Ана тіліміздің тамыры тым тереңде жатыр

Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде Тіл онкүндігіне байланысты «Қазақ тарихының тілі» атты дөңгелек үстел өтті.

Мұражай директоры Құдайберлі Мырзабек ашып, жүргізген жиынға «Ақмола-«Тіршілік» ЖШС директоры, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев, Ақмола облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов, облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің басшысы Марат Қойшин, «Ботай» мәдениетінің бастауы болып табылатын Ботай ауылынан Қайырлы Шалқитов, «Ел бірлігі» қоғамдық ұйымының басшысы Бақыт Смағұлов, Көкшетау қалалық кітапханалар жүйесінің басшысы Серік Жетпісқалиев, М.Ғабдуллин мұражайының директоры Кенжебай Мұқышевсияқты зиялылар мен музей қызметкерлері қатысты. Және дөңгелек үстелге қонақ ретінде лингвист ғалым Талант Мауқанұлы келіп қатысты. Ол Қытайда дүниеге келіп, орта және жоғары білімді қытай тілінде алып, түрколог болсам деген арманмен АҚШ-тың Оңтүстік Калифорния университетінің тарих факультетінің докторантурасына оқуғатүседі.  Сонда 6 жыл білім алуының нәтижесінде көне шағатай, түрік, ұйғыр, қазіргі түрік тілдерінен оғыз, қарлұқ, өзбек және батыс сібірлік тыба тілдерін үйреніп, тарихымен дін, діл туралы да тәлім алады. Оқуын бітірген соң, Wisconsin университетінде қазақ тілінен сабақ береді. 2008 жылы Сиэтл қаласындағы, одан Евразия мен түріктануды зерттейтінәйгілі ортаның бірі – Вашингтон университеттеріне оқытушы болып келеді. Дөңгелек үстелде ғалым аузынан ондағы ғалымдардың түркі дүниесіне, соның ішінде қазақ мәдениетіне аса қызығатыны айтылды.

– Қазақ тілін сақтап қалу тек қана, отбасымдағы әке-шешемнің тәрбиесінің арқасында болды. Америкаға барғанда да шамамымыз келгенше, бұрынғы дәстүрді сақтап, балаларымызды қазақ тілінде тәрбиеледік. Осы деңгейге жеткенім, ана тілімді білгендіктен. Маған көптеген мүмкіндіктер ашылды. Америкада қазақ тілінен сабақ бердім. Сондықтан да, ана тіліме деген құрметім басым, – дейді лингвист ғалым Т.Мауқанұлы. – Бұны естіп, өз елінде ана тілінің қадірін білмей отырған отандастарға жаным ашыды. Өкініштісі, түбі түркі руна жазуынан бастау алып, әр кезеңнен өтіп, ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан ана тілімізге кеңестік биліктің тұсында көрсетілген қысым аз емес. Тіпті, қазақта жазу-сызу болмаған. Олардың жазуы 20-сыншы ғасырдан басталды дегенді де айтты. Сол кері саясат төте жазудан латыншаға, одан кириллицаға көшіру арқылы тіліміздің шұрайлылығын кетірді. Шағатай тілі болып есептелетін төте жазуды қолданатын қазақтарды сауатсыз деп көрсетіп, кириллицаны қолдануға мәжбүр еткен. Міне содан, тіліміздің мәні кетіп, байлығы азайды.Қазақ тілі аспаннан түскен жоқ, зор тарихы бар. 18-19 ғасырлардағы Цин мен Ресей патшалығына орта және кіші жүз хандарының шағатай тілінде жазған хаттары архивтерде сақталған. Соны зерттеу арқылы қазақ тілінің сол замандағы қолданысын, тамырын, жүйесін таба аламыз. Және ол хаттардың не үшін жазылғанын, не айтылғанын, қандай хабарлар баяндалғанын білуіміз керек. Біздегі ғалымдар осы секілді тарихи жазбалардың орыс тіліндегі аудармасын пайдаланады. Бірақ, онда да аудармамен түннұсқаның мағынасы екі бөлек болып жатады. Біздің тіл мамандары мен ғалымдарымызға тек тарихты білу жеткіліксіз. Лингвистикалық білім керек. Көне жазуларды өзіміз оқи алсақ, бабаларымыздың тілі мен тарихы осы күнге бұрмалаусыз жетпек, – дейді америкалық қандасымыз.

Сол тұрғыда ол америкалық екі ғалыммен бірге жұмыс істеп жатқанын айтты. Кезінде Орта Азия халықтарының жазба тілі ретінде төте жазудағы шағатай тілі қолданылып келген. Бірақ, ондағы әр ұлттың тілдік ерекшеліктері мен сөз қолданыстары әр түрлі болған. Орта ғасырлық көптеген ғалымдардың еңбектері мен хандықтардың дипломатиялық хаттары, өзара байланыстары шағатай жазуында жазылған. Осы жазба деректерді кезең-кезеңімен зерттеу арқылы тіл тарихын қалыптастырамыз. Бұл орайда, түрколог Талант Мауқанұлы «Қазақтану ғылымын жүзеге асырсақ, сол арқылы, тіл мен тарихымызды түп-тамырына дейін зерттеуге зор мүмкіндік туар еді», дейді.

Дөңгелек үстел форматында өткен жиын барысында, тіл жанашырлары тіл туралы толғамды ойлар айтып, пікірлер алмасты. Бұл көптеген еңбек және үлкен білімді талап ететін, ауыр сала болғандықтан, шетте туып, сонау АҚШ-та қазақ тілінің жайын күйттеп, жанашыры болып жүрген лингвист ғалым, түркітанушы, шағатай тілінің маманына жазушы-журналист Серік Жетпісқалиев ұлағатты ұстаз, ақын-жазушы Сейтен Сауытбектен мұра болған «Сары кітапты» тарту етті. Сол сияқты, музей әкімшілігінің атынан Құдайберлі Мырзабек мұхит асып келген қандасымызға разылығын білдіріп, кітап сыйлады. Сонымен қатар, ол тағы бір құнды жәдігердің бетін ашты. Ол 1944 жылы 10 сәуірде Бауыржан Момышұлының Мәлік Ғабдуллинге төте жазумен жазған хаты. Оны жиынға қатысқан мектеп мұғалімі, ақын Сарқытбек есімді азамат қазақшалап оқып берді. Хатта Бауыржан атамыз елмен ара-қатынасы мен жағдайын баяндап, қолжазбаларын қалдырғанын айтып, сөз соңын екі шумақ өлеңмен аяқтапты.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар