Адырлықтардың жаңа қадамы немесе үміттің қайта оянуы

«Адыр элеваторы» ЖШС-і бір ай бұрын өз жұмысын қайта бастады. Ауыл тұрғындарының үмітін оятып, жұмысшылар өз кәсіпорындарына жұмысқа қайта оралғандарына қуанышты. Әрине, бұл жұмысшылар үшін сәтті қадам болғаны сөзсіз. Адыр ауылындағы элеватор өз тарихын өткен ғасырдың 50-ші жылдары, яғни, тың көтеру жылдарында бастады. Ұзақ жылдар бойы негізінен, жергілікті тұрғындардан құралған ұжым аянбай, жемісті еңбек етті.

Адыр – темір жол арқылы екіге бөлінген, жүз үйлік шағын ауыл. Тарихы тереңде жатқаны соншалық, жергілікті халық не теміржол вокзалында, не ауылдағы жалғыз кәсіпорын – элеваторда жұмыс істеп келген. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары элеватор басшылығы бірнеше рет ауысып, соңғы жылдары жұмысын мүлде тоқтатты. Бұрынғы басшыларына бизнестің ауыр жүгі қиын соққандай. Адырлықтар жаңа жұмыс іздеуге мәжбүр болды, олар жақын маңдағы ауылдарға барып, шаруашылық жүргізуге және ондағы өндірген өнімнен ақша табуға тырысты. Әрине, ауылда жұмыссыз, оның үстіне малдың жемшөбінсіз қалу өте қиын…

Биыл ауылға жаңа инвестор келді, ол элеватордың тарихи атауын ғана емес, адамдарға жақсы өзгерістер әкелетін үмітті де қайтарды. Серіктестік басшылығының алдағы уақытта үлкен жоспарлары бар: жұмыс маусымы күннен-күнге жалғасуда, ең алдымен, барлық өндіріс орындарын, қазандықты, асхананы, жатақхананы жөндеу қажет. Мамандарды қабылдау қызу жүріп жатыр. Адырлықтар элеватордағы үйреншікті жұмыстарына қуанышпен оралуда.

«Адыр элеваторы» ЖШС-інің директоры Сағат Мұратұлы Ыдырысов – тәжірибесі мол басшы. Оның атқаруымен қайта қалпына келтіріліп, табысты жұмыс істеп тұрған бірнеше ірі кәсіпорындар бар. Ол еңбек өтілі бойынша өзіміздің Орал, Өзбекстан, Әзірбайжан елдері қалаларында, сондай-ақ, біздің облысымыздың да ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында басшылық қызметтер атқарған. Бүгінде ол көп жылғы бай тәжірибесін Адыр ауылындағы элеваторды қалпына келтіруге жұмсауда.

– «Адыр элеваторы» ЖШС – бүгінгі күні жеке дербес серіктестік. Әрине, мұндай үлкен де маңызды нысанды қайта түлетуді жалғыз жүзеге асыру мүмкін емес. Серіктестікте Таяу Шығыс елдеріне, Қытайға, Еуропаға және ТМД елдеріне өнім жөнелтетін сенімді стратегиялық серіктестер, сауда компаниялары бар. Олар осында ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алып, алыс-жақын шетелдерге экспорттауды ұйымдастырады, – дейді Сағат Ыдырысов.

«Адыр элеваторы» ЖШС стратегиялық серіктестерінің қатарында «Сей-Нар», «Eurasia Grain Trade», «Bayterek Grain» сияқты ірі компаниялармен көпжылдық экспорттық келісім-шарттары бар.

Бүгінде компания элеватор қызметін тұтынушыларға қолайлы алаң ұйымдастырып, тек Атбасардан ғана емес, көршілес Астрахан, Егіндікөл, Сандықтау аудандарының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін де ынтымақтастыққа шақыруда.

– Біз астықты қабылдау, кептіру, сақтау және жөнелту бойынша білікті және тиімді элеватор қызметтерін көрсетуге дайынбыз,– дейді Сағат Ыдырысов.

Кәсіпорын қазірдің өзінде платформаны және таразы бетін жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр, сонда барлығы шетелден, соның ішінде Қытайдан келетін серіктестердің талаптарына сай келеді. Элеватордың үш теміржол жолы болғандықтан, тәулігіне үш-төрт мың тонна астық жөнелтуге болады. Ол астық тасымалдаушыларға жіберіледі, жабық вагондарға, контейнерлерге түседі. Сондай-ақ, компания өнімдерді қаптауды ұйымдастыруды жоспарлап отыр – тағы да кейбір шетелдік компаниялардың тілектеріне сәйкес.

Бір ай бұрын элеватор жұмысын бастады. Басшылық жергілікті кадрларды кәсіпорынға қайтаруға қамқорлық жасады. Жұмысқа бірінші кезекте ауыл, аудан тұрғындары шақырылды. Серіктестікке барлығы 65 қызметкер қажет, маусымда одан да көп болады деп күтілуде. «Адыр элеваторы» ЖШС-індегі еңбекақы – жүз мыңнан үш жүз мың теңгеге дейін. Білікті автогенер, электрик, газ-электр дәнекерлеуші, аспаз және есепшілер қажет.

– Бүгінде кәсіпорында жоғары білікті мамандар жұмыс істейді, – деп жалғастырады серіктестік директоры. – Бұл өндірістік-техникалық зертхана меңгерушісі Әмірхан Сұлтанбеков, кадр бөлімінің басшысы Людмила Панкратова, есепші Анастасия Будаева, бас энергетик Серік Дүйсембаев, қауіпсіздік қызметінің басшысы Төлеубай Темірбек, технолог Гүлшат Қайрашева және тағы басқалары.

Айта кету керек, серіктестіктің есепшісі Анастасия Будаева сегіз баланы тәрбиелеп отырған көп балалы ана, сонымен қатар, сауатты маман, оның қашықтан жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған, біліктілігін арттыру үшін кәсіптік оқытуды ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл да жаңа басшылықтың өз қызметкерлеріне қаншалықты мұқият қарайтынын көрсетеді.

ЖШС-ның соңғы технологиямен жабдықталған өз зертханасы бар. Мұнда зертханашылар жұмыс істейді, олардың білім деңгейін компания үнемі жақсарту ниетінде Көкшетау университетімен, Шағалалы колледжімен келісім-шарт бар, Атбасар аграрлық-индустриалды колледжімен ынтымақтастық та жоспарлануда. «Адыр элеваторы» ЖШС «Qoldau» жүйесіне қосылған және қызмет көрсетуге лицензиясы бар. Элеваторда кептіру қондырғылары бар. Барлық қызметкерлер арнайы киіммен қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта олар қызметкерлерге ыстық тамақ ұйымдастырып, наубайхананы іске қосуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, элеваторда жеке өрт сөндіру көлігі бар. Басшылық өрт сөндіру бекетін қалпына келтіріп, өрт сөндіру бригадасын құруды жоспарлап отыр.

Қазіргі уақытта кәсіпорында қазандық қалпына келтіріліп, жаңа қазандықтар, жаңа жылу магистралі орнатылып, жүк көлігі мен теміржол таразылары жаңартылуда. Олар жаңа техника, трактор, тиегіш сатып алуды жоспарлап отыр.

Ал, кәсіпорынның жандануына қарап отырған Адыр ауылының тұрғындары енді бүкіл ауыл жаңа өмірге қадам басады деген үмітте. Бір кездері жергілікті мектепте 300-ге жуық бала оқыған. Бүгінде олардың саны 40 шақты ғана.

Тұрғындар, «ең бастысы, директорға күш-қуат берсін» деп тілесе, директор «ең бастысы – халық» дейді.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
Елена ТЕМПЕЛЬ.

Атбасар  ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар