Өмірі – өнеге, тағылымы – қазына

 Той – қазақтың көл-көсір қуанышы. Көңілге кірбің келтіретіні, соңғы кезде ырду-дырду, айғай-шуы көп тойлардың қатары көбейгені жасырын емес. Кейде тойға барып, көңіліміз жүдеп, құлазып келетіні де бар. Әсіресе, мерейтойлық кештердің тағылымға толы болғаны ғанибет емес пе. Себебі, адам баласы кемел жасқа келгенде  өскелең ұрпаққа ізгілігімен өнеге болса Тәңірдің бұдан асқан сыйы бар ма?

Күні кеше осындай өнеге мен тағылымға толы бір тойдың куәсі болдым. Отбасындағы сыйластық, құрмет пен ізгілік, ата-анаға деген қошамет, ауыл адамдарының бір-біріне деген жылы ілтипаты, бәрі-бәрі тәнті етті.  Шіркін-ай, қазақтың аналарының барлығы Бақыт Сұлтанқызындай болса ғой деген оймен отырдым.

Иә, адамды абзал атына сай ететін, әдетте оның көркем мінезі мен адал еңбегі ғой. Бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Бақыт Сұлтанқызы Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, жоғары санатты тарих пәнінің мұғалімі,  қырық бес жылғы ғұмырын педагогика саласына арнаған жан.  Бақыт –  балаларының көңілін көзінен ұға білген аяулы ана, шаңырақтың шырайын келтірген қадірлі жар, ардақты әже, шәкірт жүрегіне жол тапқан ұлағатты ұстаз, бір әулеттің ғана емес, дүйім елдің абыройының айнасы десек артық айтқандық емес.

Жалғанда адамдықтан биік атақ жоқ!  Бақыт Әлжанованы білетіндердің барлығы ол кісінің кісілік, кішілік, адамгершілік абзал қасиеттерін, парасаттылығын, көркем мінезін үлгі-өнеге етіп айтудан жалықпайды. Мұндайда кешегі Домалақ ана, Ұмай, Зере аналарымыз, жалпы, Алаштың асыл аналары мен арлы арулары ойға орала береді. Санасына сабыр сіңіріп, жүрегіне мейірім ұялаған қазақтың ары мен абыройы болған әз аналарымыздың заңды жалғасы Бақыттың баянды ғұмыры өскелең ұрпаққа өнеге деп білемін.

Заңғар жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Жақсы әйелдің киесі болады…» деген сөзі бар.  Шынымен де жақсы әйел отбасының мәңгі сөнбес шырағы, таусылмас ырыздығы мен ырысы. Туған жерім Теңдік ауылының алтын қазығына айналған Әлжановтар отбасы сонау тоқсаныншы жылдары Теңдік ауылының дүние-мүлкін шашпай, сақтап қалды. Ауылдың сыйлы ақсақалы Орынбай қажының бастамасымен қаншама игі істер жүзеге асып келеді. Теңдік ауылы Орынбай қажының бастамасымен алкогольді ішімдік атаулыдан мүлдем бас тартты. Ауылда қылмыс жоқ. Қазір ауылдағы ірі шаруашылықты Орынбай қажы мен Бақыт Сұлтанқызының ұлдары басқарып, ауылдағы еңбеккерлерді жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Той барысында балаларының аналарына деген құрметі, немерелерінің әжесіне арнап ілтипатпен ән салуы, ауыл тұрғындарының бірінен соң бірі ақжарма тілекпен алғыс айтуынан-ақ, бұл отбасына қарлығаш қанатында бақыт бекіп, құт қонғанын аңғаруға болады.

Тойға зиялы қауым өкілдері, ұлағатты ұстаздар, ауыл адамдары, ағайын-туыс, құда-жекжаттың барлығы қатысты. Қадірлі қонақтардың арасында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Таңатқызы Каринова да болып, сөз сөйледі. Ол кісі өз сөзінде Бақыт Сұлтанқызының   парасаттылығына, ұстаздық жолына, адами келбетіне тоқталып өтіп, жылы лебізін білдірді. Бақыт Сұлтанқызы ауылдағы білім ошағы – орта мектептің директоры қызметін жылдар бойы абыроймен атқарған болатын. Директор қызметін атқара жүріп, қарамағындағы қызметкерлердің қай-қайсысының болмасын көңілін қабағынан танып, қамқорлыққа бөлей білген.

Жалғанда халықтың алғысына бөленгеннен артық құрмет жоқ-ау! Жан-жағына жан шуағын төккен Бақыт Сұлтанқызы осындай құрмет пен ілтипатқа лайықты жан. Жасай беріңіз, өнегелі ғұмырыңыз өскелең ұрпаққа ғибрат боларына сенімім имандай!

Құралай ЫДЫРЫСОВА,
Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары колледжінің директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар