Қабдырахманның құтты қадамы Шоңайды шоқ-шоқ гүлге бөледі

Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Әр қазақтың жүрегінде өз туған мекеніне, құтты қоныс ауылына деген шексіз сүйіспеншілігі мен махаббаты ешқашан өшпейді. Кезінде жер бетінен жоқ болған Шоңай ауылы гүл өсіруші кәсіпкер Қабдырахман Бегімұлының ата қонысы.

Жасы жүзге жетіп өмірден елім деп өткен ардақты атасы Мұхамедқали мен асыл әжесі Рахиманың, әкесі Бегім мен анасы Сабираның атамекені болатын. Колхоздастыру кезінде сол шоқтығы биік Шоңай ауылы шаң астында қалды. Ауылдың біраз халқы Симферополь мен аудан орталығы Красноярға қоныс аударды. Атақты ата әулеті бір көше бойына келіп орналасқан екен. Сол шоңайлықтардың дені жүректерінде ауылына деген өшпес өкініш пен сағыныш тұнып, өмірден өтті. Жүрегі атамекен деп соғатын азаматтар ауылдың атаусыз қалмауын аңсап, өздері тұратын көшеге Шоңай деген атау берді. Елінің аты – халқының мәңгі жадында.

Сол Шоңай көшесінің №2 үйінде бала Қабдырахман да өсіп, ер жетті. Азамат атанып, үлкен өмір жолына аттанғанда атасы мен әжесінің, әкесі мен анасының туған еліне деген сүйіспеншілігін жүрегіне түйіп өскен жігіт жұмыс біткенді таңдаған жоқ. Мамандығы ветеринар болса да небір жұмыс түрлерін атқарды. Мәселен, жылу саласына жұмысшы болып кіріп, оның барлық сатысынан өтіп, бірінші басшысына дейін көтерілген. Коммуналдық саланы да солай меңгерген. Елорданың айналасындағы жасыл желекті жайқалтуға қатысып, жаңа астананы көгалдандырып, көркейту жұмыстарына атсалысты. Осы жолда жүріп гүл әлемінің әдемі есігін айқара ашып, көп тәжірибе жинақтаған. Әсем қаланың көркіне көрік қосып, салтанатты сәнін айғақтайтын гүлзар бақтарда ерінбей жұмыс істеп, гүл экспозицияларымен танысқан. Сөйтіп, Астанада үй-жайы, жалақы алатын жұмыс орны бола тұра, туған үйінің түтіні тартып, өзінің өскен шаңырағының ауласында гүл бағын өсіруді ойлады. Ауланың аумағы өте кең еді. Тектен-текке жатқан жер аумағын қолға алып, ескі қора-қопсының, өскінсіз жатқан огородтың орнын қопсытып, құнарлы топырақ сеуіп, көркейту ісіне кіріседі. Ауыл маңындағы ауылдастарын жұмылдырып, аула ішінен үлкен жылыжай (теплица) мен парник салуды бастайды.

Бүгінгі заманда теплица көтерудің өз машақаты бар екен. Өйткені, оның жарық түсетін жазығы батысқа не шығысқа қарсы тұруы шарт. Оның үстіне жылыжайда тәулік бойы жылыту мен жеделдету сатысы дұрыс ұйымдастырылып, ішінде белгілі бір микроклимат сақталуы керек болады. Жазда биологиялық күн сәулесімен, қыста техникалық жолмен жылытылатын теплицаны қора орнынан көтерудің өзі тек арнайы білімі бар шеберлердің ғана қолынан келетін іс екен. Жас кәсіпкер оны да бағамдап, теплица салудың шеберлерін Астанадан ауылына арнайы алғызған. Сөйтіп, атасы мен әкесінен қалған шаңырақ ауласында екі бірдей жылыжай тұрғызып, оның қасынан жас көшеттер өсіп-өнетін екі парник орнатқан. 2018 бен 2020 жылдар аралығында өз ауласында «Шоңай KS» аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрып, гүл өскіндерін өсіруді қолға алыпты.

Қолдан тұрғызылған жылыжайдың күн сәулесі түсетін төбесі мен қабырғасын қалап, бекітетін ағаш штапиктеріне дейін арнайы тапсырыспен жасатқан. Екі еңісті теплицаның екі қабатының сыртқы сапалы пленкалары сонау Турция елінен жеткізілген. Жабын ретінде пайдаланылатын полиэтилен пленкалары жылыжайда түрлі микроклиматты сақтау үшін маңызы зор екен. Ол ауасы ыстық жазда ылғалдылық пен желдетуді реттеп отырса, қыста бойынан жылылықты өткізбей сақтауға мүмкіндік береді. Арнайы тапсырыспен алынған пленка қабаты қысқы аязға да, жазғы аптапқа да төзімді болып келіпті.

– Міне, жылыжайды тұрғызып, гүл өсіріп келе жатқанымызға үш жылдың жүзі болды. Төбеден түскен қалың қарға төзіп, қатты аяздарда бір жері сынып, жыртылған жоқ. Күзгі нөсер жаңбыр мен ыстыққа да шыдап, өз нәтижесін беріп келеді. Бағасына қарамай, сапалы материал алғанымыз, жұмысымыздың тоқтамай жүруіне жол ашуда, – дейді Ирина бастаған гүл өсіруші қыздар.

Жылыжай мен парниктің айналасы мен жиектері қар мен жаңбыр суынан қорғалып, қасынан ағып өтетін жылғаларына дейін қарастырылған. Көшетжай ішіне жоғарыдан төмен қатарластыра себеттер қойылып, ішіне 20 сантиметрге дейін құнарлы топырақ салынады екен. Мұнда небір гүлдердің тұқымдары себіліп, жылыжайда жайымен жетіледі. Жаздың жылуында күн сәулесінен нәр алса, күннің суығында техникалық жолмен іші жылытылып, қолмен күтіліп, бапталады. Өсіп жетіліп келе жатқан гүл өскіндеріне су тура тартылған құбырдан бірден құйылмай, сәл тұндырылып, жылытылған қазандықтардан суғарылады. Суару емес, өсімдікті суғарудың да өз белгі-мөлшерлері бар екен. Осы салада жүрген Қабдырахманның қарамағындағы гүлді күтетін қыздар гүл дестелерін ылғалдандырып, суғарудың небір тәсілдерін үйреніп алыпты. Себет-себеттегі гүлдердің жап-жасыл желегі жайқалып, бас көтерген алқызыл гүлдері әсемдігімен көз қарықтырады.

«Шоңай» серіктестігінде өсіп-өнетін гүл түрлері бастапқыда 300 түп гүлден басталса, бүгінде оның саны 700 түпке жеткен. Гүл шоқтарының 55-60 түрлері қамтылған. Гүл тұқымдары Америка Құрама Штаты елінен пошта байланысы арқылы, посылкамен жеткізіледі екен. Гүл дестелерінің түрлерін кәсіпкер Қабдырахман өзі таңдап-талғап алатын көрінеді. Жыл сайын гүл ассортиментінің көбеюі әрі теплицаның қолайлы кеңдігі, гүлдердің сапалылығы сатып алушылардың санын көбейткен. Гүл өсірілетін құнарлы топырақ Ресей елінен арнайы вагонмен жеткізіледі екен.

– Осы маусымның гүл көшеттеріне 99 қап құнарлы борпылдақ топырақ алынды. Оны да арнайы минералдармен құнарландырып, құрамына тыңайтқыш қосып, құтыға салып тығындаймыз. Гүл өсетін себет, яғни, құты ыдыстардың кең әрі биік болуы тиімді. Сонда бір шоғырдағы гүл өскіндері тез тамырланып, жапырақтары да қысылмай жайқала өсіп, гүл жарады. Салған гүлдің биологиялық ерекшелігіне сай, бояуларының да үйлесім тауып, ұштасып отыруын реттейміз. Гүл нәтижесі өте жақсы, – дейді «Шоңай» бағының гүл өсіруші маманы Ирина Мушак. Негізінен бар жұмысты өзі атқарады, тек гүл көшеттерін жеке-жеке сауыттарға бөліп салар кезде көмекшілер көбейеді.

Міне, үш жылдан бері гүл өсірудің небір мехнаты көп жұмысын атқарып келе жатқан серіктестіктің тұрақты түрде гүл өсірушілері мен жұмысшылары бар. Олар маусымдық науқанды қаңтар айының соңынан бастап қара күзге дейін жалғастырады. Жалақыларын уақытылы алатын көрінеді. Біз Краснояр селосындағы «Шоңай» бағының жылыжайына кіргенімізде құнарлы топырақта бой көтерген табиғи гүлдердің хош иісі бұрқ етті. Гүл өсіруші бізді түрлі-түсті петуня, агрегатум, бархатцы, целозия, газания, сальвия, катаранту, беакон, гюртула секілді аты тіл сындыратын неше бір әсем гүл түрлерімен таныстырды. Тіпті, қап-қара түсті петуня гүлдері де болады екен. Киіздей тұтаса өсіп тұрған сәулетті гүлдердің композициялары небір әуенге тұнып тұр. Түсі қыжым көк, сағағы биік, жан-жағы жап-жасыл өскіндермен көмкерілген керемет әсем гүлдің аты «львинный зев» екен. Әр шоғы өте бағалы, көп сұранысқа ие гүл екен. Бір корзинка-себетте 32 тал гүл шоқтары өсіп тұр. Оларды сол қалпымен көтеріп, қағаз жәшіктерге салып жатыр. Бұл Қостанай қаласынан келген гүл алушы Дәурен деген жігіт екен. Бір келгенде бір машинаға 40-50 жәшік гүлдерді салып, әкететін көрінеді. Сатып алушымен сөйлестік.

– Мен үш жылдан бері осы «Шоңайда» өскен гүлдерді көтере сатып алып жүрмін. Мұнда гүл түрлерін өсіріп күту жоғары деңгейде жүргізіледі, гүл сапасы өте жақсы. Гүл түрлері біздің солтүстік өңірдің ауа райына қолайлы, кез келген климат ауытқушылығын көтереді, төзімді. Міне, көріңіз, дұрыс күтілгендіктен гүл басы сойдиып жалғыз өспей, жасыл өскінге малынып тұрады, – дейді әлгі гүл алушы азамат.

Сол күні Ақтөбе қаласынан да бірнеше гүл алушылар келді. Оларды жасыл бақтың төсін түрлендіріп тұрған қызыл сальвия, сап-сары тагетис, көгілдір петуня, алтын агрегатум гүлдерінің бүр жарып тұрған сәті қатты қызықтырды. Бірақ қостанайлық саудагер бар өсіп тұрған гүлді көтере сатып алып, иелік ете, бағасын бірден көтере салды. Осы сәтті пайдаланып, гүлзар иесі Қабдырахманнан өздері қолмен өсіп өндірген, мынадай сұранысқа ие гүл бағасын неге көтермеске дейміз ғой. Сонда иман жолында жүрген азамат, «барға қанағат әрбір қайырымды іс Алладан қайтады» дейді. Өзі айтқандай, ауылында Қабдырахманның есімі көпке мәлім. Қолы ашық, жүзі жарқын, иманға толы жігіт ағасы талай жанға көмек қолын созған. Краснояр селосындағы Әбілкәрім қажы Шойынбек мешітіне өз үлесін ұдайы қосып келеді.

– Мінезі ашық, жаны таза, көпшіл азамат. Ол өзінің ерінбейтін елгезектігімен ерекшелене біледі. Біздің мақтанышымыз, – дейді ауылдас ағасы Асылбек Шойынбекұлы.

Гүл өсіруші биыл тағы жер көлемін ұлғайтып, жылыжай шаршысын кеңейтіпті. Алдағы маусымда тұқым түрлері молайып, гүл ассортименті көбеймек. Барын баптай білетін кәсіп иесі өз кәсібін көбейтуге үкіметтен бір тиын кредит алмай, барымен базарлап, шыға білген. Осылайша кіретін пайдасынан гөрі, шығатын шығыны көп іске батыл кірісіп, қара жердің көркін әсем гүл өсіріп кіргізіп отырған ата баласы Қабдырахман бауырымның еңбегі өлшеусіз екеніне өзім куә болдым. Жер бетінен жоғалып кеткен Шоңайдың нағыз бел баласы Қабдырахман Әбдуахитов секілді азаматтар барда кеше өшкен туған елінің аты халық жадында қалып, Көкше өңірінің орман-тоғайы ойсырамай, көз жауын алар гүл бөккен жасыл желек жайқала бермек.

Шынар БЕКМАҒАНБЕТҚЫЗЫ,
Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар