Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
1 қыркүйектен іріктеу басталады - АРҚА АЖАРЫ

1 қыркүйектен іріктеу басталады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттіктің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы  Думан Әбілев ағымдағы жылы Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу науқаны жөнінде кеңінен баяндап берді.

Президенттік жастар кадр резервінің талаптарына сәйкес, іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді B1 деңгейінен төмен емес деңгейде меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады. Думан Әбілевтің айтуынша, үшінші іріктеудің ерекшелігі – мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, мақсатты іріктеу жүргізу. Осылайша, кезекті іріктеу алты негізгі сала бойынша жүзеге асырылады.

−Жалпы, іріктеу инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат және инвестициялар, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру және әлеуметтік саясат пен азаматтық қоғам бағыттары бойынша жүргізіледі. Сондай-ақ, биыл үміткерлермен әңгімелесуді міндетті түрде салалық орталық органдар өкілдерінің қатысуымен өткізу тәжірибесі енгізілуде. Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер осы алты кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуі тиіс, −деп атап өтті өз сөзінде департамент басшысы.

Бірінші кезеңде резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау науқаны жүргізіледі. Ол ағымдағы жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында pkrezerv.gov.kz арнайы ақпараттық жүйесінде және онлайн режимде өткізіледі.  Екінші кезең мәтіндік және ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалаудан тұрады. Тестілеу процесі аудио-бейне фиксациямен өтіп, өз бетінше өту шартының сақталуын қамтамасыз ету прокторинг жүйесімен қадағаланатын болады.  Үшінші кезеңде қатысушылар ситуациялық тапсырмаларды шешеді. Аталмыш кезең онлайн режимде аудио-бейне жазбамен сүйемелденіп, эссе жазу форматында жүргізіледі.Орындалған тапсырманың шешімі қызметтің тиісті бағыттары бойынша бір уақытта үш салалық сарапшымен бағаланады. Сарапшылар пулы академиялық орта мен бизнес қауымдастық өкілдерін, мемлекеттік қызметшілерді қамтиды.

Төртінші кезең ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбат түрінде болады. Дегенмен, ассессмент орталық Президенттік мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді. Атап айтқанда, бұл кезең мінез-құлық индикаторлары арқылы кандидаттардың бойындағы белгіленген құзыреттерді анықтауға және бағалауға бағытталады.

−Кандидаттардың мінезін бағалау топтық және жеке тапсырмалардан тұрады. Жалпы құзыреттерді бағалауға кемінде 15 сертификатталған бағалаушы және 5 супервизор тартылатын болады. Өз кезегінде, құзыреттер бойынша сұхбат блогы кәсіби HR-менеджерлерін тарта отырып, онлайн форматтағы жеке терең сұхбат түрінде жүргізіледі,−деп атап өтті Думан Әбілев.

Бесінші кезең сарапшылық комиссиясында кандидаттармен әңгімелесуді көздейді. Оның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары тартылатын болады. Комиссия қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия қорытындысында қарауға ұсынылатын қатысушылардың тізімі жасалады. Соңғы кезеңде Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне үздік  50 кандидат қабылданады.  Ол ағымдағы жылдың 25 желтоқсанына дейін өткізіледі деп жоспарлануда. Ережеге сәйкес, резервте болу мерзімі үш жылды қамтиды.

Жалпы, резервке алынған адамдар заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік саяси лауазымдарға, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, «Б» корпусының басшылық және А санаттар тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін. Спикердің айтуынша, бүгінде іріктеудің барынша ашықтығы мен объективтілігі басты назарда. Кандидаттарды бағалау нәтижелері олардың жеке кабинетінде және белгілі бір кезең қорытындысы бойынша pkrezerv.gov.kz жарияланып, барлық азаматтар үшін қатысушылар жөніндегі ақпарат қолжетімді болады.

Айта кету керек, 2019 және 2021 жылдары резервке алынған 350 адамның 264-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істеуде. Яғни, бұл жалпы санның 75 пайызы жұмысқа орналастырылды дегенді білдіреді.

−Олардың ішінде 128 адам орталық мемлекеттік органдарда, 38 адам жергілікті атқарушы органдарда, 57 адам ұлттық компанияларда, 41 адам өзге де ұйымдарда қызмет атқаруда. Сондай-ақ 31 резервші саяси лауазымдарға, 6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, бір резервші Мәжіліс Парламенті және 2 резервші мәслихат депутаты болып қызмет атқаруда, −деді  Думан Әбілев.

Брифинг соңында ол жастарды іріктеуге белсенді қатысуға шақырып, кәсіби мемлекеттік қызметшілердің жаңа легін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар