттың нұрын сепкен.
Ғашық боп Жамал қызға енді бірде,
Білдірген іңкәрлігін «Сырымбетпен».
Бұл мекен – ақындарға сый тартқан жер,
Кей кезде қайғы дерті қиналтқан жер.
Айрылып сүйгенінен, жүйрігінен,
Серіні тағдыр талай мұңайтқан жер.
Бұл өңір– ғазиз жүрек тоқтаған жер,
Ай тұтылып, жұлдыз ағып, жақтаған жел.
Айрылып Серісінен қазақ жұрты,
Көз жасын осы күнге сақтаған жер.
Айыртау – жерұйық бір мекен еді,
Жанымды жас баладай жетеледі.
Ақтарсам жүрегімнен шежіре-сыр,
Бір емес, мың дастанға жетер еді…
Қасым НҰРҒАЛИЕВ.