Өңір мектептері жөндеуден өткізіліп жатыр

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында білім сапасын одан әрі арттыруға бағытталған кешенді шараларды қабылдау  көзделген.

Бағдарламаға сәйкес Ақмола облысында барлығы 470 мектепті, ал, жыл сайын 94 мектепті жаңарту жоспарланған. Мектептерді жаңғырту алты бағытта жүзеге асырылады: күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстары, пән кабинеттерін ашу, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту, қауіпсіздік жағдайын жақсарту.

Осы бағдарламаға байланысты жуырда облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен жергілікті баспасөз қызметкерлеріне аудан, ауыл мектептерінің таныстырылымы өтті. БАҚ өкілдерін Ақмола облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің білім беру қызметін лицензиялау бөлімінің басшысы Манат Әбілмәженов және Ақмола облысы білім басқармасының баспасөз хатшысы Өмірбек Сейітов ертіп жүрді. Мақсаттары модернизациялау үдерісінен өткен, күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған білім беру объектілерін аралату, оқулықтар және көркем әдебиеттер, электронды ресурстар, онлайн платформалар мен жалпы мектептердің оқу жылына дайындығын журналистерге көрсету болды. Алғашқы бетте Зеренді ауданының Шағалалы ауылының орта мектебімен таныстық. Мектеп директоры Нұршәріп Жәнібек және мектеп қызметкерлері күтіп алды.

Бұл ауылда жалпы білім беретін 2 мектеп орналасқан. Біріншісі екі қабатты, 280 балаға арналған. 27 оқу кабинеті, спорт залы, асхана, денсаулық кабинеті орналасқан. Мектеп қазақ-орыс тілдеріндегі аралас мектептердің қатарында. 1965 жылы салынған, 2020 жылы республикалық бюджеттен 360,0 миллион теңге қаржыға күрделі жөндеуден өткізілген. Жылу жүйесі мен автономды сумен жабдықталған.

Екінші қосымша мектеп 1978 жылы салынған бір қабатты, 45 оқушыға арналған аралас мектеп. Бұл мектеп те 2021 жылы күрделі жөндеуден өткен. Жөндеу жұмысына 358,0 миллион теңге қаржы бөлініп, бас мердігер «Көкшетау Строй» ЖШС ғимараттың шатырын, терезелерін ауыстыру, жылу жүйесін, еденді жөндеу, қабырғаларды сылау, электр сымдарын, мектепке керек-жарақтарды ауыстыру сияқты жұмыстарды жүргізген.

Қазіргі таңда екі мектепте 24 сыныпта 380 бала білім  алуда. 1 сыныпқа қабылданған оқушылар саны 42. Бұл көрсеткіш 10 пайызға көтерілген.

– Бізде баланың саны 380 маңайында тұрақты болып тұрған себебі, даярлық сыныбының 80 баласы балабақшада оқып жатыр. Қосымша балабақшада 200 бала тәрбиеленуде. Болашақта ол балалар бізге келеді. Есептеп көрсек, алдағы 5-10 жыл аралығында оқушы саны 600-ге жақындайды екен. Ал, мектептің сыйымдылығы 280 балаға арналған. Ондай жағдайда екі кезекпен оқытылады, – дейді Нұршәріп Жәнібек.

Күрделі жөндеуден өткеннен кейін мектепте заман талабына сай көптеген кабинеттер ашылған. Кабинеттер оқытушылар мен оқушыларға да ыңғайлы. Күні кеше география кабинетіне республикалық бюджеттен 2 миллион теңгеге замануаи үлгідегі электронды тақта сатып алынған. Білім объектісіндегі 27 кабинеттің 20-сы компьютермен, интерактивті тақтамен қамтамасыз етілген. Оқушылар 100 пайыз кітаппен қамтылып, мобильді және электронды ресурстар жұмыс істейді. Оқушылар QR код арқылы қалаған кітабын оқи береді.

Келесі барғанымыз Бурабай ауданының Щучинск қаласында орналасқан №5 жалпы орта білім беретін мектеп болды. Бізді мектеп директоры Қуанышбек Шаяхметов пен Бурабай ауданының білім бөлімінің әдіскері Алма Серікқызы қарсы алып, мектеппен таныстырды.

1975 жылы салынған мектеп құрылысы 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткен. Осы мақсатқа 514 миллион теңге қаржы бөлініп, барлығы 33  кабинет жөнделген, оның 9-ы жаңа технологиямен қамтамасыз етілген. 2020-2023 жылдар аралығында 2,7 миллион теңгеге бел турнигі, 1,5 миллион теңгеге интерактивті тақта сатып алынса,  5,5 миллион теңгеге лингафон кабинеті және 2,5 миллион теңгеге «Стем» кабинеті республика бюджетінен сатып алынған. Ондағы лабораторияда оқушылар география, химия пәндерінен зерттеулер жүргізеді.

Аталмыш мектеп Бурабай ауданы бойынша рейтингіде көш бастап тұр. Мектептің бір ерекшелігі, ұлттық спорт түрі – тоғызқұмалақтың ордасы. Жыл сайынғы өткізілетін аудандық тоғызқұмалақ сайыстарында бас жүлдені иеленіп, облыстық, республикалық жарыстарда алдыңғы орындардан көрініп келеді. Бұл мектептің тағы бір мақтанышы, белгілі боксшы Вадим Казаков осы білім ордасының түлегі.

Бізге ерекше әсер қалдырған Бурабай ауданы, Қатаркөл ауылының Әбілқайыр Досов атындағы жалпы орта білім беретін мектебі дер едік. Мектеп жағдайымен директоры Серікбай Мусин таныстырды.

Мектеп 1971 жылы салынған. 2021 жылы 354,0 миллион теңге қаржыға күрделі жөндеуден өткізілген. Жөндеу барысында есік, терезе жаңалау, төбесін ауыстыру, жылу жүйесін жөндеу, терезе, еден мен қабырғаларды өңдеу, электр сымдарын ауыстыру сияқты жұмыстар атқарылып, спорт залы мен оқу кабинеттері 100 пайыз қайта қалпына келтірген.

«Ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту» қоры «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесе отырып, 2022 жылы 8 тамызда «Ауылдық жерлердегі мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасы бойынша келісімге қол қойылып, білім объектісіне көптеген жұмыстар жүргізілген. Мектептің басты ерекшелігі де осы. Барлық кабинет, сыныптар заманауи үлгіде мобильді, электрондық ресурстармен жабдықталған. Аталмыш жоба бойынша елдің барлық өңірлеріндегі 17 мектептің ішінен алғашқы жақсы нәтижелерді осы Досов атындағы Қатаркөл ауылдық мектебі көрсеткен. 2021-2022 оқу жылында жаңартылған заманауи технологиямен жабдықталған жиһаздар, техникалық және қашықтықтан оқу құралдары, сәндік қолданбалы өнер бұйымдары, баспа материалдары сатып алыныпты. Сондай-ақ, бейнеқабырға мен инфокиоск, арт-студия, онлайн сабақтар мен шеберлік сабақтарын жүргізуге арналған телестудия да бар. Жаңа модификацияланған сыныптар мен заманауи STEM-нен басқа, балалар сабақтан бос уақытында шахмат ойнап, сурет сала және конструкторларды құрастыра алады. Мектепті жабдықтауға барлығы 250 миллион теңге жұмсалған. Осының арқасында оқушылардың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалған.

Сонымен бірге, біз бұл күні Щучинск қаласындағы орман шаруашылығы, экология және туризм колледжінде де болдық. Мұндағы істің барысымен оқу орнының директоры Азамат Қожақов таныстырды. Қазіргі таңда колледжде 500 студент білім алады. Студенттерге арналған 135 және 160 орындық екі жатақхана бар. №2 жатақхананың күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Оған бюджеттен 221 миллион теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары 30 шілдеде аяқталуы керек болған. Бірақ, әлі кешіктіріліп жатыр. Соған қарағанда, жөндеуге жауапты «Град Строй Сервис» ЖШС жұмысында кілтипан бар сияқты.

Расында, колледж директоры жөндеу жұмыстары оқу жылы басталғанға дейін аяқталмаса, бас мердігерді сотқа беретіндерін, студенттерді уақытша тығыз да болса 135 орындық №1 жатақханаға орналастыратындарын жеткізді.

Сонымен, осы жылы облыста 94 мектепті жаңғыртуға бюджеттен 3 миллиард теңге бөлінген. Бұл жұмыстардың нәтижесін де көруге асықпыз.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Зеренді, Бурабай аудандары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар