Президент Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Ақмола облысы әкімінің өкімімен Нұрлан Мұқатов Ерейментау ауданының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев аудан активіне жаңа басшыны таныстырды.
Нұрлан Зияйденұлы Мұқатов 1967 жылы туған, Ақмола облысы Ерейментау ауданының тумасы. Целиноград инженерлік-құрылыс Институтын «Автомобильдер және автомобиль шаруашылығы» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1991 жылы Ерейментау ауданы «Үленті» совхозында автогараж механигі болып бастаған.
1993-2001 жылдары – «Ерейментау оқу пункті» ЖШС оқытушысы.
2001-2012 жылдары Жұмыспен қамту орталығында жұмыс істеді. Содан кейін Ерейментау ауданының жұмыспен қамту, кәсіпкерлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімін басқарды.
2012-2019 жылдары Ерейментау ауданы әкімінің орынбасары, Ерейментау аудандық мәслихаты аппаратының басшысы қызметтерін атқарды.
2019 жылдың шілде айынан бастап Степногор қаласы әкімінің орынбасары лауазымында болды.