Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Думан Қалибековтің қатысуымен департаменттің 2023 жылғы үшінші тоқсанда атқарған жұмысы туралы баспасөз конференциясы болды.
Департамент «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларын іске асыру және №90 тарифтерді қалыптастыру ережесін, табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтік сметасын және инвестициялық бағдарламаларын орындау туралы есептерді талдайды. Бүгінгі таңда тарифтік сметаның және инвестициялық бағдарламалардың 1328120,60 теңге көлемінде орындалмауы анықталған. Оның ішінде, жылумен қамту, электр энергиясын тасымалдау, сумен жабдықтау, су бұруда көптеген орындалмаулар бар. Осылайша бұл сомалар тұтынушыларға уақытша өтемдік тарифті енгізу немесе болжанған өсімді төмендету үшін тарифтің кіріс бөлігінен алу арқылы қайтарылады.Ақмола облысындағы желілердің орташа тозуы: электрмен жабдықтау – 66,18 пайыз, сумен жабдықтау – 50,99 пайыз, кәріз желілері бойынша – 59,57 пайыз және жылу желілерінде – 55,67 пайызбен ерекшеленеді.
Осыған орай, департамент «Инвестицияға айырбас тарифі» атты жаңа тарифтік саясатты іске асыру мақсатында монополисттің өтінішін мұқият талдап, оның қатысуымен өткен қоғамдық тыңдауларда айтылған пікірлер мен ұсыныстарды ескере отырып, тұтынушылардың, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдерінің отырысында 2023 жылғы 1 шілдеден бастап, желілер ең көп тозған «Қызыл» деп аталатын аймақта орналасқан субъектілер үшін тарифтерді бекіту туралы шешім қабылдаған. Осылайша стратегиялық тауарлардың орташа еңбек ақы құнының және инвестициялық бағдарламаның өзгеруіне байланысты тарифтерді өзгертуге бірнеше субъектілер өтініш берген. Атап кетсек, «Көкшетау су арнасы», «Атбасар қоймасы», «Ерейментау су арнасы»,«Есіл Горкомхозы», «Көкшетау Энерджи» ЖШС, «Степногорск Теплотранзит» ЖШС қатарлы электр және жылу мекемелері сумен жабдықтау, қолданыстағы тариф, кәріз жүйесі және инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асырған. Берілген мәліметке сүйенсек, аталған серіктестіктер сумен жабдықтауды 70 пайыз, кәріз жүйесін 60 пайыз және инвестициялық бағдарламаны 100 пайызға орындаған.
– Бұл инвестициялар, желінің тозуын 2023 жылы орта есеппен 2%-ға азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар, тұтынушылардың инвестицияланған қаражатын бақылау қамтамасыз етіледі. Бұл ретте, 2024 жылға инвестициялық бағдарламаларды ұлғайтуға өтінімдер «Қызыл» аймақтағы субъектілерге қосымша «Сары» деп аталатын аймақта орналасқан субъектілерден де беріледі деп күтілуде, – деді өз сөзінде департамент басшысы Думан Қалибеков.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.