Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қарттар – біздің қазынамыз, оларға құрмет көрсету – парызымыз - АРҚА АЖАРЫ

Қарттар – біздің қазынамыз, оларға құрмет көрсету – парызымыз

Дана халқымыз «Қариясы бар елдің – қазынасы бар» демекші, өнегелі ісімен де, ұрпаққа айтар ақылымен де кейінгі толқынды дұрыс жолға бағыттайтын ардагерлер қауымына  деген  сый-құрмет  ешқашан толастамауы тиіс. Қазақ жұрты да үлкенін құрметтеп, ұлысын ұлықтай білген ел. Бүгінгі тәуелсіздік алған кезімізде кешегі күндері ел мүддесіне қызмет еткен ардагерлерді еске алып, құрмет көрсетуге ерекше мән беріліп отырғаны анық. Осы тұрғыда жыл сайын Қарттар айлығы өткізіліп, қаншама игі шаралар қолға алынады.

Халықаралық қарттар күнін бұдан 32 жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы белгілеген болатын, содан кейін оны жыл сайын дүниежүзінің барлық мемлекеттерінде атап өтудәстүрге айналды. Ал, біздің елімізде бұл мереке бір айға созылады. Қазан айын тұтас Қарттар айлығына айналдыруға кезінде біздің облыс бастамашы болғаны, содан соң осынау үрдісті республиканың барлық аймақтары қолдағаны туралы бұрындары да айтқанбыз. Міне, биыл да осы үрдіс жалғастырылуда.

Бүгінгі таңда Ақмола облыстық ардагерлер ұйымының құрамында 112 мыңнан астам зейнеткерлерді біріктіретін 746 бастауыш ардагерлер ұйымы, 3қалалық және 17 аудандық ардагерлер кеңесі, 7 Ұлы Отан соғысына қатысушылар, 2057 тыл еңбеккерлері, 800-дей Ауған соғысына қатысқандар, бұдан басқа Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюға қатысушылар бар.

Ардагерлер ұйымдарының жұмысы жүйелі, жоспарлы түрде жүргізілетінін, олар жергілікті атқарушы органдардыңұдайы назарында тұратынын атап өту керек. Әсіресе, ардагерлер қауымына деген облыс басшылығының қамқорлығы, көмегі ерекше.

Өткен жылы Ақмола облысында қарттар мен мүгедек адамдарды әлеуметтік қолдау айлығын өткізу шеңберінде әкімдіктің 2022 жылғы 16 қыркүйектегі №А9/442 қаулысымен қарттар мен мүгедек адамдарды әлеуметтік қолдау айлығын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген еді. Жалпы облыс бойынша өткен жылғы айлықта 101 372 адамға 907  миллион теңге әлеуметтік қолдау көрсетілді. Оның ішінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен 328 миллион теңге, тартылған қаражат есебінен 570 миллион теңге қарастырылды. Атап айтсақ,  қысқа отын сатып алуға 574 адамға 16 миллион, дәрілік препараттарды сатып алуға   3 миллион 209 мың, тіс протездеуге 160 мың, жеңілдетілген жол жүруге  1553 мың, азық-түлік жиынтықтарына 95864 мың теңге жұмсалса, 47 068 адамға біржолғы ақшалай көмекке 375 миллион 945 мың, тұрғын үйді жөндеуге 1 миллион 495 мың, санаторлық-курорттық емдеуге 5 миллион 329 мың, сондай-ақ, басқа да көмек түрлеріне 370 миллион 245 мың теңге жұмсалды.

Ардагерлер ұйымдарының белсенділері жыл басынан бері 2185 аға ұрпақ өкілдерінің тұрмыс жағдайын зерделеді, 185 зейнеткер санаторийлер мен демалыс үйлерінде денсаулықтарын түзеді. Қарттарға отын, дәрі-дәрмек, азық-түлік жиынтығын алуға, тіс салдыруға, үй-жайын жөндеуге, жол жүруге, басқа да мәселелерге тиісті қаражат бөлінді. Көкшетау қаласының, бірқатар аудандардың сауда нүктелерінде халықтың тұрмысы төмен топтары үшін арнайы әлеуметтік сөрелер ашылып, жұмыс істейді. Облыстың  аудандары мен қалаларында тұрмыс деңгейі төмен отбасыларды арзан бағалы отынмен қамтамасыз етуге назар аударылды. Әдетте,Қарттар айлығының басты девизі – «Ешкім де назардан тыс қалмайды», сол себепті осы күндері өтетін қандай да шара болсын, жасы ұлғайған адамдар барынша қамтылады. Мысалы, жыл басынан бергі жарты жылдаоблыстағы ардагерлер ұйымдары 700-ден асаәртүрлі мақсаттағы іс-шара өткізді, 936зейнеткерге газет-журналдар жаздырды.

Аудандық ардагерлер кеңестері жергілікті атқару органдарына сүйене отырып, қарттар мен мүгедектердің мұқтаждықтарын қанағаттандырумен тек айлық кезінде ғана емес, жыл бойы айналысады. Ақкөл, Целиноград, Есіл, Сандықтау аудандарында кәсіпорындар есебінен ұйымдастырылған әлеуметтік үйлер жүйелі жұмыс істеп келеді, олардың қатары басқа аудандарда да жылдан-жылға толығуда. Қазір облыс бойынша 6 ардагерлер үйі бар. Оларға да ұдайы көңіл бөлініп, ондағы қарттардың тұрмыстық-әлеуметтік және рухани мәселелері шешіліп отырады.

Осы тұрғыда таяуда ғана құрылған Қосшы қалалық ардагерлер кеңесінің  жұмысын ерекше атап өткен абзал. Мұнда барлық меншік түріндегі еңбек ұжымдарында, мекемелер мен ұйымдарда зейнетке шыққан егде адамдармен кездесу өткізу игі дәстүрге айналған. Сол күндері оларға нағыз мейрам ұйымдастырылып, ардагерлер мен мүгедектерге құрмет көрсету концерттік бағдарламалармен, түрлі қайырымдылық акцияларымен қатар жүргізіледі. Шаруашылықтар мерекелік дастархандарын жайып, азық-түлік жиынтықтарын үлестіреді. Егде адамдарға отын, көмір, дәрі-дәрмек алуға, пәтерлерін жөндеуге ақшалай көмек көрсетіліп, тұрмыста қажет заттар мен киім-кешектер табыс етіледі. Тауар өндірушілердің белсенді қатысуымен ауылшаруашылығы өнімдерінің арзандатылған жәрмеңкелері өткізіледі. Зейнетақысы төмендерге, мүгедектерге бір реттік ақшалай жәрдем көрсетіледі.

Облыста 10 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді, оның 5-еуі қарттар мен мүгедектерге арналған. Қарттар мен мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау жөніндегі айлықты өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес барлық меншік нысанындағы еңбек ұжымдарында қарттармен кездесулер өткізілді, іс жүзінде барлық қалалар мен аудандарда мерекелік құттықтаулар ұйымдастырылды, сыйлықтар, ақшалай жәрдемақылар табысталды. Шахмат пен дойбыдан және тоғызқұмалақтан жарыстар өткізілді.

Мектептерде «Үш ұрпақ кездесуі» атты сынып сағаттары өткізілді, Тимур командалары «Қамқорлық» акциясын, «Денсаулық сақтаудағы ұзақ өмір» кітап көрмесін ұйымдастырды. Ауылдық округтер мен ауылдардың әкімдері зейнеткерлерге аулаларды аралап, сыйлықтар, ақшалай жәрдемақылар табыс етті. Аудан әкімдіктері мен мәдениет басқармасының басшылары 100 жасқа толған ардагерлерге құрмет көрсетіп, азық-түлік себеттерін табыс етті. Айлық аясында БАҚ-та мүгедек адамдарды, соғыс және еңбек ардагерлерін әлеуметтік қолдау бойынша 150-ден астам материалдар жарияланды.

Айлық кезінде тиісті мемлекеттік органдар мен мекемелердің, аудандық және қалалық ардагерлер кеңестерінің, бастауыш ардагерлер ұйымдарының белсенділігі ерекше артатыны белгілі. Өйткені, басты мақсат – аға ұрпақ өкілдерін әлеуметтік-тұрмыстық тұрғыдан қорғау, олардың өмірлік белсенділігін арттыру. Мәселен, ай бойы зейнеткерлер мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау бойынша арнайы «Қамқорлық» акциясы өтпек. Бұл іске жастар қозғалыстарының белсенділері де қарт адамдарға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсету бойынша көптеген іс-шаралар жоспарлап отыр. Медицина мекемелерінде жасы ұлғайғандар үшін Ашық есік күндері ұйымдастырылады.

Облыстық ардагерлер кеңесі өз жұмысының негізгі мазмұны болып табылатын аға буын өкілдерін әлеуметтік қорғау, тұрақты моральдық және материалдық қолдаумен қатар елде жүріп жатқан қоғамдық-саяси  оқиғалардан, мәселелерден де тыс қалмайды. Облыстық ардагерлер ұйымдарының міндеттері туралы арнайы пленум өткізіп, тиісті шешімдер қабылдадық.  Осы жылдың басында, атап айтсам, мамыр айында Ерейментау аудандық кеңесінің зейнеткерлерді есепке алуды және оларды бастауыш ұйымдарға бекітуді жетілдіру жөніндегі тәжірибесі туралы президиумның көшпелі отырысын өткіздік.  Ал, маусым айында облыстық кеңестің төралқа мәжілісі өтіп, онда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде «Жаңа Қазақстан» құруға бағытталған реформаларға байланысты облыстық ардагерлер ұйымдарының міндеттері  туралы мәселе қаралды. Ел Президентінің  жаңа Қазақстан құру жөніндегі идеясы кеңінен сөз болды. Ардагерлер ұйымдарына жаңа міндеттер жүктелді.

Қарттар айлығына арналып өткізілген облыстық шахмат-дойбы, бильярд турнирлері зейнет жасындағылардың белсенділігін арттыруға, олардың өмірлік позициясын нығайтуға үлкен септігі тигізді деуге болады. Өйткені, ардагерлер бірлестіктерінің парызы – аға ұрпақ өкілдерінің өмірін, жауынгерлік және еңбек жолдарын өскелең ұрпаққа нағыз үлгі ету үшін қолдан келгеннің бәрін жүзеге асыру.

Биылғы жылдың маңызды оқиғаларының бірі –  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі барша қазақстандықтарға арнаған Жолдауын жариялауы. Аталмыш құжат елдің ілгерілеу бағдарын айқындап берді, онда халық көңілінен шыққан келелі ойлар айтылды. Әсіресе, жаңа экономикалық өзгерістер, жаңа заманның тұлғасын қалыптастыру жайы көпке үлкен ой салды. Осыған орай, Жолдауды түсіндіру мен насихаттау мақсатында облыстық іс-шаралар жоспары жасалды.

Президент Жолдауында көрсетілген идеялар мен қағидаттарды іске асыру мәселесі қоғамның барлық салаларына, оның ішінде ардагерлер бірлестіктеріне де зор жауапкершілік жүктейді, біздің белсенділігімізді, жұмысымыздың нәтижелілігін барынша арттыруға міндеттейді. Яғни, біз бұл іске өз тарапымыздан шама-шарқымызша үлес қосуға, қоғам сұраныстарына тек пайдалы ақыл-кеңестерімізбен, ұсыныстарымызбен ғана емес, мүмкіндігінше нақты істерімізбен жауап беруге тиіспіз.

Өткен аптада ардагерлердің Орталық Кеңесі Қарттар күніне орай Үндеу жариялады. «Халықаралық қарттар күніне орай республикалық ардагерлер ұйымы «Қарттарға қамқорлық» атты қайырымдылық акциясына шақырады.

Үлкенді сыйлау, қарияны құрметтеу дәстүрі қазақ халқының ежелден келе жатқан ата салты. Өмір жолын еліміздің гүлденуі мен дамуына арнап, маңдай терін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету – бүгінгі жас буынның басты парызы. Осы бағытта көмекке мұқтаж қарттарымызды ел болып қамқорлыққа алайық. Қарттарға қоғам болып қолдау білдірейік. Жұмыла қимылдап, елдігімізді көрсетіп, ардагерлерімізді ардақтауға атсалысайық!

Қадірлі отандастар! Баршаңызды 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай өз өңірлеріңіздегі ардагерлер ұйымдарымен байланыс жасап, қамқорлыққа зәру қарияларға көмек беруге, қайырымдылық жасауға шақырамыз» – делінеді Үндеуде.

Демек, жергілікті жерлерде зейнеткерлерге әлеуметтік, волонтерлік көмекті барынша күшейту, оларға тиісті күтім ұйымдастыру, үй-жайларын ретке келтіру, қысқа дайындық жасау сияқты мәселелерді толық шешу қажет. Жасы ұлғайған адамдарға ең керегі – ардагерлер ұйымы мен билік органдары тарапынан айтылатын жылы сөз, олардың еңбектерін қоғамның мойындауы, сыйластық көзқарас, сенімді қарым-қатынас қой. Сондықтан, алдағы айлық аясында осы мәселелерге басты назар аударған абзал. Ардагерлер ұйымдары, біздің барлық белсенділеріміз осынау жауапты кезеңді ойдағыдай өткізуге күш-жігерлерін салады, қарттарға нақты моральдық және материалдық көмек пен қолдау көрсетеді деп сенеміз.

Ақмола облысы әкімдігінің 2023 жылғы 18 қыркүйекте «Ақмола облысында қарт адамдар мен мүгедектігі бар адамдар әлеуметтік қолдау айлығын өткізу туралы» қаулысы қабылданды. Онда  зейнеткерлерді қыста отынмен қамту, тұрғын үйлерін жөндеу және мұқтаж адамдар санатын анықтау жөнінде жергілікті әкімдіктерге тапсырмалар берілген. Мысалы, ағымдағы жылдың 1 қазанында зейнетақы куәлігі болғанда қоғамдық көлікте тегін жол жүру қайырымдылық акциясы қолға алынбақ. Бұдан басқа да шаралар көп, арнаулы әлеуметтік қолдау жасау, азық-түлікпен қамту, әртүрлі мәдени шаралар өткізу жоспарланып отыр.

Барша аға буын өкілдеріне мықты денсаулық, шат тұрмыс, ұрпақтарының қызығын көре беруді тілейміз.

Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар