Жыл сайын 94 мектеп жөндеуден өткізіліп отырады

Таяуда өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалин мен Ақмола облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Азамат Байқуанышовтың қатысуымен «Ақмола облысының білім беру жүйесін дамыту және объектілерді салу перспективалары»  тақырыбында брифинг болып өтті.

Өздеріңізге мәлім, күні кеше Көкшетау қаласында болған мектептегі орын тапшылығы мәселесі әлеуметтік желіде көзіқарақты оқырманның талқысына түскен. Осы  мәселе қалай шешіліп жатыр? Жалпы, облыста іргетасы қаланып жатқан қанша мектеп бар? Олар қашан пайдалануға беріледі?  Құрылыстың  сапасын кімдер бақылайды? Жаңа мектептер белгіленген уақытта неліктен пайдалануға берілмей қалды? Ондағы оқушылар қайда оқып жатыр? Тасымалдау мәселесі қалай ұйымдастырылған? Брифингте осы және басқа да өзекті мәселелер көтеріліп, сала басшыларының тарапынан нақты жауаптар берілді.

Бүгінгі таңда облыста 35 мыңнан астам тәрбиеленуші бар 601 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде 256 балабақша (29580 бала) және 345 мектепке дейінгі шағын орталық бар (6057 бала). 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 86,0 пайызды құрайды.Осыны ұлғайту мақсатында 2023-2027 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды ашудың жоспары әзірленді. Жоспарға сәйкес 2027 жылға дейін 12 мыңға жуық жаңа орын құру және 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 98,6 пайызға дейін қамтуға қол жеткізу жоспарланған.Жыл басынан бері 761 балаға арналған 8 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Және 1426 орындық 6 балабақшаның құрылысы жалғасуда. Бұл – мектепке дейін білім беретін мекемелердің қазіргі ахуалы.

Ал, орта білім беруге тоқталатын болсақ, биылғы оқу жылының басында облыста 537 күндізгі жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, онда 138 мыңнан астам оқушы оқиды, өткен оқу жылымен салыстырғанда облыс бойынша оқушылар контингенті 2815 оқушыға көбейді (2022-2023 оқу жылының басында 135653 оқушы). Яғни, облыста оқушы балалардың саны жыл сайын ұлғая түсуде. Бала саны көбейген сайын мектептерде де орын тапшылығы мәселесі туындайтыны өтірік емес. Мәселен, өткенде әлеуметтік желіде сөз болған Көкшетаудағы №1 мектеп-гимназиясында 2866 оқушы білім алады. Ал, мектептің жобалық қуаты 1440 орын. Бұл мәселе бірнеше сыныптың оқушылары бір уақытта мектеп дәлізіне шыққан сәтте туындаған деседі. Қазір мектеп әкімшілігі сабақ кестесін,  оқушылардың үзіліске шығуы мен сабақтан шығу кестесін реттедідеп сендірді ведомство басшылығы.

Биыл 1 қыркүйекте облысымызда 4000 орындық 5 мектеп және бір мектептің қосымша ғимараты ашылды. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың соңына дейін 1800 орындық 8 білім беру мекемесін ашу жоспарлануда.

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан – бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында білім беру сапасын одан әрі арттыруға бағытталған кешенді шаралар қабылдау көзделген. Бағдарламаға сәйкес облыста барлығы 470 мектепті, соның ішінде жыл сайын 94 мектепті жаңарту жұмыстары жоспарланған. 2021-2022 жылдар ішінде 188 мектепте 4 миллиард теңгеден астам сомаға осындай жұмыстар жүргізілді. Мектептерде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына қоса,  көркем әдебиет, оқу және технологиялық жабдықтар сатып алынып, мектеп жиһаздары жаңартылды және қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етілді. Қазірдің өзінде 2,3 миллиард теңгеге 13 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді, 81 мектепті ағымдағы жөндеуге шамамен 70 миллион теңге бағытталды, 46 пәндік кабинет сатып алынды, 70 білім ордасына мектеп жиһазы сатып алынып, асханалар мен кітапханалар жаңартылды, көркем әдебиет сатып алынды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары 61 мектепте жүзеге асырылады.Осы бағыттағы жұмыс әрі жалғасуда, 2024 жылға жаңғыртуға жататын келесі 94 мектептің тізімі қалыптастырылуда, – дейді Шоқан Оразалин.

Оқу жылының басында өткен брифингте басқарма басшысы жаңа оқу жылында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан 7 білім нысанының белгіленген уақытта  пайдалануға берілмеу қауіпі бар деген еді. Шын мәнінде жаңа оқу жылына12 білім беру нысаны дайын болмай шықты. Жалпы, осындай келеңсіз мәселенің туындауына бірнеше себеп бар. Ол әрине, алдымен мердігер компаниялардың өз жұмыстарына салғырт қарағандықтары, сондай-ақ, құрылыс материалдарының қымбаттауы,  тағы басқа да себептер. Мәселен, С.Серіков атындағы Есіл қаласындағы білім мекемесінің мердігерлеріне жөндеуді аяқтауға қазан айының соңына дейін уақыт беріліпті.

Тағы бір ерекше екпін түсіре айта кететін жайт, әріптестеріміздің айтуынша,  Ақмола облысындағы отызға жуық білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізу жөніндегі конкурсты түркістандық «ГрадСтройСервис» компаниясы жеңіп алса керек. Бұл мәселені басқарма басшысы да жоққа шығармады. Шоқан Оразалиннің айтуынша, олардың онға жуығы бойынша жұмыстар мерзімінде аяқталды, қалғандары бойынша елеулі артта қалушылықтар бар.

Ал, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Азамат Байқуанышовтың айтуынша, ағымдағы жылы облыстың сегіз өңірінде, яғни, Ақкөл, Аршалы, Біржан сал, Сандықтау, Целиноград аудандары мен Степногорск, Қосшы және Көкшетау қалаларында 24 білім берунысанының құрылысы қолға алынған. Осыған сәйкес,  5 552 орындық 14 мектеп, 1 286 орындық 5 балабақша, 1200 орындық 4 жатақхана және жоғары техникалық колледждің шатырын қайта жабдықтау жұмыстары жоспарланған. Жалпы алғанда, осы мақсаттарға 14 миллиард теңге бағытталып отыр.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар