Қазақ елінің қуанышы!

«Ассалаумағалейкум, қазақ елім! Мені осылай қарсы алғандарыңыз үшін үлкен рахмет! Отандастар, бұл менің ғана емес, қазақ елінің жеңісі деп ойлаймын. Бұл жеңісімді мен марқұм әжеме және ата-анама, еліме, бапкерлеріме арнаймын. Осымен тоқтамаймын, келесі мақсат Париж-2024».

Бұл өткен аптада Сербияның астанасы Белградта күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет өз ұлтымыздан шыққан 19 жасар әлем чемпионы Ризабек Айтмұқанның жанкүйерлеріне жүрекжарды лебізі.

Өткен жұма күні осындай үлкен жеңісімен аман-есен туған жерге оралған ел мақтанышы Ризабек бауырымызды Көкшетау қаласының тұрғындары мен туған өңірі Қызылтудың азаматтары «Достар» мәдениет сарайында зор қошаметпен күтіп алды. Күтіп алуға арнайы қала әкімі, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары мен спорт жанкүйерлері келді. Тұңғыш чемпионды ежелгі ата-бабамыздың салт-дәстүрімен ақ ұсынып, шашу шашып, зор құрметпен салтанатты түрде қарсы алды. Ризабектің ауылдастары –қызылтулық азаматтар қазақи жолмен иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. Жиналған қауым жас та болса, жасампаз палуанның қолын алып, маңдайыннан иіскеп, құттықтау тілектерімен бірге,әліде биіктерден көрінетін батыр бол» деп баталарын беріп жатты. Сондай-ақ, қарсы алу рәсімі мәдениет сарайында салтанатты кеште жалғасты. Залға лық толған халықтың алдында Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса сөз алды.

– Құрметті жерлестер, бүгін біз Көкшетау, Қызылту екеуінің ғана емес, барша қазақ елінің төбесін көкке жеткізген, Қазақстанның спорт әлемінде 32 жылдан кейін ұлтымызға еркін күрестен әлем чемпионы атағын алып берген бауырымыз Ризабек Айтмұқанды қарсы алып отырмыз. Сондықтан, Сербиядағы әлем чемпионатындағы теңдессіз жеңісімен мемлекеттің мәртебесімен халықтың рухын көтерген, шет елдің төрінде Көк туымыздың желбіреуімен Әнұранымыздың шырқалуына себепкер болған Ризабек және бапкер әкесі Қанат Айтмұқанұлы үшін орнымыздан тұрып, қошемет көрсетейік, – деп жас чемпионға ақмолалықтар мен көкшетаулықтардың үлкен ықыласын жеткізді. Және де өз қолымен Ризабекпен бапкерін әкімдік атынан марапаттап, әкесіне қазақи шапан жауып, құттықтады. Келесі болып сөз алған чемпионның әкесі, ұлын он жасынан бері осы ұлы жеңіске баптап, тәрбиелеген бапкері Қанат Жолдасбаев халыққа разылығын білдіріп, «осы жолы мақсатымызға жеттік, енді келесіде құдай қаласа, Париж Олимпиадасында қуантуға жазсын» деп игі тілегін білдірді. Сонымен қатар, кеш барысында Ризабектің ағасы Сүйіндік Жолдасбаев, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Жабал Ерғалиев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бекім Жапаров, спорт журналисі Қалымбек Мұқамеджанов, журналист Бақыт Смағұл және басқа да ел ағалары сөз сөйлеп, жылы лебіздерін ортаға салды.

Күллі Алаш жұртының жүрегіне қуаныш ұялатқан айтулы бұл күнді «тарихи жеңіс» деп Мемлекет басшысы да сонау Белградтағы Ризабекке құттықтау жеделхатын жолдаған еді. Шыныменде, әлем чемпионының бұл жеңісі жастарымыздың спортқа деген құлшынысын арттыратынына біз сенеміз. Болашақ жас буыннан чемпионның жолын жалғайтын батырлар шыға берсін деген тілекпен қоса, әйдік палуанымыз Ризабек Айтмұқанға алда да сәттілік тілегенді жөн көрдік.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар