Биылғы күзгі жиын-терім науқаны аса күрделі жағдайда өтуде

Аймағымызда астық жинау науқаны қалай жүргізілуде? Соңғы уақыттағы жауын-шашынның зардабы қандай? Түсім мөлшері, сапасы жоғары ма, әлде, төменбе? Кептіру мен сақтау жұмыстары қалай жолға қойылған? Міне, осы сұрақтарды негізге ала отырып, Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленовпен кездесіп, жағдайды біліп оралдық.

18 қыркүйектегі ақпар бойынша облыста 1296,2 мың гектар егін орылған. Бұл жоспардың 26,4 пайызын құрайды. Ауа райының жайсыздығына байланысты күніне жоспарланған 150 мың гектар алқаптың 106,6 мың гектары ғана орылуда. Орташа өнімділік гектарына 5,6 центнерден. Келесі жылға арналып, 64 мың тонна тұқым құйылған.Өткен апталардағы жауын-шашын салдарынан орылған егіннің біразы қарайған. Кейбір орақ тимеген егін алқаптарында бөрту, өсу сияқты белгілер байқалған. Себебі, ылғалдылық көбейіп, өнімнің кебуінекері әсерін тигізген. Басқарма кептіру үшін жанар-жағар май жетіспейтіндігін айтып, аудан, ауылдардағы шаруа қожалықтарына керекті құжаттар тізімімен Үкіметтен көмек сұраған. Қазір 30 мың тонна жанар-жағар май беру мәселесі Ауыл шаруашылығы министрлігімен шешілген. Ал, белгілі себеппенқарайып, жарамсыз болып қалған егін сұрыпталып, малдың жеміне дайындалуда. Алқаптардағы байқалған тағы бір мәселе, масақпен жасыл шөптің өсуі. Бұны кейбір шаруашылықтар мен қожалықтар алдын ала теріп немесе жұлып тазаласа, өзгелері құлатып, орғаннан кейін кептіру барысында сұрыптаудан өткізуде. Сондай-ақ, осы себептерге байланысты диқандардың зардап шегіп қалу қаупі бар. Мұндай жағдайда Үкіметтен сақтандыру қаржысы төленеді.

– Кейбір шаруашылықтарға осыған байланысты келесі жылғы егінге жанар-жағар май, тұқым мәселесі бойынша да көмек көрсетілуі мүмкін, – дейді басшының орынбасары.

Берілген мәліметтерге сүйенсек, кептіру жұмыстары ойдағыдай жүргізілуде. Ағымдағы жылғы толассыз жауынның алдындағы жағдай бойынша Ақмола облысындағы элеваторлар мен астық өңдеу пункттеріне осы жылғы егіннен 504675 тонна астық түскен. Оның ішінде бидай 404462 тонна немесе бүкіл астықтың80,1 пайызы, арпа 73155 тонна, басқа дақылдар 27058 тонна. Бұл астық арнайы кептіргіштері бар 71 элеватор мен астық қабылдау кәсіпорнына орналастырылған. Егін науқанында техника жағынан еш қиындық жоқ.Тек жаңбырлы күндері ғана қиындықтар туындаған.

Басқарма көктемгі егін себу және күзгі астық жинау науқанына жұмсалып жатқан қаржыны субсидия және несиеарқылы алған. Олар мемлекеттен берілген 46,6 миллиард теңгелік қайтарылмайтын субсидия, «Азық-түлік корпорациясы» АҚ-ынан алған 4,1 миллиард теңгенесие. Ол осы күзгі науқанда бидай арқылы қайтарылуы керек болған. Және «Кеңдала» аграрлық несие корпорациясынан5 пайыз өсіммен 38,8 миллиардтеңге несие алынып, жылдың аяғына дейін қайтарылу келісілген.

– Ағымдағы жағдайға байланысты, фермерлер мен шаруа қожалықтары бұл несиелерді қайтара алмай қалуы мүмкін. Осыған орай, келісілген корпорациялардан несиенібір жылға шегеруді сұрап отырмыз. Бұл жағдайды Үкіметке де мәлімдедік. Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет бұл ұсынысымызды қабылдаса, көп көмек болатын еді, – дейді әңгіме барысында Е.Әленов.

Айта кетелік, бірер күн бұрын Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев еліміздің солтүстік өңірлеріндегі ауа райының қолайсыздығы мен жайсыз жағдайларына байланысты Үкіметке астық өндіретін фермерлер мен шаруа қожалықтарына қаржылай және өзге де қажетті көмек көрсетуді тапсырған. Бұл туралы Ақорда баспасөз хатшылығы хабарлаған болатын. Басқармада осы бағытта министрлік шаралар қабылдап жатқаны айтылды. Сонымен қатар, жаз айларындағы аптап ыстық, қуаңшылық пен өткен онкүндіктердегі толассыз жауынның салдарынан биыл егіннің түсімі аз және ол одан сайын төмендеу қаупінде. Өткен жылмен салыстырғанда екі есеге дерлік төмен. 2022 жылы облыста гектарына орта есеппен 11,6 центнерден өнім алынған еді. Сондықтан, қазіргі жағдайға байланысты бидай өнімдерінің бағасы қымбаттауы ықтимал. Тұрғындардан ұн бағасының әлден қымбаттағаны жайлы хабарда естіліп жатыр. Ал, осы орайда қандай шара қолданылатыны туралы сауалымызға Еркеш Әленовтың айтқаны, 2021 жылдан бері «Азық түлік корпорациясы» АҚ мен Үкіметтің жасаған бағдарламасы жүзеге асырылған. Бағдарлама барысында белгілі бір көлемдегі бидай өңірлердегі диірмен өндірістеріне жіберіліп, одан әр түрлі сорттағы ұндар өндіріліп, қалалар мен аудандар және ауылдардағы наубайханаларға жіберілетін болған. Пісірілген нандар мен бидай өнімдері базар, супермаркет және дүкендерде басқарма бекіткен бағамен сатылып келген. Сөйтіп, аталмыш бағдарлама баға тұрақтылығына көп септігін тигізген.

– Биылда бұны жүзеге асырамыз, Ауыл шаруашылығы министрлігіне құжат жөнелткелі бір апта болды. Қазіргі жағдайда осыған 5 мың тонна бидай сұрап отырмыз. Бұл әкімдіктермен келісіліп жасалады. Үкімет қабылдаса, осы айдан басталып, 2024 жылға дейін жалғасады. Соларқылы бидай өнімдерінің бағасын тұрақтандырамыз, – дейді Еркеш Төлегенұлы.

Сондай-ақ, өңірімізден жыл басынан бері Ресей, Қытай, Өзбекстан, Әзірбайжан және Қырғыз қатарлы 18 мемлекетке 1757 мың тонна бидай экспортталған. Жоспар бойынша жылына 2,0 миллион тонна бидай экспортқа жіберілуге тиіс болған. Бүгінгі таңда бұл меженің 80 пайыздан астамы іске асырылып, астық құны, түпкілікті жасалған келісім-шарт және бидай сапасына байланысты әр мемлекетке әр түрлі бағада сатылуда. Өткен жылы көршілес Ресей елінің бидайдың нарықтағы бағасын түсіруіне байланысты еліміздің бидайы шетелге сатылмай, қамбаларда сақталған болатын. Міне, осы бидай қоры жыл басынан бері экспортқа шығарылған. 2021 жылы бидайдың 1 тоннасы 150 мың теңге болса, 2022 жылы 1 тоннасы 80 мың теңгені құрап, баға түсіп қалған.

– Биылғы жылғы орташа бидай бағасы нарығын «Азық-түлік корпорациясы» АҚ алдағы аптада хабарлайтын болады. Сапасына қарасаң баға төмен, ал, шығымдылығын ескерсек, көтерілуіде мүмкін, – деген болжамын айтты басқарма басшысының орынбасары. Аймақта егін шаруашылығымен айналысатын 69 ЖШС немесе фермер және шаруа қожалығы бар. Егін науқаны, әліде біразға созылуы мүмкін. Себебі, орылмаған 83,4 пайыз егін алқабы жатыр. Оның үстіне бір басталған жауын-шашын араға бірер ашық күн салып, сейілер емес…

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар