Еңбегімен мерейі үстем болған

Жүз жылға жақын тарихы бар мектебімізде өмірдің соқтықпалы-соқпақты кезеңдерінде сан қилы тағдырымен талай мәртебесі биік белестерді алған, осы білім ордасында өз шығармашылық жолдарымен тайға таңба басқандай із қалдырған ұстаздарымыз баршылық. Солардың ішіндегі бірегейі, қадірлі, ардагер  ұстаз – Ғазез Айдарханұлы Құрманғожин.

Ғазез Айдарханұлы 1948 жылы тамыздың 22-сі күні сол кездегі Көкшетау облысы, Көкшетау ауданы, Қызылсая елді мекенінде дүниеге келеді. Мектепте екпінділер қатарында оқып, 1965 жылы тәмамдап, екі жыл өзі оқыған Қызылсая орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады. 1967 жылы Петропавл қаласындағы педагогикалық институттың дене тәрбиесі факультетіне оқуға түсіп, 1971 жылы бітіріп шығады.

Ғазез Айдарханұлы грек-рим күресімен айналысып, облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған азамат. Күрестің осы түрінен спорт шебері. Институттан кейін бір жылдай Елтай орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. 1972 жылы әскер қатарына алынып, Отан алдындағы міндетті борышын өтеп келгеннен кейін Көкшетау ауданы Симферополь ауылының орта мектебінде дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық пәндерінің мұғалімі болып қызмет атқарады. 1974 жылдан бастап ұстаздық еңбек жолын өзінің туған жері Қызылсая орта мектебінде мектеп интернатының меңгерушісі қызметінде жалғастырады.

1974 жылы өзі оқыған оқу орнының түлегі, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің маманы Ботагөз Өмірбайқызымен бас қосып, отау құрады. Қазіргі уақытта ұлын ұяға, қызын қияға қондырған қос ардагер ұстаз зейнеткерлік демалысында. Үлкен қызы Динара Қарағанды университетінің қаржы және несие бөлімін, екінші қызы Бибігүл Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заң бөлімін, ұлы Данияр әке жолын қуып, Петропавл қаласындағы педагогикалық институтының дене шынықтыру бөлімін, кіші қызы Әсел де жоғары оқу орнында қаржы бөлімін тәмамдап, барлығы мамандықтары бойынша қызмет атқаруда.

Ғазез Айдарханұлы  ұстаздық еткен ғұмырында шәкірттерін  спорт пен әскери дайындық жағынан ғана  дамытып қойған жоқ. Халқымыздың ұлттық ойыны тоғызқұмалақты дамытып, бұл салада да ерен жетістіктерге жете білген үлкен жүректі ұстаз десем артық айтқандық болмас. Қызылсая орта мектебінің сол кездегі мектеп директоры, тоғызқұмалақ үйірмесін ашуға дәнекер болған Өтежан Мұратұлының бастамасымен Ғазез Айдарханұлы үйірме жетекшісі болып, зейнет жасынан кейін де жұмыс істеді.

«Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға»  дегендей, тәжірибесі мен тәлімі мол ұстаз адал еңбегінің жемісін шәкірттерінің жеңістері арқылы сан мәрте дәлелдеді. 2003 жылы Павлодар қаласында тоғызқұмалақтан өткен республика чемпионатында Фариза Бексұлтанова жеңімпаз атанды. 2004 жылы Абай Сәбитов Қазақстан чемпионатында қола жүлдені еншілесе, кейін алтын медальға қол жеткізді. Аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда басқа да шәкірттері сан мәрте жүлде алып, мектебіміздің мәртебесін  көтерді.

Қазір Ғазез ағай құрметті еңбек демалысында. Биыл 2023 жылдың 14 сәуірінде Қазақстан Республикасы тоғызқұмалақ спорт федерациясынан Ғазез Айдарханұлының «Тоғызқұмалақ қайраткері» төсбелгісімен марапатталғаны жөнінде қуанышты хабар алдық. Ғазез ағайдың жеңісі мектебіміздің, ауылдың, ауданның, қала берді, облыстың да мерейі екені анық. Осындай шығармашылығы мол тұлғаның шәкірт дайындаудағы үздік әдісі мектебімізге үлгі. Бар саналы ғұмырын мектебі мен шәкірттеріне арнаған ұстаздардың ұстазы, үлкен жүректі, кеңпейіл жан Ғазез ағайға алғысымыз шексіз. Бүгінде Ғазез ағай мерейлі 75 жасқа толып отыр. Отбасының махаббаты мен шәкірттерінің алғысына бөленіп, әлі де талай жасты еңсеріп, ұзақ ғұмыр кешуіне Алла нәсіп етсін.

                                                               Райхан БЕГАЛИНА,
Қызылсая жалпы орта  білім беретін мектебінің
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар