– Асқан төзімділікті, ептілікті талап ететін өнерде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан ақмолалық шебер, Целиноград ауданы Қоянды ауылы мектебінің ұстазы Бахшагүл Байдолдақызы осы күні зергерлік бұйымдар, қуыршақтар мен мүсіндердің түр-түрін жасайды. Технология пәнінің мұғалімі туындыларды жасауды 2015 жылы қолға алған. Содан бері ұлттық болмысымызды айшықтайтын зергерлік өнерді дамытуға елеулі үлес қосып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бахшагүл Байдолдақызы өнерлі отбасынан шыққан. Жақындарымен бірге шығармашылықпен айналысқанды ұнатады. Ине мен жіпті жанына серік еткен шебердің жасаған зергерлік бұйымдары еріксіз көздің жауын алып, таңдай қақтырады
Көптеген халықаралық, республикалық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген ұстаз өзінің бар білгенін шәкірттеріне үйретіп келеді. Бүгінде өнерге қызығушылық танытқан шебердің шәкірттері республикалық байқауларда жүлделі орын алып жүр.
«Кез келген ұстаздың міндеті – шәкірт тәрбиелеу. Ұстаз ретінде мен де қазақтың ұлттық өнерін жақсы танитын шығармашыл ізбасарлар тәрбиелеуді мақсат етіп отырмын. Қазір заман талабына сай құнды дүниені кез келген заттан жасауға болады. Осы ретте, қайта сұрыптау арқылы қалдық заттардан әдемі дүниелер жасаймыз, оның нәтижесін көргенде көңілімізге қуаныш ұялайды. Шәкіртім Зере Саматқызы газеттен сәнді бас киімдер мен әшекейлер жасап, «Эко сән» республикалық байқауында 1-ші орынды иеленуі мен үшін үлкен қуаныш болды», — дейді Бахшагүл Байдолдақызы.
Кейіпкеріміз жастайынан қолөнерді жанына серік еткен. Тіпті, жұмысынан шаршап келгенінде сурет салып, бойына күш-қуат алатынын айтады. «Бұл – өнердің киесі», — дейді шебер.
Педагогтің көз тартар туындыларына қызыға қарайтындар көп. Ол Америка мен Түркияға арнайы шақырту алып, Америка елшілігінде болып қайтты. Бахшагүл Байдолдақызы ұлттық құндылықтар мен халық дәстүрін дәріптеу мақсатында көпбалалы аналарға, жастарға тегін шеберлік сабақтар өткізіп жүр. Тұрмыста қолданылатын пластик шөлмектерден, маржан-моншақтардан, шегеден жасалған қолөнер шеберінің туындылары ешкімді бей-жай қалдырмайды.
Өз ісіне деген сүйіспеншілігінің, атқарып жүрген еңбегінің арқасында қолөнершінің түрлі деңгейде алып жүрген марапаты жетерлік. Ол алғыс хаттар, құрмет грамоталарымен қатар, ҚР «Өрлеу» шығармашылықты дамыту орталығының «Қазақстан Республикасының үздік мұғалімі» төсбелгісінің және «Еуразия дизайнерлер одағына 10 жыл» төсбелгісінің иегері.
Бахшагүл Байдолдақызының мақалалары облыстық, республикалық газет-журналдарда жарық көріп, шеберлік сабақтары жарияланып тұрады. Дарынды оқушыларға арналған республикалық ғылыми-танымдық журналда шәкірттері жасаған қол еңбектері, суреттер мен қолөнерлер топтамасы кітапша болып жарияланған.
Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толуына орай, «Бабалар аманаты» энциклопедиясына ең үздік туындылары жарияланып, ең үздік топтама ретінде АҚШ-қа жіберілді. Сонымен қатар Түркияда өткен халықаралық сурет галереясында көрмеге қойылған туындысы жоғары бағаланды.