Жер және жылжымайтын мүлік бойынша бірыңғай деректер базасы жасалады

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Ақмола облысы бойынша филиалы директорының орынбасары  Марат Махметовтың  тіркеу және жер кадастры бөлімдерінің жұмысы жөнінде брифингі өтті.

Ағымдағы жылғы 5 сәуірде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Осы заң шеңберінде жер ресурстары мен жылжымайтын мүліктің бірыңғай базасын жер және құқықтық кадастрлар базасын біріктіру жолымен цифрландыру жөнінде түзетулер қабылданды. Жалпы, бұл Заңныңмақсаты жер заңнамасын жетілдіру, жер учаскелерін беру тәртібінің рәсімдерін оңайлату, жер қатынастары саласындағы қызметтерді цифрландыру арқылы қызмет алушылардың шенеуніктермен өзара іс-қимылын барынша азайту, сондай-ақ, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту болып табылады.

Брифинг барысында Марат Махметов жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтер көрсетуді автоматтандыру мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ«Мемлекеттік корпорациясы» жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесін іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілгенін мәлімдеді.

−Бұл жүйе ағымдағы жылы іске қосылды. Ол  екі дерекқордан алынған мәліметтерді қамтиды. Анығын айтсақ, олар «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік дерекқоры мен мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі,−деді өз сөзінде басшының орынбасары.

Бұдан бұрын Ауыл шаруашылығы министрі мен Әділет министрі «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесін жүргізу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы бірлескен бұйрыққа қол қойды. Аталмыш бұйрық 2023 жылғы 9 қыркүйекте қолданысқа енгізілді. Сондай-ақ, биыл  жердің барлық санаттарын беру «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» республикалық ақпараттық жүйесінде іске асырылатын болады. Бұл жүйені  енгізу жер учаскелерін онлайн сауда-саттық арқылы бөлуге мүмкіндік береді. Осылайша жер учаскелерін бұлай берумен байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жойылуы тиіс. Өтініштерді қарау цифрлық бақылаумен қамтамасыз етіліп, бұл әкімдіктердің негізсіз бас тартуларының жолын кесе алады. Аталмыш жүйені әзірлеуді және тестілеуді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік корпорациямен бірлесіп жүргізсе, «Ертісов» жүйесін облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері қолданады.

Сондай-ақ, спикер брифинг барысында заңға сәйкес жер учаскелерін берудің жаңа тәртібі тек республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар Көкшетау, Қосшы, Степногорск, Щучинск, Степняк, Ақкөл, Макинск, Ерейментау, Атбасар, Державинск, Есіл қалаларының шегінде ғана қолданылатынын атап өтті.

−Қалған аумақтарда, қалалар шегінен тыс жерлерде және ауылдық аумақтарда жер учаскелерін берудің ескі тәртібі қолданылатын болады,−деді ол.

Заң жобасында жер учаскелерін электронды түрде берудің екі әдісін ғана белгілеу ұсынылады. Біріншісі әкімдіктердің жеке тұлғалар мен мемлекеттік заңды тұлғаларға, сондай-ақ, жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға жер учаскелерін тікелей беру болса, ал,екіншісі, коммерциялық мақсаттар мен бизнесті жүргізу үшін аукциондар мен конкурстар арқылы жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға жер беру болып табылады. Алдағы уақытта аукциондар мен конкурстар тек қана электрондық түрде Қаржы министрлігінің бірыңғай электрондық сауда алаңында өткізілетін болады.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар