Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сенің жеңісіңе ақмолалықтардың қуанышы шексіз, Ризабек! - АРҚА АЖАРЫ

Сенің жеңісіңе ақмолалықтардың қуанышы шексіз, Ризабек!

Аптаның өткен дүйсенбісі қазақ елі үшін ақ түйенің қарны жарылған ақжолтай күн болды. Мұның алдында біздің елдің ұлттық құрамасы үкілі үмітпен Сербияның астанасы Белградта күрес түрлерінен өтетін әлем біріншілігіне аттанып кеткен еді.

Мұнда 92 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өзіміздің жерлесіміз, бұрынғы Көкшетау облысының Қызылту ауданының тумасы Ризабек Айтмұхан өнер көрсететінін басында әрине, білген жоқпыз. Алайда, Қазақстандағы мықты күрес мектептерінің бірінен саналатын қызылтулықтардың ежелден күрес десе ішер астарын жерге қоятындығынан, бұл қасиетті де киелі топырақтан бір кезде бүкіл қазақ елі бойынша топ жарған атақты балуанымыз Ахметжан Қазымбетовтан бастап, нелер бір жауырыны жерге тимеген мықтылар шыққандығынан жақсы қанық едік. Солардың бірі – қазақша күрес пен самбодан республика біріншіліктерінің жеңімпазы, Қазақстанның еңбек сіңірген жатықтырушысы Мәлғаждар Омаров десек, тағы қателеспейміз.

«Ат аунаған жерде түк қалады» демекші, бүгінде көршілес Солтүстік Қазақстан облысына қарап кеткен Қызылту топырағынан енді міне, небары он тоғыз жасында өзінің ерекше қабілет-қарымымен айды аспанға бір-ақ шығарған жаңа әлем чемпионы шығып отыр. Ол күні кеше ғана көңіл-ниет бір болғанымен, аумақтық бөлінісі жағынан бізден бөлек жатқан қызылтулықтарды, бүкіл елімізді ғана емес, барлық ақмолалықтар мен көкшетаулықтарды да дүр сілкіндіріп, ұлттық мақтанышқа бөлеген жоғарыдағы Ризабегіміздің Белградтың төріндегі боз кілемде атойлап шығып, топ жарған ұлы жеңісі!

Ұлы деп отырғанымыз, төбемізді көкке жеткізген оғланымызды осы жеңісімен Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. Ұлы деп отырғанымыз, бұған дейін қазақ елі өз тәуелсіздігін алғалы боз кілемде еркін күрестен кешегі небір әлемдік биіктерді бағындырған Қажымұқан бабамыздан кейін ұлты қазақ бірде-бір әлем чемпионы шықпаған екен. Енді сол баршамызға қол жетпес үлкен арман болып келген шырқау шыңды Қажымұқаннан кейін 120 жыл өткенде осы Қызылту жерінен түлеген, жиырмаға да толмаған жасөспіріміміз Ризабек бағындырып отыр! Оның соңғы ақтық бәсекедегі әзірбайжандық Осман Нурмагомедовпен жанқиярлық белдесуін көріп, тартысты жекпе-жектің аяқталуына небары 40 секунд қалғанда қарсыласын үстінен асырып, көптен армандаған жеңісті жұлып алғанына айызымыз қанып, мәре-сәре болып жатқанымыздың өзі кешегі аруақты бабаларымыздың қолдауы, Тәңірдің жебеуі деп білгеніміз жөн.

Ризабегіміз осылай бүкіл алты Алаштың үміті мен сенімін ақтап, әр қазақтың жүрегінен ерекше орын алып жатқалы екінің бірінің аузында тек осы жеңіс, әйдік балуанымыздың финалдық белдесудегі, оның алдындағы ерлік пен өрлікке толы шалт қимылы, бұла күші. Ақтық белдесуге дейінгі мажарстандық Балаш Юхаш пен түркиялық Фейзулла Ақтүрікті айқын басымдылықпен таза ұтып, сосын осы салмақтағы қазіргі әлемдік рейтингтің көшбасшысы, грузиялық Мириани Майсурадзені және бір оңдап тұрып қапы қалдырған жас батырымыз боз кілемдегі осы үш белдесуін жалпылай алғанда 32:4 ұпай санымен аяқтағанының өзі оның ешкімге дес бермес ерен дарынын, бөлекше бітім-сипатын көрсетсе керек.

Демек, бұл қызылтулық қыранымыздың алда да мұнымен шектеліп қалмай, талай байрақты бәсекеде қазақ еліне олжа саламын деген сертті бір сөзіндей намыс, әлеуетінің де молдығы. Өзі де 92 келіге дейінгі салмақ дәрежесі Олимпиада бағдарламасына енбейтіндіктен, енді салмағымды өзгертіп, қайткенде де келесі жылы өтетін Париждегі жазғы Олимпиаданың лицензиясын жеңіп аламын, сөйтіп, француз елінің талайға арман боз кілемінде де қазағым үшін алтын жүлденің дидарын бері қаратамын деп бекініп отыр.

Иә, осынау абыройлы, алқалы жолда Алла қолдаған Ризабегіміздің бұл ерекше жетістігі кешегі Мәскеу Олимпиадасының тартысты додасында қазақ еліне алтыннан бақыт сыйлаған Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың да асқақ арманы еді. Қазақтың бір қара домалақ баласы біз жете қоймаған биікті бағындырып, күрестің бір түрінен әлем жеңімпазы атанса деп талай ішкі үмітін сыртқа шығарып  кетіп еді. Енді сол қуанышты, құтты күнге де жетіп отырмыз. Осынау ұлы жеңісінен кейін кеше ғана Ризабек сонау Сербия елінен, оның астанасы Белградтың төрінен өзін ұзын-ырғасы тоғыз жылды қамтитын спорттық жолында қолдай білген, бүгінгі үлкен жетістігіне жандары қалмай, қуанып жатқан бүкіл қызылтулық ағайынға өзінің ыстық сәлемін жолдады. Оның ішінде біз де, кешегі бір облыс, бір өңір болып отырған көкшетаулықтар да бармыз деген ойдамыз.

Олай болса, қазақтың ел намысын, ер намысын жоғары ұстай білген, спорт деген құдіретке жан-тәнімен байланып, осы бір «Жеңіс!» деген бір ауыз алапат қуанышымызға бойындағы барын аянбаған Ризабегімізге әлем чемпионы атағың құтты болсын дейміз. Бұған дейінгі ересектер арасындағы Азия чемпионатында, жастар арасындағы әлем чемпионатында қанжығаңа байлаған күміс жүлделерің ерен қайратыңның, спорттағы осы бір ерлігіңнің арқасында әлем біріншілігінің алтынына ұласты. Енді ол Олимпиада алтынына барып жалғасқай. Сен үшін қуанып, бөркін аспанға атқан бүкіл ақмолалықтар мен көкшеліктер тілегі лайым осы, қазақ батыры!

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар