Дүниенің орнықты дамуының орынды ойы

  Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америкаға сапары сәтті әрі абыройлы аяқталды. Сәтті және абыройлы деп отырғанымыз осы сапар барысында Қазақстан Президенті  АҚШ-тың  Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ штаб-пәтерінде  2023 жылғы 18 қыркүйекте өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму мақсаттары жөніндегі саммитіне қатысты және Мажарстан Президенті Каталин Новакпен бірге БҰҰ-ның «Орнықты даму мақсаттарына (ОДМ) қол жеткізу жолындағы прогресті жеделдетудің негізгі өтпелі процестеріне қатысты ауқымды іс-қимылдарды жандандыру» атты Көшбасшылар диалогының бірінші сессиясында төрағалық етті.  2023 жылдың 20 қыркүйек күні Қасым-Жомарт Тоқаев  Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясындағы  Жалпы дебатта сөз сөйледі.

 Қазақстан  Республикасының  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 18 қыркүйекте   Біріккен Ұлттар Ұйымының Көшбасшылар диалогының бірінші сессиясында төрағалық етуі, 20 қыркүйекте  Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясындағы  Жалпы дебатта сөз сөйлеуі Орта Азия мемлекеттері және Қазақ елі үшін зор абырой еді.

– Геосаяси қақтығыстарға байланысты шиеленісе түскен қазіргі жаһандық сын-қатерлер біздің ұжымдық күш-жігерімізге нұқсан келтіріп отыр. Бұл кедергілерді еңсеруге жекелеген мемлекеттің шамасы жетпейді. Әлемдік қоғамдастықтың бірлігінің арқасында ғана елеулі жетістіктерге қол жеткізе аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Көшбасшылар диалогының бірінші сессиясында.

Қазақстан үшін Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу – ұлттық басымдық екендігін мәлімдей отырып Президентіміз ол біздің негізгі ұлттық стратегияларымыз бен бағдарламаларымыздың өзегіне айналғандығын атап өтті.

Қазақстанда Орнықты болашаққа белсенді түрде инвестиция құю және  Мемлекет бюджетінің 80 пайызы осы мақсаттарына сай келуі  арқылы тегін білім алудың және денсаулық сақтаудың баршаға қолжетімді болуын қамтамасыз ету басты міндет болып отыр. Қазақстанда қабылданған Жаңа Әлеуметтік кодексте халықтың осал топтарын қорғау шараларының  күшейтіле түсуі осыған айғақ болса керек!

Әлем бойынша  баршаға ортақ орнықты болашаққа қол жеткізу үшін шұғыл түрде бірлескен іс-қимылдар қажеттігін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев  бірқатар ұсыныстар енгізді.

Бұл орайда: – Өзара ынтымақтастықты нығайту үшін аймақтық деңгейде «Біртұтас БҰҰ» қағидатын күшейту қажет. Сондықтан біз Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі Аймақтық хаб құруды ұсынамыз. Ол БҰҰ-ның аймақтағы жобалық қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Біздің Президентіміз  Саммитке қатысушыларға халықаралық қаржы архитектурасына тың серпін бере отырып,  Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін қаржы жүйесі таңдаулы ғана елге емес, барлық мемлекетке теңдей ықпал етуі қажеттігін алға тартты.

Қазіргі жағдайда    экология, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы проблемаларды шешу үшін орасан зор қаржы керектігін, оған қоса  климат, азық-түлік және энергетика дағдарысы орнықты дамуға айтарлықтай қауіп төндіретініне тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Біз БҰҰ-ның басшылығымен техникалық қолдау, ғылыми зерттеулер және қауіп-қатерлерді бағалау салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға тиіспіз. Орнықты даму саласындағы мақсаттар бәріміз үшін жарқын әлемге жол ашады. Біз бірігуіміз және күш-жігерімізді арттыруымыз қажет. Қазақстан БҰҰ-ның орнықты даму саласындағы тегеурінді әрі тиімді рөлін әрдайым жақтайды, – деді.

***

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласында өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы  Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясындағы  Жалпы дебатында халықаралық ең биік мінберде сөйлеген сөзінде Адамзат баласының бұрын-соңды басынан өткермеген аса үлкен сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын және геосаяси қақтығыстардың жаңа кезеңіне өткенін мәлімдей келіп:

– Бұған БҰҰ Жарғысындағы халықаралық құқықтың негізгі принциптерінің бір мезетте бұзылуы себеп болып отыр. Құқықтық темірқазықтың жойылуы қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіне уақыт өткен сайын ауыртпалық түсіріп, түрлі қарама-қайшылық тудырады. Басты халықаралық құқықтық құжаттардың тәртібін сақтамау, тоқтатып қою және оны тәрк ету тәжірибесі – өте алаңдатарлық жағдай,- деп әлемнің қазіргі жағдайын жасырмай да жасқанбай да алға тартты.

Президентіміздің сөзімен айтқанда « Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысындағы халықаралық құқықтың негізгі принциптерінің бір мезетте бұзылуы» және  «құқықтық темірқазықтың жойылуы» негізінде  «мұның соңы адамзаттың араздығына әкелуі мүмкін» деген ой тастады.

Ақиқатында  дүние дамуының қазіргі жағдайының өзінде мемлекеттер арасындағы сауда жүйесінің бұзылуы анық байқалып та отыр.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт  Тоқаевтың айтуынша бұл жағдай  «экономиканың өзегі саналатын тасымал тізбегін әлсіретеді, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігіне зардабын тигізіп, инфляцияның қарқынын күшейтеді».

Әлемде қалыптасып отырған қазіргі  кері үдеріс адам баласының  қайғысы мен қасыретін көбейтіп отыр. Президентіміз өз сөзінде қазір  «Әлемде 108 миллион адам мәжбүрлі түрде босқынға айналды, 1 миллиардтан астам адам кедейлікте өмір сүріп жатыр, 2 миллиард адам негізгі дәрі-дәрмектерге қол жеткізе алмай отыр» деген деректі алға тартты.

Дүниенің қазіргі бет алысының  ақыр соңы  адамзаттың болашақта әлемнің тұрақты дамуына сенімін жоғалтуы ықтимал екендігін және  «өскелең ұрпақ өздеріне мұра болып қалатын әлемнің енді жақсаратынына сенбейді» деп Қасым-Жомарт Тоқаев Адамзат үшін ең басты қауіпті жайды үлкен ойшылдықпен айта білді.

«Қазақстан БҰҰ Жарғысының қағидаттарына өзінің мызғымас адал екенін тағы бір рет мәлімдейді, – дей келіп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «БҰҰ Бас Асасамблеясына жиналған көшбасшылар адамзаттың тағдыры мен болашағына жауапты» деп  әлемдік саясаттың белді әрі көрнекті қайраткері ретінде адами  осы сөзді айтты.

Әлем тыншымай  тұр! Алдағы уақытта мемлекеттер бейбіт қатар, ал, адамзат баласы алаңсыз өмір сүре ала ма деген бір күдік пен бір сенім билейді ойды да бойды да!

-Қабылданып жатқан барлық шешімге қарамастан, әлемнің көптеген аймағында қақтығыстар жалғасып жатыр. Біз барлық тарапты БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтың жалпыға бірдей нормаларын негізге ала отырып, қақтығыстарды реттеудің дипломатиялық жолын іздеуге шақырамыз,-деген Қасым-Жомарт Тоқаев кез келген «халықаралық дауларды шешуде әрқашан дипломатия мен диалог басшылыққа алынуы керек»,-деп өзінің қашанғы ұстанымын тағы да мәлімдеді.

 

Ал енді, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мақсатқа қол жеткізу үшін  «Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жасамай, бұл қиындықтар еңсерілмейтінін»  ашық әрі батыл мәлімдеуін әлем тағдыры алдындағы өз жауапкершілігін толық сезіне алған әлемдік деңгейдегі  қайраткердің адал әрі берік ұстанымы деп бағалар едік.

– Кеңесте «орта державалардың» және барлық дамушы елдердің үні күшейетініне, анық естілетініне кәміл сенемін. Байқауымызша, Қауіпсіздік Кеңесі тығырықтан шыға алмайтын сияқты. Сондықтан бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда маңызды рөл атқара алуы үшін оның құрамында басқа елдер, соның ішінде Қазақстан да болуы керек,-деп Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев  “Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік» туралы бастама көтергендігін айта келіп,  «Бұл – жаңа қауіпсіздік парадигмасын, әділ экономикалық ортаны және таза планетаны қамтитын бастама. Жаһандық Оңтүстік пен жаһандық Солтүстік арасында ашық диалог орнату – оның негізгі арқауы, – деді.

Біз бүгініміз бен болашағымызды ойласақ және де Адамзат баласы қазіргі уақытта бетпе-бет келіп отырған  барлық сын-қатерлерді жеңу үшін бірігуіміз керек, диалог ұйымдастыруымыз керек. Бұл жер шарындағы барлық мемлекеттердің ұстанымы болғаны жөн.

Жабал Ерғалиев,
 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар