Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақан серінің тойы – Алаштың тойы - АРҚА АЖАРЫ

Ақан серінің тойы – Алаштың тойы

Таяуда әйгілі Айыртау атырабында әнші-композитор, жеті қырлы, бір сырлы өнер иесі Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 180 жыл  толуы өзіндік сән-салтанатымен аталып өтті.

Рухани әлемімізге мәңгі өлмес мұра қалдырған Ақан сері есімі әнге құмар барша жұртқа белгілі екендігі даусыз. Бүгінгі күні Серінің «Ұрқия», «Ақтоқты», «Мақпал», «Перизат», «Маңмаңгер», «Қара торғай» тәрізді әндері жиі орындалады. Серінің кіндік қаны тамған ауылда той шымылдығы ашылып, алдымен «Ақан сері келе жатыр» деген хабарлама ел құлағын елең еткізді. Ауыл шетіндегі ескерткішке гүл шоғын қойып, ақын рухына тағзым ету рәсімі жасалды. Ашық аспаннан құйылған күн сәулесімен жадырай жарқыраған композицияға жан біткендей. Алдымен ескерткіш көзге түскен. Алдына қылқұйрықты салмаған ерен жүйрік – Құлагер. Арқырай аспанға шапшыған ат үстінде қолындағы домбырасын бауырына қыса-қымтай ұстаған ән өнерінің мәңгі сөнбес жарық жұлдызы – Ақан сері! Құлагердің бауырында, оң жақ қапталында қасқырды қынадай қырған әйгілі қазақы төбет – Басарала. Тұғыр үстіндегі құс біткеннің қыраны, шын қыраны, Ақан серінің әйгілі «Қараторғай»  әніне арқау болған, Зілғараның Әлібегі сыйлаған қыран бүркіті – Қараторғай! Бұл жер тұтас кешен. Аумағы ат шаптырым. Ұйыса өскен аққайыңды орманның қойнауында.

Бір кезде Ақан ән салған осы далада жайқалып өскен қалың орман сыбдырлай сыбырлап, ақтаңгердің әнін үздіге шырқап тұрғандай. Ескерткішке жалғас ашық аспан астындағы ауқымы әжептәуір далалық сахна. Сахнаның қарсы алдында көрермендер жайғасатын кең орын. Осы арада мынадай ой келген. Жадыраған жаз айларында Ақан әндерінің бері қойғанда, облыстық байқауын тамаша табиғаттың аясында өткізуге болмас па еді. Шынын айтқанда, қапылып ештеңе дайындаудың қажеті жоқ, бәрі бар, орнында. Исі қазақтың дәстүрлі әншілері жиналып, ел еңсесін бір көтеріп тастар еді. Іргедегі Құлагердің құдығынан дәм татар еді. Өз заманында жалпақ жұртқа аты шыққан, рухани байлығының нәрімен сусындатқан Ақан серінің мөп-мөлдір ғашықтық әндерін тыңдаған дала да, адам да қорғасындай балқымас па?! Көптің көкірегіне жып-жылы, мөлдір шуақ құйылмай ма? Мына дала, көгілдір кеңістік мәңгі өлмес мұра құдыретімен айшықталса, іргедегі шоқ жұлдыздай шағын ауылға да шарапаты тиер еді ғой. Ауыл жайы өз алдына, жеке бір тақырып. Ауылды өтпелі кезеңнің өкпек желі тоздырған екен. Бір кезде көрген жанның көзін сүйсіндіретін, жұмыртқадай жұтынған коттедждердің көбі қаңырап, бос тұр. Бала саны жетпегесін, зәулім мектеп үйі жабылған. Қаншама қаусап, қираудың алдында тұрған есіл ғимараттар. Осы орайда, көңілге түйгенімізді қаузай айтып кетпекпіз.

–1993 жылы жаңа ауылға асфальт жамылғымен қапталған, сапалы жол тарттық,–деуші еді сол кезде Володар аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған, марқұм Болат Көшімбаев,–ал, мына коттедждерді қараңызшы, бір-біріне ұқсамайтынсол дәуірдегі архитектураның ең үздік үлгілері. Барлық нысан жылу орталығына қосылды. Әрбір коттеджге орталықтандырылған су жүйесі тартылды. Ақан серінің тойына табаны күректей он жыл бойы дайындалдық. Кешегі кеңес заманында қазақтың төл өнерін, сол өнерді сомдаған асыл азаматтарымызды кім керек қылды дейсіз? Алдымен, Ақан серінің жамбасы жерге тиген жерді іздеп таптық. Басына орнатқан ағаш зират жермен жексен болған екен. Сол жерге күмбез орнаттық. Әрине, қазіргі салып жатқан күмбездердей керемет еңселі болмаса да, өз дәуіріндегі озық үлгімен салынды. Үстімнен қаншама арыз жазылды. Қудаландым. Бірақ, өкінгенім жоқ, өйткені, біз болашақ үшін жұмыс істедік. Жаңадан ауыл тұрғыздық, еңселі ескерткішін салдық.

Құтты бір көне заманның көмбесі ашылып, уақыт шымылдығы сырылғандай. Сері бейнесін Айыртау аудандық мәдениет үйінің қызметкері Берікбол Дүйсенбайұлы сомдады. Бұл бір жүрек шымырлатар, толқынысты сәт болды. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде киелі Айыртау топырағында өмірге келіп, ұлт мұратына қызмет еткен тұлғалар туралы тарқатып айтып берді.

Күреңіткен күзгі даланың төсіндегі сахнада салтанатты рәсім бастау алды. Өткеннің өнегелі ісі қамтылды. Бұрынғы Көкшетау облыстық мәдениет басқармасының басшысы болған Күміс Мұратбекова мен Айыртау ауданында қызмет атқарған ел ағасы Елемес Қалиевке, осы ауданның мәдениет бөлімінің басшысы болған Роза Айтжанова тәрізді елге еңбегі сіңген адамдарға құттықтау хат табыс етілді.

Той қызығы – ақындардың айтысы мен ат жарыс, әрқилы спорт шаралары. Ән Меккесінде «Құлагер шабыт – сері Ақан» деп аталатын республикалық айтыс ұйымдастырылды. Сөз сайысында Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының тұрғыны Жұмабек Рахимов бас жүлдеге ие болды. Айтыс жанкүйерлері қыз бен жігіт айтысының сайыпқыраны Мақсат Ақанов пен Әсем Ережеқызы тәрізді төл өнеріміздің жарқын жұлдыздарының төтеннен тауып айтқан суырыпсалмалығына дән разы болысты.

Құлагер шапқан құла түз бұл күнде дүбірге бөленді. Айыртау төсіндегі ат жарысқа сонау Алматыдан ат арытып келген атбегілер мен шабандоздар да бар екен. 25 шақырымдық аламан бәйгенің жүлдесіне «Дайындық-агро» серіктестігінің директоры Біржан Шәймерденов шетелдік көлік тіккен болатын. Темір тұлпарды Алматы облысының атбегі Тілек Әлішердің жүйрігі ұтып алды. Екінші орынға табан тіреген астаналық Нағашыбай Мираздың тұлпары Бәйтеректің қанжығасына бір миллион теңге байланды.

Солтүстік Қазақстан облыстық Ақан сері атындағы филармониясының өнерпаздары ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған киелі топырақты әнге бөлесе, балуандар белдесуі де той дүбірін қыздыра түсті.

–Ақан тойы – Алаш  тойы. Айыртау мен Көкшетауға бірдей, – дейді Серінің  тойына Көкшетаудан барған делегацияның басшысы, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, – өнегесі өрісті, тағылымы тамаша. Кейінгі ұрпақ Ақан сері іспетті Алаштың ардагерлерінің қадіріне жетіп, мұрасын көкіректеріне құйса, желкілдеп өсіп келе жатқан жас құрақ сынды кейінгі буынның көкіректері жыр мен нұрға бөленіп тұрса, ғажап емес пе?!

Сайын далада Серінің әні самал желмен Арқаның бар даласына, Арқаның ғана емес, Алаштың даласына шымырлап тарап бара жатқандай. Айыртау атырабындағы ажарлы тойдан сондай бір оймен оралдық.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Көкшетау – Айыртау – Көкшетау.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар