Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
ЖАНЫ ТАЗА, ЖҮРЕГІ АСЫЛ АҒА - АРҚА АЖАРЫ

ЖАНЫ ТАЗА, ЖҮРЕГІ АСЫЛ АҒА

Ертенің адамдарының «биікке шықсаң көзің ашылады, жақсымен сөйлессең көңілің ашылады», – деген осы бір даналығына әрдайым тәнті болатыным бар. Бабаларымыз жақсының қасиетін қалай керемет таныған десеңізші?!

Айнала тірішілікке сән мен нәр беріп, жүрген жері мен жүрген ортасын өнегелі сөзімен де, жақсы ісімен де тәнті етіп отырар және де кез-келген жан баласына жанашырлық таныта білер биік адами қасиетімен де сүйсіндіріп келе жатқан жақсылар арамызда бар әлі де! Сондай жақсылардың бірі – Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов!

Бүгінгі күні адамзат баласының не бір  құндылықтарының  құны түсіп, бағасы арзан тарта бастаған мына аласапыран заманда халыққа жасап келе жатқан  қызметімен, атқарып жүрген жұмысымен қалың елінің алдында  абыройы мен беделі ешқашан аласармаған және де қаншамадан бері  ат жалын тартып мініп, не бір лауазымды биіктерде жүрсе де жарқын бейнесімен жаныңды тояттатып, көкірек көзіңді аша түсер  кісілік келбетімен жақсы адамға тән қасиетін биік ұстап келе жатқан бір адам болса, ол да – біздің Бәкең,  Бақытжан Жұмағұлов!

Кездескен сайын сырласып, ой бөлісіп, пікір алмассаң, ойыңа ой қосып, сүйсінесің, қатар жүрсең жан-дүниесінің тазалығынан қуат аласың. Кез келген адам баласын  жатырқауы жоқ, жарылқауы көп би бейнелі көшбасшы, бойына жиған күшін де, білімін де еліне арнаған ерен тұлға, қазаққа етене таныс есім – Бақытжан ағаны Тұрсынұлы Жұмағұловты өз басым сонау1980-ші жылдардан бастап біледі екенмін.

Ол кезде КазГУ-дің, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби университеті) студентімін. Сол Қазақ мемлекеттік университетінің комсомол комитетінің бірінші хатшысы осы Бақытжан Жұмағұлов! Кілең жас жігіттер мен қыздар білім алатын оқу орнының комсомол хатшысы дегеніңіз  ол кезде үлкен лауазым. Студенттердің кез келген мәселесін шешуге келгенде және жастардың қайнаған өмірінің бел ортасында жүретін Бақытжан Жұмағұловтың беделі аса жоғары болатын.  Құрмет те көп көрсетілетін, міндеті де көп болатын. Ол ел жүгін, қоғамның міндет жүгінің зор жауапкершілігін сол кезде бар санасымен сезінген-ді.

Араға біраз жыл салып Бақытжан ағамен қызмет бабында араласа бастадық. Білім саласында еңбек еттік. Кейін екеуміз де Парламент Сенатының депутаты болдық. Осы сенаторлық кезеңде  Бақытжан ағаның университеттегі сонау бір кездегі жалындаған жастық шағын елестететінмін де,  уақыт шіркін  сымбатын алса да, сынын алмағанын аңдадым, соған қуандым. Бақытжан аға сол баяғы еңбекқорлық, ізденімпаздық, әбжіл- әрекетшіл, әлі де өз айналасына, жан-жағына жан шуағын шашып тұрар зият жанды көрдім.

Көп оқиды, болдым, толдым деу жоқ.  Ғылым докторы, академик болса да, әлі де талапты шәкірттей  ізденеді. Бейнелеп айтқанда, ақыл-парасатты көңіл зердесімен  білімнің тереңін кешіп, ой тартып  жүрген адамның  әрекеті еріксіз таңдандырады. Өзінің ой-әлемінен босап, бір уақ дем алатын уақыты бар ма екен  деп ойлап қалатыным да  бар.

Осы бір сәтте кейде Балаби бабамыздың «жерден ауыр дегенім – ақыл, білім, судан терең дегенім – оқу-ғылым», – дегені ойға оралады да, «осы жерден ауырлық та, судан тереңдік те»   Бақытжан ағада осының екеуі де толық.

Тәрбиемен тіктелген болмыс қашан болсын тегіне тартады.Бақытжан ағаның әкесі Тұрсын Жұмағұлұлы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан  соғысында ел қорғаған жауынгерлік майдан жолынан өткен адам. Бір әулеттің ғана емес, тұтас бір аймақтың ақылшысы болыпты. Анасы Кенжетай Мәдениет саласының еңбек сіңірген қызметкері, ұзақ жыл кітапханашы болған екен. Майдангер әке мен кітапханашы ана өз балаларына жан-жақты тәрбие бере отырып, бар ақыл мен даналықты жәнерухани байлықты  тек кітап беттерінен ғана оқып, білуге  болатынын ерте түсіндіре білген сияқты. Бәлкім, Бақытжан ағаның қазақ әдебиеті мен  әлемдік классиктерінің еңбектерін де терең білетіндігі содан болса керек.

Адамзат баласының бойына біткен адами қасиеттердің ішіндегі ең шоқтығы биігі – парасат деп білемін. Парасат табиғаттың адам баласына деген үлкен сыйы. Оның талант пен тума дарынды толық пайдаланып жұмсауға үлкен септігін тигізетініне дау жоқ. Бойындағы осындай тума қасиеттері, терең білімі, қос тілге жүйрік шешендігі, мәселені бейбіт түрде шешуді қалайтын мәмілегерлігі бар Бақытжан Тұрсынұлы тәуелсіздігімізді баянды ету жолында шынайы отансүйгіштік қасиетін әрдайым танытып келеді.

Біліммен қоса білік деген, азаматтықпен қоса кісілік  деген де ұғым бар. Халық соңғы екеуін алдыңғы екеуінен кем қадірлемейді. Өз басыңды күйттегенде қайсысына жүгіну өз еркің, ал ел мүддесін күйттегенде білім мен білікке де, азаматтық пен кісілікке де жүгіну шарт. Бақытжан Тұрсынұлы  осыны терең түсініп барып  саясатқа келген ғалым. Әйтпесе, білімдімін деп кеудемсоқтық жасау, ғалыммын деп жағаға жармасқыш  аусарлық қай заманда да халықтың сорын қалыңдатпаса, бағын асырған емес. Сондықтан болар, Бәкең көштің жүгін тартқан сары атандай төзімді де, орнықты мінезі мен тұрлаулы бағытынан бір сәт ауытқыған емес. Бақытжан ағаның мұндай азаматтық тұрлаулығы ғылыми кемелдігінен өрбіп жатқандығы күмәнсіз.Ол отандық ғылым саласының бағытын айқындап, заңдық жағынан қолғабыс жасауға күш-жігерін түгел сарп етіп келеді.

Ұзақ жылғы ізденісінің арқасында техника ғылымдарының доқторы, профессор, академик, Халықаралық инженерлер академиясының, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигіболып отырған Бақытжан Жұмағұлов Гидродинамика, мұнай-газ саласының практикалық мәселелерін шешуде қолданбалы және есептеуіш математика, ақпараттық технологияларды әзірлеу, оны қолдану, математикалық модельдеу, математикалық әдістер саласындағы көрнекті ғалым ретінде әлемге танылып отыр. Көрнекті ғалымның Қазақстанда және шетелдерде жарияланған 430-дан астам ғылыми жұмыстары мен 15 монографиялық еңбектері өзінің құндылығымен қызықтыра түсері бар.

Талай бір талантты жас ғалымдардың бағы мен  жолын ашып, жиырмаға жуық ғылым докторы мен кандидатын дайындаған жетекші ұстаз атана білді. Қазіргі уақытта «біз Жұмағұловтың мектебінен шыққанбыз» дейтін мамандар жер-жерден көп кездесіп жататыны да бар.

Нар көтерер жүкті ердің ері ғана көтерер демекші, Бақытжан Жұмағұлов өзінің ғылыми жұмыстарымен бірге 2001-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бірінші вице-министрі,  Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Әлеуметтік-мәдени даму бөлімінің меңгерушісі болып қызмет жасап, Тәуелсіз Қазақстанның білімі мен ғылымының әлемдік даму үрдісіне бейімделуіне үлкен еңбек сіңірді.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттiк сыйлығын беру жөнiндегi комиссияның мүшесі, 2007 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты және Мәжіліс төрағасының орынбасары болды.

Міне, Бақытжан ағаның қызметтік жолының бір тізбесі осылай болып жалғаса береді. Алайда осы лауазымды қызметтердің барлығының да орасан зор жауапкершілігі бар болғандығын естен шығармағанымыз да абзал. Сол жауапты қызметтердің бәрінде де өзінің ақыл-парасатымен, білімдарлығымен, терең ойшылдығымен, білім мен ғылымға шынайы жанашырлығымен таныла білген Бақұытжан аға Жұмағұлов қандай бір сындарлы сәттерде де ардан аттамады, қолын былғамады, Отанымыздың мүддесін жоғары ұстай білді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры болып бекіген 2008 жылы осы ежелгі оқу орнының   материалдық-техникалық базасы тозыңқырай бастаған  кез еді. Университет қалашығының екінші кезегінің құрылысы бітпей тұрған болатын.  Ғалым ректор, қайраткер ректор Бақытжан Жұмағұлов аз уақытта  оқу орнындағы қызметтің барлықсаласын жаңартып, жаңадан ғимараттар, бірнеше жатақханалардың  салынуына қол жеткізді. Бұған қоса, «Студенттер сарайы», бірегей мұражай, басқа да нысандар пайдалануға берілді.

Басты бір тағы да атап көрсететін жай сол, Халықаралық стандарттар  бойынша оқу процесін жаңғырта отырып, әлемдік рейтингке кіру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп, бірегей электрондық университет жүйесінің құрылуына ректор Бақытжан Жұмағұловтың сіңірген еңбегі ерен болды.

2010 жылы Бақытжан Тұрсынұлы ҚР Білім және ғылым министрлігін басқарып, бұл жауапты жұмыста да  маңызды шешімдер қабылдай білді. Білім бағдарламаларын жасады. Ғылым саласына грант бөлуге көп еңбек сіңірді. Еліміздің ғылым-білім саласы педагогтарын даярлаудағы және мектепке дейінгі тәрбиедегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктен бастап, жоғары мектептегі білім беруді жаңғырту, ғылымды басқарудың жаңа моделін құру секілді ондаған қағидаттық жаңашылдық енгізді. Кейіндеу іс жүзіне асқан білім саласының көптеген игі, тиімді тұжырымдарының құжаттарын өз қолынан өткізді.

Мемлекет басшысының Жарлығымен 2017 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалғанБақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов Сенатта жүріп ғылым туралы, педагогтер мәртебесі туралы заңдардың қабылдануы үшін белсенді жұмыс атқарды. «Ұлы дала құндылықтарының» тұжырымдамасын жасады. Сол тұжырымдаманы қабылдау кезінде сөйлеген сөзінде Бақытжан Жұмағұлов: «Ұлттық құндылықтар азайған сайын адамның рухани бейнесі де өзгереді. Өзгеден гөрі өзі, қоғамнан гөрі жеке отбасының пайдасын ойлайтын рухани жағынан біршама жүдеу, білім жағынан саяздау ұрпақтың көбейгені алаңдатады», – деген еді. Бұл – нағыз мемлекетшіл, халықшыл, ел мүддесін  тереңінен ойлай білетін  Бақытжан Жұмағұловтай   тұлғаның тұғырлы сөзі!

Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тәуелсіз еліміздің «Достық», «Парасат»ордендерінің және Ислам елдері инженерлік федерациясының «Инженерлік даңқ» орденінің иегері Бақытжан Тұрсынұлының мерейін асыратын осы марапаттарына қоса, Алматы облысының және Ақсу ауданының құрметті азаматы деген өз туған жерінің таңбалы тасындай осы атақтарын қоссақ, ғалым ағамыздың  адами  аты мен кісілік келбеті биіктей түсері бар. Бұл  атақ-мансаптың алтын арқауы мен өзегі Бақытжан ағаның  қаншама маңдай терін төгіп, еткен  еңбегі! Әрине, ол  еңбектің барлығын бірдей  бір сөзге сыйдыра алмасымыз тағы да анық.

«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» дейтін  халқымыздың осы бір ауыз сөзінің  астарына көп үңіле бермейтініміз де анық.Ой жүгірте білсек, осы бір ауыз сөз Бақытжан аға сынды бір жақсы адамның жан-жағына шапағат нұрын  төгіп жүретін адамның толыққанды  бейнесін танытады.

Дәл сондай шапағатшыл жақсылар қатарында Бақытжан аға да бар! Соны танимын. Атақ-дәрежесі жоғары бола тұра, өзгенің жай-күйін, мұңы мен мұқтажын жан жұрегімен терең сезінетін Бақытжан ағаның  адамшылығы, үлкенге құрметі, кішіге ілтипаты, достықты қадірлеуі тамаша екендігіне күмән келтірудің өзі обал.

Ана бір  жылдары өзі Министр болып тұрғанында министрлік қызметті өзіне дейін атқарып кеткен ағалары әлдебір шаруамен келер болса, іс басындағы министр Жұмағұловтың өзі ғимараттың жоғары қабатынан төменге түсіп, ағаларының алдынан шығып, қарсы алып, олардың өтініш-тілектерін мүмкіндік болғанша орындап жіберетіндігін естігенде, «қазір  осындай басшы  бар ма екен?» деп ойланып қалдық…

Өзім нақты білетін бір жәйтты айтайын.Бақытжан аға мен марқұм Темірхан Досмұханбетов екеуі өте жақын дос болатын.Кезінде ол да ҚазМҰУ-да дене тәрбиесінен дәріс берген.Ұлттық олимпиадалық комитеттің президенті болған белгілі тұлға.Сол кісі науқастанып қалғанда Бақытжан ағамыз Алматыға қайра-қайра ұшып барып тұрды. Түркиядан ем алғанда ол жаққа да ұшып барды. Ағамыз телефонмен хал сұрауды достықтың ісі деп білмеді. Шынын айтқанда,бұл Бақытжан ағамыздың  достыққа деген шынайыадалдығы болатын!

Жұмағұловтар білімділер әулеті! Бақытжан ағамыздың бауырлары да ғылым жолында жүр. Қазір  бұл әулетте  үш ғылым докторы, бір ғылым кандидаты бар. Бақытжан ағамыздың зайыбы Валентина жеңгей – педагогика ғылымдарының докторы. Ұлты басқа болса да қазақ әйеліне тән барлық ғұрыпты ұстанады, қазақтың салтын құрметтейді. Валентина жеңгеміздің қонақжайлығын, қазақтың  ұлттық  тағамын дәмдеп пісіретін шеберлігі тағы да бар. Бақытжан ағамыздың  абыройлы да беделді болудағы жеңгеміздің де зор үлесі бар екендігін айтқан ләзім.

Әманда өмір қанша жыл жасағаныңмен емес, өзіңнің өміріңді қалай өткізгендігіңмен, адам баласына, өзің өмір сүрген ортаңа қаншалықты пайда әкелгендігіңмен бағалы болса, Бақытжан аға Жұмағұлов та өз еңбегімен де, бітім-болмысымен де,  ұлтын сүйер ұлағатымен, халқына адал қызмет етіп келе жатқан ғұлама ғалым, көрнекті саяси қайраткер, елжанды азамат біздердің ғана емес, келешек ұрпақтың да терең құрметіне әбден лайықты да бағалы тұлға!

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
саяси ғылымдар докторы, профессор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар