Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бірлесіп атқаратын жұмыс көп - АРҚА АЖАРЫ

Бірлесіп атқаратын жұмыс көп

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов облыстық мәслихаттың кезекті бесінші сессиясына қатысып, «Ақмола облысы әкімінің өзіне жүктелген фунциялар мен міндеттерді орындауы туралы» есеп берді.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Бейбіт Жүсіпов төрағалық еткен сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасарлары, аудан және қала әкімдері, облыстық мәслихаттың депутаттары мен аудандық мәслихаттардың төрағалары, департаменттер мен басқармалардың басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібі бекітілген соң аймақ басшысы облыстағы ағымдағы жағдай және әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары туралы баяндады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында алдымызға нақты міндеттер қойылды, – дей келе, облыс әкімі өткен 8 айдың қорытындыларына тоқталды. Мысалы, өнеркәсіптік өндіріс индексі 116 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 3,2 пайызға, құрылыс жұмыстары 11,6 пайызға өсіп, тұтыну бағаларының индексі 107,6 пайызды, азық-түлік тауарлары 107,5 пайызды құраған. Облыста биыл 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 443 миллиард теңгені құраған. Өсім – 27,6 пайыз. Жеке инвестициялар үлесі 84 пайызға тең. Әкім өз сөзінде биылғы ауа райының қолайсыздығынан өңірде егіннің шығымы өте нашар екендігін, бұрынғы көрсеткіштен 2,5 есеге дейін төмендеп, гектарына небары 5,6 центнерден өнім алынып жатқанына тоқталды.

– Көрсеткіш көрші облыстардан әлдеқайда төмен.Нақты жағдайды министрлік өкілдері келіп көрді. Енді қалайда келесі жылға қажетті тұқым қорын жинап алуымыз керек, –деді бұл орайда, облыс әкімі.

Баяндамада біраз салаларда көрсеткіштердің өскендігі атап өтіліп, дегенмен, санға емес, сапаға жұмыс істеу қажеттігіне ерекше мән берілді.

– Тұрғындардың әлеуметтік жағдайы үшін шынайы істерді атқаруымыз қажет. Өңірде ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесінің өте өткір тұрғаны байқалады. Алысқа бармай-ақ, Көкшетау қаласының өзінде ауыз судың сапасы өте нашар. Су тазарту қондырғыларын орнату бойынша ауқымды жоба іске асырылуда, келесі жылдың наурыз-сәуір айларында Біріккен Араб Әмірліктерінен тапсырыс берілген құрылғы келсе, жыл соңына дейін халық таза сумен қамтылады деп ойлаймын. Ауылдардағы су мәселесі де рет-ретімен шешімін табуы қажет. Бұл орайда, аудан әкімдерімен және депутаттармен бірлесіп, біраз жұмыс атқаруға тура келеді, – деді одан әрі аймақ басшысы.

Сонымен бірге, ол құрылыс саласындағы мемлекеттік тапсырыс бойынша тендерлерді кім болса, сол ұтып алып, нәтижесінде жұмыстар сапасыз атқарылғанын, облыс аумағындағы күрделі жөндеулерден өткен кейбір мектептер мен жолдардың жайы мәз емес екендігін айта келе, аудан және қала әкімдеріне, тиісті бөлім басшыларына мұндай жауапты істерді өздері бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.

– Республикалық бюджеттен бөлінген қаржыны уақытында игерген әрине дұрыс, бірақ, жұмыстың сапалы болғаны да тұрғындар үшін маңызды, – деді Марат Ахметжанов.

Есеп беру барысында өңір басшысы білім беру, денсаулық сақтау, жылу беру, тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы, көлік инфрақұрылымы салаларын дамытуға қыруар қаражат көзделгенін, оларды тиімді жүзеге асыру керектігін айтты. Сонымен бірге, депутаттар назарына полиция департаментімен бірлесе отырып, Астанаға жақын орналасқан елдімекендердегі көші-қон мәселесін шешуді, бұл мәселені бақылауда ұстауды тапсырды. Мәселен, бұл ауылдардағы тұрғындардың басым бөлігі Астанада жұмыс істеп, сонда тіркеуде тұр. Айталық, төтенше жағдай туындай қалса, жедел жәрдем қызметі керек болса, олар алғашқы көмек көрсететін дәрігерлерді сағаттап күтулеріне тура келеді. Себебі, жедел жәрдем қызметі аудандардағы халық санының ресми тіркелуіне байланысты, тиісті стандарттарға сай бөлінеді. Ал, ауылдардағы ресми тіркелмеген халық көп болған соң, жедел жәрдем бригадалары жетіспейді, содан кейін тұрғындар тарапынан түсінбестіктер туындайды.

Аймақ басшысы цифрлармен ғана емес, нақты істермен айналысу керектігіне баса назар аударып, өз сөзін облыс депутаттарына қарата:

– Сіздермен облысымызды одан әрі дамыту, халықтың тұрмысын жақсарту және тіршілік сапасын арттыру жолында аянбай бірге еңбек ететінімізге сенімдімін, – деп қорытындылады.

Сондай-ақ, сессияда облыстық мәслихаттың бірқатар шешімдеріне, соның ішінде 2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізілді. Сессия күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар