Саяжай қызығы – Көкшенің жүзімі

Талпынған мұратына жетеді екен. Жаз бойы жетім  тоқтының ұйысқан жабағы жүніндей бұлтының қабағы түксиіп тұратын Көкшеде бабы қатты, кірпияз жүзім өседі десек, сенесіз бе?

Көкшетау қаласының тұрғыны Вениамин Соловьевтың атағы жүзім өсірумен шыққан. Өзге де жеміс-жидекті молынан егеді. Ең басты жетістігі, ыстықты сүйетін, бұл өлкенің ауа райына көндіге қоймайды делінетін жүзім өсіргелі жиырма жыл. Игілікке бөгіп тұрған саяжай иесінің айтуына қарағанда, жүзім қайтпас қайсар жігерліге ғана өссе керек. Қала тұрғындары, оның ішінде саяжайы барлар жүзім өсетін жерді көруге әуес. Вениамин ағайдың айтуына қарағанда, жүзім өсірудің әдіс-тәсілдерін меңгеріп, ойға алған шаруасын іске асыру үшін қаншама әдебиеттерді ақтарған. Алыс-жақын жердегі жүзім егіп, жердің жүзін жылытқандармен сырласқан. Сөйтсе, жүзім өсірген жанға мықты шыдам, ерен еңбекқорлық керек екен. Айтса айтқандай-ау, ауылдағы ағайын уылжып тұрған жүзім өсіру былай тұрсын, қара жерге көме салсаң, қаптап шығатын картоп та еге алмай отырған жоқ па?!

Әлденеше рет тәжірибе жасаған, қателіктерін сарапқа салған. Ақыр соңында тау басынан құдық қазғандай қияпат еңбекпен көздеген мақсатына жеткен. Қазір кеудесін мақтаныш кернейді. Бір жақсысы, тәжірибесін жасырмай, жайып салуға, ұмтылған жанның қолтығынан демеп, көмектесуге дайын. Алғаш рет нәтижеге қол жеткізгенде төбесі көкке бір-ақ елі жетпей қалғандай қуанған. Енді қайтсін табаны күректей жеті жылғы еңбегінің нәтижесі.

–Солтүстік Қазақстанның ауа райына жүзімнің «Изабелла» деп аталатын түрі қолайлы, – дейді Вениамин Александрович, – бұл сұрып суыққа шыдамды. Біздің өңірдің табиғатына тез көндігетін бұл сұрыпты Америка селекционері Уильям Прикс шығарса керек. Тәтті жүзімнің атауын әйелінің құрметіне Изабелла деп атаған. Әрине, дәмі жағынан келгенде оңтүстіктің жүзімімен тайталаса алмас еді. Бірақ, соның өзінде де еңбекпен келген ырыс болғандықтан, дәмі тіл үйіретін болып көрінеді.

Тәжірибелі саяжай иесінің айтуына қарағанда, ең алдымен егетін сұрыпты анықтау керек екен. Қазіргі күні саяжаймен айналысу оңайырақ. Ерте көктемде алма, алмұрт тәрізді жемістердің тұқымы көптеп сатылады. Жүзім сұрпын ұсынатындар да табылады. Әйтсе де мен өзің нәтижесін  көзін көрген көршілерден алған жөн деп есептеймін. Өзі де осы ісін бастаған кезде бірнеше бұтақ қана алған екен. Төртеуі ғана тамыр жайған. Сол төрт түп жүзім бүгінде Көкшетауда осы жемістің атасы атанып отырған Вениамин Александровичтің көрген жанның көзін қызықтыратын бақшасының бастау көзі. Жүзім бағбанының жары Фаина Михайловна сонау студенттік жылдардан бері тынымсыз еңбекті жанына серік еткен Вениамин Александровичтің көмекшісі. Екеуі де маңдай терлерімен суарылып, жайқалып өскен жеміс-жидекті, әсіресе, гүлдерді жақсы көреді.

Несі бар, әдемі әрекет жұғысты болып, Көкше тауларының баурайында жайқалып жүзім өсіп тұрса, бір ғанибет емес пе?!

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар