Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Егін толық жинап алынсын, жылу уақытында берілсін - АРҚА АЖАРЫ

Егін толық жинап алынсын, жылу уақытында берілсін

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткізілген әкімдік мәжілісінде қысқыжылу беру маусымына дайындық, егін орағын өткізу және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мәселелері қаралып, талқыланды. Отырысқа қала және аудан әкімдері, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.   

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша  облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев баяндама жасап, биыл қысқы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарына 27 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінгендігін, оған қазандықтар қалпына келтіріліп, жылу желілері ауыстырылып жатқандығын айтты.

Қазіргі таңда жылыту нысандары 95 пайызға, әлеуметтік сала нысандары 99 пайызға, тұрғын үйлер 86 пайызға жылу маусымына дайын. Жиында берілген ақпаратқа сүйенсек, Көкшетау қаласындағы балабақшалар мен мектептер, ауруханаларға жылу берілді. Соңғы жылдары қалада көптеген жаңа нысандардың іске қосылуына қарамастан, жылыту маусымы апатсыз өтуде.

Басқарма басшысының айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде Степногорск қаласын жылумен жабдықтау мәселелерін шешу жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Үкімет резервінен ұзындығы 3,1 шақырым магистральдық желілерді жөндеуге 2 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Сондай-ақ, «Степногорск теплотранзит» серіктестігінің 1,1 миллиард теңге өз қаражаты есебінен 4 шақырым желіге күрделі жөндеу, 540 метр желіге ағымдағы жөндеу және сорғы жабдығын ауыстыру жұмыстары жүргізілді.

Жоспарланған 11 инвестициялық  жобаның 7-еуін аяқтап, пайдалануға беру көзделген. Аталмыш жобалар Біржан сал, Бұланды, Жарқайың аудандарында және Көкшетауда қолға алынған. Жалпы, жылу беруді 1 қазаннан кешіктірмей ұйымдастыру жоспарлануда.

Жиын барысында облыс әкімі қордаланған мәселелерді тез арада шешу керектігін айтып, жылыту маусымында келеңсіздіктер болмауы керектігін баса айтты.

Астық жинау науқанына келсек, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжановтың айтуынша,  биыл облыстағы егістік көлемі 5,3 миллион гектарды құрайды. Оның басым бөлігі бидай. Орақ науқанына 9 мыңға жуық техника шығарылды. Жанар-жағармай қоры жеткілікті. 90,5 мың тонна дизельді жағармай қоры бөлінген.  Оның  бір литрі 250 теңге көлемінде. Бірақ, аймақта құрғақшылық салдарынан егін шығымдылығы былтырғыдан төмен.  Егінді орып алып, оны сақтап, тазалау үшін 72 мамандандырылған элеватор бар. Олар 4 миллион 800 тонна астық қабылдай алады. Одан бөлек әр шаруашылықтың өзінің қоймалары бар. Ол 2 миллионнан астам тонна астыққа шақталған. Бұл біздің аймаққа жеткілікті.

Бұл күнде егіннің 32 пайызы орылып, қамбаға құйылған. Аймақта екіаптадан астам, ұзақ уақытқа созылған жауын-шашын астық сапасының нашарлауына, көктің өсуіне, дәнді дақылдардың жоғары ылғалдылығы мен рефакциясына және төмен өнімділігіне әкеліп соғуда. Жиын барысында астықты кептіру үшін отынмен қамтамасыз ету, элеваторлардың тәулік бойы астық қабылдауын ұйымдастыру мәселелері айтылды. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша қолайсыз ауарайынан зардап шеккен барлық өңірлерде мүдделі органдар мен ұйымдарды қоса отырып, шығын салдарының ауқымын айқындау үшін жұмыс тобы құрылды. Жұмыс комиссиясы барлық зардап шеккен өңірлерге барып, егін жинау жұмыстарының барысына талдау жүргізді. Соның нәтижесінде қолайсыз ауарайының салдарынан 2,8 миллион гектар егістік алқабына залал тиюі мүмкін деген болжам айтылуда.

Жиын барысында осы жағдайларда Үкімет тарапынан фермерлерге көрсетіліп жатқан қолдау шаралары туралы да айтылды. Облыс әкімі өз сөзінде белгіленген нақты міндеттер бойынша нәтижелі жұмыс қана жағдайды жақсартуы мүмкін екендігін баса атап көрсетті.

Отырыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу және қымбатшылыққа жол бермеу іс-шаралары туралы Ақмола облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Ербол Оспанов баяндап, жалпы ахуалды тарқатып айтып берді. Соның ішінде кәсіпкерлермен  өзара ынтымақтастық мақсатында 1168 меморандумға қол қойылғаны атап өтілді.

Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі сала басшыларына күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді жіті назарда ұстауды тапсырып, нақты міндеттер жүктеді.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
 «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті  түсірген АйбекДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар