Өткен сенбіде Көкшетау қаласының Тәуелсіздік алаңында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар Министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының 100 курсантының ант берурәсімі өтті.Салтанатты шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Сырым Шәріпханов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар министрлігі құрылымдықакадемия бастығы, полковник Е.Әлібеков, Сенаторлар кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев және бөлімше басшылары мен азаматтық қорғау органдарының ардагерлері қатысқан рәсім Мемлекеттік Туды көтеруден және Әнұранды орындаудан басталды. Содан кейін курсанттар, елімізге, Отанға адал болуғасалтанатты түрде ант берді.
– Бірінші курс курсанттары, сіздер енді төрт жыл бойы бірге оқу оқып, білім алып, үлкен жетістіктерге жететін болыңыздар. Сіздердің алдарыңызда үлкен болашақ, абырой мен ел игілігі үшін жауапты жұмыс тұр. Өйткені, құтқару қызметі бүкіл Қазақстан еліне өте қажет. Сондықтан сіздерге оқуда жоғары талаптар да қойылып отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқанындай, «мықты азаматтық қоғау саласы – ол мықты мемлекет», – дей келе, генерал-майор Сырым Шәріпханов өзінің құттықтау сөзін жолдады. Сондай-ақ, салтанатты рәсімде облыс әкімідекурсанттарды ант қабылдауларымен құттықтады.
– Құрметті курсанттар, ата-аналар! Бүгін салтанатты мереке деп айтуға болады. Өйткені, кеше ғана оқу партасынан келген жас түлектер, бүгін ант қабылдап, жатыр. Бұл өте абыройлы іс-шара. Бүгіннен бастап, сіздердіңоқуларыңыздың, жұмыстарыңыздың маңыздылығы мен жауаптылығы артатүседі. Сіздердің келген оқу орындарыңызеліміздің, халқымыздың мақтанышы Мәлік Ғабдуллиннің есімімен аталады.Осындай академияда білім алу үлкен абырой, осы атамыздың аруағы сіздерді қолдап, батыр аталарыңызға ұқсаңыздар, – дей келе, Марат Ахметжанов құтқарушылардың жұмысы – өте маңызды, әрі күрделі екенін атап өтті.
Салтанатты рәсімнен кейін курсанттар алаңда салтанатты шерумен өтті. Сонымен қатар, іс-шарада Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің қорғаныс құралдары, өрт-құтқару техникасы және облыс орталығы, Астана қаласы және басқа да өңір оқушыларының инновациялық әзірлемелері көрсетілді.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары оқу орны табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қоғам мен мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, тәулік бойы ең жауапты және күрделі учаскелерде қызмет атқаратын 5-6 мыңға жуық кәсіби маман оқытып шығарды.Осы жылы барлығы 100 курсант академияға оқуға түсіп, ант қабылдап, олардың төртеуі биыл тұңғыш рет осы оқу орнының курсанттары атанған қыз балалар.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.