Тұзды топырақтан электр қуатын алды

Көкшетау құрылыс-технологиялық колледжінің «Цифрлық техника» мамандығы бойынша білім алып жатқан 2 курс студенті Роман Мутасов тұзды топырақтан электр тоғын алуды ұсынады.

Иә, электр энергиясы – қазіргі адам өмірінің ажырамас бөлігі. Электр қуатынсыз не болып, не қоятынын әркім жақсы біледі. Осыған орай, Роман да өзінің цифрлық техникаға қызығушылығының қалай басталғанымен ой бөліседі.

– Бір күні біздің үйде электр жарығы сөніп, қараңғылық басты. Содан кейін мен бір сәтте электр қуаты мүлдем жоғалып кетсе қайтеміз деп ойладым. Бұл сұрақ мені қатты мазалады. Содан бастап, әртүрлі ақпарат көздерін ақтара бастадым. Осы тақырыптағы кітаптарды оқып, интернеттен мәлімет жинадым. «Роботроник» инженерлік даму клубына қатыса бастағаныма да екінші жылға кетті. Мені электроника, робототехника, бағдарламалау қызықтырады. Сондықтан, мен жайлы өмір сүру үшін қолданатын электр қуаты бар екенін түсіндім. Бірақ, өкінішке орай, біз электр энергиясының барын әдеттегідей қабылдаймыз және электр энергиясын қолға үйрету үшін қандай ғылыми күш салу керек екенін әрдайым түсіне бермейміз, әрі осыған әбден үйреніп қалғанбыз, – дейді жас зерттеуші.

Осылайша Роман қолданыстағы материалдардан электр энергиясын балама алу тәсілдеріне қызығушылық таныта бастаған.

– Мен адам осы қабілетті өз іс-әрекетінде қолдана алады ма,соны білгім келді. Менің зерттеуімнің тақырыбы да міне, осы болды. Жобаның мәні мынада: біз тұзды топырақтан электр тоғын аламыз, осылайша оның құрамындағы тұздардың мөлшерін азайтамыз, – дейді Роман.

Жоба жетекшілерімен бірге олар 8*8*3 текше сантиметр өлшемді ванналарды және топырақ орналастыратын макет жасайды. Содан кейін мырыш пен мыс табақшалары орналастырады. Электр энергиясы осы экспериментте жүретін химиялық реакциялар арқылы өндіріледі, яғни, мырыш пластинасы бар электрондар мыс пластинасына ауысады және топырақ пен мырыш пластиналары арасындағы потенциал азаяды. Нәтижесінде пластиналардың өздері электрондардың жаңа зарядын алады. Бұл тізбектегі кернеу 7 және 9 вольтқа тең екен. Яғни, бүгінгі күні химиялық реакциялардың көмегімен электр энергиясын алуға болады.

– Роман әртүрлі экологиялық мәселелерді зерттейді және баламалы тәсілдерді табуға тырысады. Өздеріңіз білетіндей, Көкшетау қаласындағы топырақтың көп бөлігі тұзды, яғни, өсімдіктерді өсіруге жарамсыз. Сондықтан, біз бұл топырақты электр энергиясын өндіру үшін пайдаланамыз, – деп атап өтті жоба жетекшілері, Көкшетау қаласы құрылыс-технологиялық колледжінің химия және биология пәнінің мұғалімдері Ирина Хващевская және Манар Шалабаева.

Роман республикалық конференцияда «Өмірлік орта экологиясы» секциясында осы жобасын ұсынып бірінші орынды иеленгенін де айта кету керек.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар