Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жастардың білім толы құтты ордасы - АРҚА АЖАРЫ

Жастардың білім толы құтты ордасы

Облысымыздың көшбасшы жоғары оқу орны саналатын Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті облыспен қаланың БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді. Тақырыбы –«Ualіkhanov University-нің жаңа оқу жылына дайындығы». Кездесудің мақсаты – университеттің қабылдау бөлімінің жұмысы, студенттер үйінің дайындығы, Министрліктен берілген тапсырмалардың орындалуы және оқыту бағдарламаларымен жалпы оқу орнының өзгерістерін, атқарылған жұмыстарды журналистерге таныстыру.

Сөз жоқ, бұл жергілікті оқу орындарында бұрын-соңды кездесе қоймаған жақсы бастама. Кездесуді, университет ректоры Марат Сырлыбаев өз лебізімен бастады. Және де жиында бірінші проректор Ғалым Байтұқ, проректор Жайлагүл Сағындықова, академиялық сұрақтар бойынша проректор Нұрлан Медетұлы, тағы басқа оқу орнының жауапты қызметкерлері баяндама жасады.

Жоғары оқу орны педагогикалық институт, С.Сәдуақасов атындағы агро-техникалық институт, бизнес және құқық жоғары мектебі, жоғарғы медицина мектебі, көпсалалы колледж сияқты бес бөлімшеден тұрады. Бакалавриатта 63 білім беру бағдарламасы, магистратурада 38 білім беру, докторантурада 10 білім беру бағдарламасы бар. Бөлімшелер мен білім беру бағдарламасы бойынша 19 кафедра қызмет атқарады. Студенттерге арналған 1365 орындық 3 студенттер үйі, 2 жатақхана, студенттерге қызмет көрсету орталығы, 3 спорт залы, «Арасан» медицина орталығы, кітапхана, «Балауса» балалар орталығы жұмыс істейді. Студенттердің біліктілігі мен бәсекеге қабілетін арттыратын «Студенттер үкіметі» бар. Оның ішінде барлық бағытта клубтар құрылған. Атап айтсақ, ділмарлар клубы, студенттер үйінің кеңесі, институт және жоғары мектептердің кеңесі, Еркеш Ибраһим атындағы ақындар клубы, «Шоқан» студенттер театры, «Шабыт» клубы, студенттер парламенті, адалдықтың капитандары, КВН және жайдарман клубтары, «Жастар рухы» МК бөлімі, «Тұлпар» спорттық сауықтыру кешені,тағы басқалары. Ағымдағы жылы студенттердің сұрақтарына жауап беріп, қиыншылықтарын, қажеттіліктерін ескеретін «Студенттік омбудсмен» институты құрылған. Құрамында 3-4 курс студенттерінен бес мүшесі бар. Омбудсменнің басшысы – студент Ақбота Мұқаметқалиева.

Биылғы жылғы грант иегерлерінің саны 1347. Өңірлер бойынша 507 студент Түркістан облысы, 281 студент Ақмола облысы, 259 студент Қызылорда облысы, 114 студент Солтүстік Қазақстан облысы, 50 студент Жамбыл облысы, қалған пайызы басқа облыстардан келген. Ақмола облысы бойынша грант алған 281 студенттің 153-і  Көкшетау қаласынан, 35-і Зеренді ауданы, 21-і Бурабай ауданы, қалған студенттер басқа аудандарға тиесілі.

Елімізде Студенттер үйінің шешімі табылмаған мәселесі бар. Ағымдағы жылы 69 мың студентке орын жетпейтіндігі белгілі болған. Мемлекет бұл мәселені шешу үшін соңғы алты жылда 12 миллиард теңге бөліп, содан бері 168 нысан пайдалануға берілген. Алайда, олда аздық етеді. Жаңа нысандардағы төлемақы оқуға түскен студент пен әке-шешесіне уайым. Көкшетау университетінде де орын мәселесінің бар екені айтылды.

– Бізде де 525 студент орын қажет етеді. Біздегі қиындық, қонақ үй табыла бермейді. Мысалы, Алматы қаласында кішкентай қонақ үйлер көп, ақшасы бар студенттер сонда тұра алады. Көкшетау шағын қала, ондай қонақ үйлер табыла қоймайды. Өткен жылы «Көкшетау» қонақ үйіне ақысын төлеп, 300 бала тұрғызғанбыз. Ал, биыл 150 орын ғана берілді. Ақысын жартылай универитет төлейді, жарты бөлігін студенттер төлейтін келісім жасалды. Бұдан көп орын болса, біз төлеп алар едік. Өкінішке орай, қонақүйлер табыла бермейді. Бұл мәселе – өте өзекті мәселе. Алдағы уақытта шешуге тырысамыз, – дейді ректор Марат Сырлыбаев.

Айта кетейік, аталмыш университетте студенттерді қабылдауға 5 жатақхана дайын. Қосымша 2024 жылы мамыр айында пайдалануға берілетін 500 орындық жатақхана құрылысы басталып жатыр екен. Нысанға университет қаржысынан 2 миллиард теңге бөлінген. Құрылысты салуға бас мердігер «AN GRUP» ЖШС, қосалқы мердігер «Азимут» ЖШС іске кіріскен. Қазіргі жағдайда кәріз құбыры 100 пайыз, су құбыры 100 пайыз, жылу 60 пайызға істелген. Жаңа жатақхана құрылысына орай, іргетасқа заман капсуласы қаланған.

Университет сабақтастық, инновациялық, технологиялық, білімдарлық, бейстандарттылық құндылықтарын жүзеге асыра отырып, ЖОО-дар бойынша рейтингіде жоғары көрсеткіштерге жеткен. 2022 жылы THE Impact ranking рейтингісіне сәйкес жекелеген көрсеткіштер бойынша әлемнің 200 университетінің қатарына кіріп, QS Central Asia-2023 халықаралық реитингісінде 29 орын, IAAR реитингісінде 9 орынға жайғасқан.

Кездесу барысында келген БАҚ өкілдері жасалған баяндамалар бойынша сұрақ қойып, түсініктемелер алды. Жиын соңында журналистерге Студенттер үйіне, Қуанышев көшесі 170А мекенжайында бой көтеретін жатақхана құрылысына экскурсия жасап, одан әрі университет өміріне қаныға түсулеріне жағдай жасалды.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар