Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина жіті респираторлық вирустық инфекция, тұмау, қызылша және коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай жөнінде айтып берді.
Облыс бойынша ЖРВИ-ден эпидемиологиялық жағдай тұрақты, тұмау жағдайлары тіркелген жоқ. Ағымдағы эпидемиялық маусым басталғаннан бері пневмониямен ауыратын1 241 адам ауруханаға жатқызылды. Сонымен бірге, алдыңғы аптамен салыстырғанда, 38 апта ішінде ЖРВИ-ді жұқтырушылар саны 1,3 есе артты.
−Тұмау вирусы өте оңай таралады. Инфекцияның ең көп тарайтын жолы – ауа тамшылары. Тұрмыстық тасымалдау жолы да мүмкін, мысалы, тұрмыстық заттар арқылы. Жөтелу, түшкіру, сөйлесу кезінде науқастың немесе вирус тасымалдаушының мұрын-жұтқыншағынан патогендік микрофлорасы бар сілекей, шырыш, қақырық бөлшектері, соның ішінде тұмау вирустары шығарылады. Науқастың айналасында аэрозоль бөлшектерінің максималды концентрациясы бар ластанған аймақ пайда болады. Олардың таралу қашықтығы әдетте 2-3 метрден аспайды, − деді Айнагүл Мусина.
Әдетте тұмау өткір басталады. Инкубациялық кезең әдетте 2-5 күнге созылып, кейін жедел клиникалық көріністер кезеңі басталады. Аурудың ауырлығы жалпы денсаулық жағдайына, жасына, науқастың вирустың осы түрімен бұрын ауырғанына байланысты. Осыған байланысты науқас тұмаудың төрт түрінің бірін дамыта алады. Оларға жеңіл, орташа ауыр, гипертоксикалық тұмаулары жатады. Айнагүл Мусинаның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцинацияны тұмаумен күресудің жалғыз әлеуметтік және экономикалық негізделген шарасы деп санайды. Вакцинация ауруды 90 пайызға, ауруханаға жатқызуды 60 пайызға төмендетеді. Осыған байланысты, ол облыста тұмауға қарсы вакцинация науқаны басталатыны жөнінде айтып өтті.
Науқан 2023 жылдың 1 қазанында басталады. ЖРВИ мен тұмаудың ағымдағы эпидемиялық маусымына жергілікті бюджет қаражаты есебінен «Тұмау Плюс» вакцинасының 104 мың дозасы сатып алынды, бұл дозамен халықтың жалпы санының 13,2 пайызын қамтуға болады. Өткен эпидемиялық маусымда бұл вакцинаның 73 мың дозасы сатып алынды. Облыста аталған вакцина 5 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді.Вакцинадан кейінгі асқынулар тіркелмеген және ол тегін негізде жүргізіледі. Брифинг барысында қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайда сөз болды.
−2023 жылдың басынан бері Ақмола облысында қызылшаға күдікпен 46 жағдай тіркелді. Оның 29-ы зертханалық расталған. Соңғы аптада қызылшаға күдік жағдайлары тіркелген жоқ,−деді ол. –Бұл инфекциямен күресудің ең күшті, қолжетімді және тиімді әдісі вакцинация болып табылады. Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес балаларды қызылшаға қарсы жоспарлы егу 12-15 ай жасында және 6 жасында қайтадан жүргізіледі. Вакцинация эпидемиялық жағдайдың нашарлауы кезінде жасалса да, қызылшаның дамуына жол бермейді. Қызылшаға қарсы вакциналар 20 жылдан астам уақытқа созылатын сенімді иммунитетті қалыптастырады.
Сонымен бірге, Айнагүл Мусина коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылық ағымдағы жылдың басында тіркелген 232 жағдайдан қыркүйектегі 1 жағдайға дейін төмендегенін айтып өтті.
−Коронавирустық инфекцияға қарсы ревакцинациядан 242 033 адам өтті. Мамырдан қыркүйекке дейін 9 459 адам ревакцинацияланды. Облыста КВИ-ға қарсы «Vero Cell» вакцинасының 3 492 дозасы бар, вакцинация алу үшін емханаларға хабарласуға болады,−деп қорытындылады өз сөзін бас санитарлық дәрігер.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.