–Баянғали аға, алдымен туған ауылыңыз Кеңащының 90 жылдығы құтты болсын! «Арқа ажарына» тамаша мақалаңызды жолдап, Түркияға іссапарға жүріп кеттіңіз. Мында біз қалай бүкіл ауыл тұрғындарының аты-жөнін, ертедегі оқиғаларды ұмытпай, керемет есте сақтаған деп таң қалып жатырмыз.
–Иә, ауыл тойында бола алмай, дәл сол мен үшін де айтулы оқиғаның алдында бауырлас Түркия еліне жол жүріп кеттім. Онда 21-27 тамыз аралығында Ерзұрым қаласында түрік әлемінің халықаралық фольклорлық фестивалі өтуге тиіс болатын. Сол фестивальға Түркияның Мәдениет министрлігінен арнайы шақырту алғанмын. Үлкен өнер салтанаты болған соң әрі Қазақстанды, өзімді елеп-ескеріп жатқаннан кейін бармасқа болмады. Оның үстіне бір сағат Алаш пен Манасты жырлайтынымды айтып, фестиваль бағдарламасынан осынша уақыт бөліпті. Бұл түсінген жанға алдымен қазақ елі, оның бай мәдени мұрасы, ауызша және жазбаша әдебиеті үшін зор мерей ғой. Менің манасшы екенім, сондықтан, қырғыздың әлем эпостарының бір жауһары – «Манас» жырын жырлауым керектігі тағы бар. Сол себепті осындай қат-қабат міндет әрі парызбен ауылымның тойын да қиып, Аллам мен Алашыма сыйынып, бауырлас елге жол тарттым.
–Фестиваль қалай өтті? Сапарыңыз ойыңыздан шықты ма?
–Түрік еліне аман-есен жетіп, шақыру қағазында көрсетілген Ерзұрым жеріне де ойдағыдай табан тіредік. Әуежайда өздері қарсы алып, осы бес-алты күнде алаңсыз жүріп-тұратындай етіп бар жағдайды жасап қойған. Бұл фестиваль түріктің дәстүрлі әншілері мен жыршыларының үлкен өнер, мәдениет фестивалі екен. Түркі тілдес елдерден де көп қонақтар келетін болып шықты. Шараның өзі «Паландөкен мәдениет жолы» деп аталады. Кәдімгі бір жер-жерден өнер майталмандары ағылған үлкен бір өнер мерекесіне ұласты. Жырларын айтып, Ираннан, Әзірбайжаннан да келіпті. Түркімендер, тағы басқа түркі тілдес ағайындарымыз тағы бар. Қазақстаннан мен. Бәріміз емен-жарқын бір-бірімізге құшақ жайып, қауқылдасып жатырмыз. Өнердің бір құдіреті осы ғой. Жан-жақтан ниеті адал, көңілі таза жандарды жинап алады. Алдымен сөзді «Санат» деген өздері бас қосып тұратын бір ұйымынан бастайын. Санат түрікше «өнер» деген сөз көрінеді. Міне, фестивальдің алдында әуелі сонда алып барды. Сол арада шүйіркелесіп отырып, «Манасты» айтқызды. Одан Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» әнін айттым. Ертеңінде тағы да сол жиында залда басқа елдерден келген әншілер мен жыршыларды тыңдап отыр едім, болмай қолқалап, тағы ортаға шығарды. Сөйтіп, тағы да «Манасты» айтқызды. Бір сөзбен, осы беташар бас қосудан-ақ өте жылы қабылдап, аяқ-қолымызды жерге тигізбеді. Арғы күні кешкі сағат алтыда Ерзұрымның орталық алаңында фестивальдің өзіне кезек берілді. Бұл үлкен қорған алаңы екен. Кілең көнеден қалған, ескі қорғандар тұр. Бір жағында мешіт пен медресе. Бұл менің кейінгі кездегі Түркияға екінші сапарым ғой. Жалпы, алдыңғысында да, осы жолы да бір анық байқағаным, түрік бауырларымыздың өздерінің өткен тарихына, оны қолдан келгенше келер ұрпақтарға сақтап, жеткізуге деген ынта-ықыластары ерекше. Біз барған фестивальдің да ашық аспан астында, осы ескі қорғанның іргесіндегі сахнада өтуінің өзі соны барынша көрсетіп тұрғандай болды.
–Сонымен, сіздің де фестивальда өнер көрсететін кезегіңіз келді ғой…
–Халықаралық деңгейдегі үлкен өнер байқауы болған соң бір жағынан аз-мұз толқып, бір жағынан өз-өзіме сенімім де серік болып, әлгіндей болмай мен де сахнада отырдым. Содан не керек, сол жерде маған бөлген бір сағаттан асып түсіп, бір жарым сағаттай жырлап бердім. Әуелі Біржан салдың «Теміртасынан» бастап, Сәкен Сейфулиннің «Көкшетау» әніне ойыстым, «Қобыландыдан» Тайбурылдың шабысын, «Ер Тарғыннан» Ақжүністің қарт Қожаққа айтқанын, Бақтыбайдың Тезек төреге айтқанын жырладым. Әрі қарай өзімнің поэмам – «Байбозымның жебесін», Мағжан атамның «Батыр Баянын» жырлап, осылардың соңын ала «Манасқа» түстім. Сөйтіп, мынадай аудиторияның алдында арқа қозған соң, біраз гүпілдеп барып, бір-ақ тоқтадым. Бәрі дуылдатып қол соғып, «жақсы концерт болды» деп жатыр. Содан түріктер жаныма қаптап, балалары, жастары мен үлкендері ортаға алып, суретке түсіп, сондай бір жақсы әсерде болдым. Басқа елде мұның бәрі оңай келмейді ғой. Тіліңді де түсінбейді. Қайта, бертін менің түрік тілінде «Абылай хан мен батырлар» кітабым шықты ғой. Осы елге мұның алдындағы бір сапарымда Анкарада өткен сол кітаптың таныстырылымында жанымда үнемі бірге болған осы кітаптың аудармашысы, түрколог ғалым Ашур Өздемир бұл жолы да сахнадан табылып, таныстырып, әр жырдың не туралы екенін айтып, оқиғасын жеткізіп, демеп отырды. Осындай естен кетпес қызық бір дүние болды.
–Бай-аға, шынымен де, бауырлас түрік жерінде сәтті өнер көрсетіп, қазағымыз бен қырғызымыздың бай да мұрасын бір танытқан екенсіз. Бұл енді бұдан былай Ерзұрым жұрты да сіздің атыңыз бен затыңызға қанық деген сөз ғой.
– Мен өзі мұндағылардың айтуынша, Ерзұрым жеріне келген бірінші қазақ ақын-жырауы, жыршысы екенмін. Бұған дейін мұнда «Манасты» жырлайтын да бірде-бір манасшы аяқ баспаған. Сол жағынан да шыны керек, бағамыз арта түсті. Бес күн ішінде түрік әдебиеті, мәдениеті мен өнерінен де көп жайға қанықтым. Өзім де жаңа бір өнер әлемін ашқандай болып, осы жасымда кеудемді сан күмбірге толтырып, көкірек-көңілімдегі осыны жырласам-ау, осыны шырқасам-ау деген бар ән-жырымды сыртқа еркін шығарып, бір жасап қалдым. Құдайдың құтты күні жыр айтқызады, соның ішінде міндетті түрде «Манасты» жырлатады. Айталық, түрік жұрты бұл жағынан алғанда, біздің төл өнерімізге ерекше бір сүйіспеншілік, ынтызарлықпен қарайды екен. «Химчин» деген мейрамханасы негізінен, жастардың бас қосатын жері. Әсерлі кездесулердің тағы бірі сонда өтті. Түркия мәдениет министрінің орынбасарымен жүздестік. Ерзұрым елінің басшысы, бізше айтқанда, облыс әкімі Уәли де бірге болды. Ергін бей деген облыстық мәдениет басқармасының бастығы бірге жүрді. Фестивальді ұйымдастырып жүрген Жанан Шемшек деген мәдениет өкілі, түрік қызы екен. Бәрі құшақ жайып, күтіп алды.
–Дәстүрі берік, талғамы жоғары түрік елінен тағы нені байқадыңыз? Өнер, мәдениет орындарынан тыс барған жерлеріңіз болды ма?
–Ататүрік атындағы үлкен университеті бар екен. 800 мың студенті бар көрінеді. Бүкіл дүниежүзінен келіп оқиды. Бүкіл түрік халықтарының тілдерін оқытатын болып шықты. Біздің қазақ тілі, қырғыз, өзбек тілдері дегендей. Әрқайсысына жеке-жеке бөлім ашып қойған. Сонда да бір әсерлі кездесу болды. Ерзұрымның өзінде бір-екі-ақ қазақ отбасы тұрады екен. Бұрын болған, бірақ көшіп кетіпті. Оның есесіне осында докторантурада жүрген қазақ қыздары алымыздан шықты. Баян Жүнісова деген қызымыз осы университетте ғылыммен айналысады, КарЛАГ туралы материалдар жазған. Мөлдір деген бір қызымыз да сонда сабақ береді екен. Майрамгүл деген қырғыздың қызы да оқытушы екен сонда. Лаура атты бір қызымыз сол жақта тұрмысқа шығыпты. Бізді қарсы алып, екі кішкентай қызымен жүр. Елден қазақ ағамыз келді деп, қуанғанын көрсеңіз барлығының. Сонда өткен мазмұнды кездесуге түрік тілдерін зерттейтін Сулейман бей, Хусейн бей деген профессорлар, басқа оқытушылар құрамымен бірге, осы қазақ, қырғыз қыздары түгел қатысып, өлеңдер оқып, жыр айтып, тағы бір жасап қалдық. Қоштасарда бәрі қимай, елге сәлемдерін айтып қалды.
–Сонымен енді ол жақта елге жиналып жатырсыз ғой. Әуежай басындасыз ба, қайдасыз? Көңілде нендей толғаныс?
–Баяғыда А.С.Пушкиннің «Путешествие в Арзрум» деген жол жазбасын оқып едік. Қазақша «Арзрумға саяхат» деген туындысы ғой. Бұл нені байқатады? Бір кездері Пушкин келген ғой Арзрумға. Содан білуші едік атын. Тарих қалай, көрдіңіз бе? (күледі). Енді дәм жазып, сол жерге өзіміз де аяқ бастық. Міне, кітабымды басып шығарып, оның тұсаукесеріне шақырған, одан бері де мынадай үлкен фестивальден қалдырмай, құрмет-қошеметін көрсетіп жатқан бауырлас елмен тағы бір қауышып, елге үлкен әсермен аттанып барамын. Осы сапарыма менімен бірге қуанып, тілектес болып, хабарласып жатқандарыңызға рахмет. Көріскенше күн жақсы!
–Сізге де туысқан түрік елінен, фестивальдан алған әсерлеріңізбен бөліскеніңізге рахмет! Бауырлас екі елдің әдебиетін, мәдениеті мен өнерін жақындастыруда әрдайым осылай алтын көпір болып жүре беріңіз.
Қайырбай Төреғожа.
(телефон арқылы) .